| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Кие және киелі орын

А.Ж. Әбу

Кие – бұл әр қазақтың өміріндегі салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен қатар байланысқан, бүгінгі тұрмыстық өмірімізде қатар келе жатқан ұғым. Кие деген нәрсе табиғатта ағаш (яғни өсімдікте (ол дара ағаш немесе бірнеше түп болуы мүмкін), тас (тау, төбе), су (өзен, көл), жан-жануарда болатын нәрсе. Кие ұғымының қалыптасуын ертедегі адам баласының табиғат сырын түсінбеген кезімен байланыстыруға да болар. Сондай-ақ, кие мәнінің астарын тотемизм, фетишизмнен де қарастыруға болады.

Киелі орын (священное место) – ол нақты географиялық объекті (ол тау, көшпелілер үшін жайылымды жер, көл, өзен, шатқал, асу т.б. нәрсе болуы мүмкін) болғандықтан белгілі бір тайпаның, ұлыстың немесе бір рулы елдің (рулас ағайын адамдардың) әруақтары мәңгілік жай тапқан орын да болуы мүмкін. Көптеген жағдайларда киелі орындарда «түрлі» ғұрыптық шара, іс-әрекеттер жасалады. Мысалға: қасиетті тау немесе ондаған жартас бетіне сурет салынған таңбалы тастары бар орындар ру-тайпалық иелік болуы да; тіпті байырғы уақыттан бері дәстүрлі түрде барша қауымның арғы-бергі аталары жерленген қорым немесе ол жыл сайын ас беріп, құрмет білдіретін орын болуы (мұндай географиялық объектілер елдің түсінігінде құт қонған жер ретіндегі мәнге ие) мүмкін.

Киелі орындар туралы ұғым – ол, сол маңды қоныстай жайылған елдің таным-түсінігінде (санасында) сол (аталған) жердің қасиеті мен киелілігі танылып, көпшілікпен мойындалғаннан кейін ғана қалыптасқан. Киелі ұғымның қалыптасуы кейінгі орта ғасырлар тұсынан бастап халық арасында басым орын алды. Себебі, осы кездің өзінде шағын ғана аумақтағы жерлерде түрлі тарихи кезеңді қамтитын әр-алуан ескерткіштер шоғыры молынан топталып, тіпті жіктеле де бастады.

Киелі орындар туралы ұғымды бүгінгі елдің таным-түсінігінде сол жердің қасиеті мен киелілігіне қоса, өнері мен қадыр-қасиеті, ақылдылығы мен көрегендігі, елді соңынан ерте білетін асқан қабілет, дарын иесі (Әбілқайыр, Абылай хан, Исатай, Махамбет, Сырым батыр сияқты) болумен ел сыйлысы болғандықтан ол көпшілікпен мойындалып, елге танылған (біртуар) атақты адамдардың (Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім) туып-өскен жерлері де ел аузында қасиет дарыған, киелі жер деп те айтылып жүр. Осы қатарда мәселен, Сырдарияның төменгі ағысы саналатын Қызылорда облысын – «Сыр елі – Жыр елі», жырдың бір түнеп өткен жері деп атау ел аузында жиі айтылады және оған қоса , барша түрік жұртының Атасы атанған, көреген данышпаны болып танылған Қорқыттың өзі сан-алуан тақырыпқа арқау бола алады.

Киелі орынның киелі болуы – ондағы кешеннің халықтың санасында туған діни-мифологиялық таным-түсінік, ғұрыптық әрекеттердің және оның ертедегі ескерткіштермен қаншалықты байланыстылығында. Оны біз былайша түсіндіріп көрсек, таңбалы тас кешені және өзге де ғұрыптық кешенді тұрғызушы қандай да бір тарихи тұлғаның немесе халықтың (ол кешен мысалға: ғибадатхана, мешіт, некропольдік: пирамида, кесене, мазар, сағана там, күмбезді түрлі құрылыс, қорымдарда болуы мүмкін) өз дүниетанымында пайда болған, өлілерге көрсеткен құрметін, тарихтың қилы кезеңін сипаттайтын петроглифтер немесе қандай да бір билік жүргізушінің өзінің өзгелер алдындағы үстемдігін көрсетуі, оны әлемге паш етудегі бәлкім, өз ойынан жасаған, тудырған дүниесі болуы мүмкін. Осы сөзімізге келтірер дәлеліміз: Жер жәннәті деп аталған Жетісу жеріндегі «Таңбалы тас» кешені, Орталық Азияда ілеуде біреу саналатын Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи бабамызға арнап салдырған кесенесі, Маңғыстаудағы қазақтың пірі – Бекет атаның қолмен қашап жасаған жер асты мешіт және ондағы зікір, қылует бөлмелері, әлемнің жеті кереметіне саналатын Мысыр (Джосер, Хеопс, Хефрен) пирамидаларды, Семирамиданың аспалы бағы, Александрия бағдаршамы (маягі), Ирандық Бехустин жартасындағы жазбалар сияқты т.б. дүниелерді атап айтуға болады. Мойындау керек, киелі мәселесі әлі де болса өзінің ғылыми шешімін тапқан жоқ. Ал, әлемдік классикалық діндерде осы киелі орындарға барабар тіпті, сәйкес келетін «қасиетті орындар» деген түсінік бар. Ғылымда: киелі орынға қояр және оны таңдап алуда қандай да бір критерийлер бар ма – деген сауалдың өзі әлі де болса жауапсыз, аз зерттелген мәселе.

Ғибадатхана (Святилище, Культовое место) – құрмет тұтар (зиярат етер) обьектілердің жиынық кешені, біртұтас территориялық шекарада яғни, онда құрбандық шалу және зиярат етер әрекеттер жасайтын орын.

Исламнның қарапайым халық (яғни, қазақ) арасында таралуы мен қалыптасуында суфизм (сопылық) – мұсылман местицизімінің алар маңызы зор. Суфизм идеялары мен дәстүр-белгілерінің исламға дейінгі жергілікті елдің наным-сеніміне жақындығы мен ел арасында жақсы бедел жинады. Суфизм исламдағы әулиелер мен қасиетті орындарды құрмет тұту дәстүріне шешуші ықпал ете, киелі орындарға зиярат жасауды ұсынды, әрі қазақ арасындағы исламға дейінгі көптеген наным-сенімдердің сақталуына маңызды рөл атқарды. Оның бүгінгі күндегі көрінісі бейресми дін өкілі атанған (ишан, қожа, шырақшы, диуана, сопы) әулиелерге табынудан, ежелден сақталған бақсылық тәжірибеден байқалады.

Халық арасында, соның ішінде қазақтың дінге сенуінде маңызды орын алған – әулиеге табыну, исламдағы жаңа дін рухына сәйкес, жаңа пайымға әкелген көптеген құдірет күштер туралы ұғымдарды сақтаған ежелгі идеялардың ықпалымен қалыптасты.

Қазақстанда ресми исламға байланысты әулиелер - Әбубәкір, Омар, Осамн, Әли; сопылар- Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан-баб; және қазақ тайпаларының ру басы болған әулиелер – Бәйдібек ата мен Домалақ ана, исламға дейінгі от пен су (Ұмай Ана, Йер-су) және табиғат культі болған көптеген қайнар мен таулы шыңдар, ағаштарды құрмет тұтуға байланысты (Әулие бастау, Қазығұрт, Жылаған ата сияқты және т.б.); арнайы кәсіпке қамқоршы әулиелер-қазақ бақсы мен күйшілерінің пірі әйгілі Қорқыт, қазақ батырларының сүйеушісі Баба түкті Шашты әзіз, Диқаншылық қорғаушысы – Диқан баба, қойшының пірі - Шопан ата кеңінен танымал және зор құрметке ие болған. Әрі осы қасиетті орындар ел ішінде әлі де қажылық сапар жасайтын орын қатарында болып отыр.

Исламға дейінгі ұғымның көптеген элементтерін бойына сіңірген қазақы әулиеге табыну өзінің негізгі идеялары жөнінен ислами рухты білдіріп, оның орнығынуына көмектесті. Өйткені, ел арасындағы ислами ықпалдың әсері белгілі бір дәрежеде аңыздар мен әңгімелерден де байқалады. Әулиелерге табыну рәсімінде дұға ғана ресми исламға сәйкес келеді. Негізінен ғибадатта да, тәу етудегі сапарлар рәсімдері де исламға дейінгі діни іс-әрекеттер негізінде – анимистикалық наным-сенімде, сиқыршылық, табиғат күші мен құбылыстарының, ата-бабаларға табыну және бақсылық негізінде қалыптасты.

Қазақ арасында исламдық және исламға дейінгі дәстүрдің өзара ықпалдасуы ислам дін басыларының жергілікті ежелгі дін ұстанушылармен белгілі бір дәрежеде өзара қарым-қатынастарының болғандығын көрсетеді.

Бүгінгі қазақи тұрмыс-тіршілікте әдет-ғұрып, салт-дәстүрдегі ислам және оған дейінгі өзіндік байырғы дүниетаным әлі де болса зор маңызға ие. Тіпті, бүгінде жерлеу, еске алу ғұрыптарында бөтен элементтерден исламды тазарту деген талпыныс орын ала бастағаны да байқалады. Қазақ арасында бұл күндері «неке қию» тәрізді отбасын құру дәстүрі де кең тарай бастаған.

Ал біздегі, көптеген мешіттердің қасиетті орындар мен әулиелерді пір тұтуға деген қарсы көзқарастары мен пікірлері уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Ол аз болса жер-жерлерде нағыз мұсылманның әулиелерге табынуына шектеу қою қажеттігі түсіндіріліп келеді. Бұқаралық ақпатар құралдарында шариғат, аят-хадис, діни лекцияларды оқуы негізінде жинақталған тәжірибеге арқа сүйеп, оның қағидаларын басшылыққа алуда. Бұл үрдіске институт ретінде мүфтиат белсенді түрде қатысып келеді. Салыстырып айтар болсақ, жыуырда ғана жаңадан ашылған діни оқу орындарында мақсатты түрде діни қызметкелердің білімін жетілдіруде. Себебі, бұған себепші бүгінде Қазақ елінің солтүстік аудандарында мұсылман болуға ұмтылушылардың тиісті деңгейде білімдерінің жоқтығы да әсер етуде.

Қалай болғанда да қазақтың тқрмыс-тіршілігінде исламға дейінгі дәстүрдің қалдық-жұрнақтары өзін діни синкретизм ретінде, тұрмыстық немесе халықтық ислам ретінде көрініп, исламмен әрекетке түсе өзінің өміршеңдігін жалғастырып келеді. Бүгінде қазақи исламды этникалық символдың құрамдас бір бөлігі етіп қарап, дәстүрлі мәдениеттің ажырамас бөлшегі ретінде қайта жаңғыртылуға талпыныс, елдің ұмтылысын оның қазіргі жаһандану заманындағы жұртымыздың өзін ұлт етіп сақтаулағы басты жетістігі (өзінің заман ағымына сай, алдыға жүрер бағытын дұрыс тапқандығы) деп айтуға болады.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Ажигали С.Е. Религиозность и обрядность сельчан Казахстана в ближайшей ретроспективе: Жетысу, середине 80-х гг. // Обычаи и обряды казахов в прошлом и настоящем. Сб. Статей. Алматы, 2001.

2. Амантурлин Ш.Б. Пережитки анимизма, шаманства, ислама и атеистическая работа. Алма-Ата, 1977.

3. Басилов В.Н., Кармышева Б.Х. Ислам у казахов (до 1917 г.) – М., 1997.

4. Валиханов Ч.Ч. Тенгри (бог) // Собр. соч. В пяти томах. Алма-Ата, 1984. Т.1.

5. Гольдциэр И. Культ святых в исламе (Мухаммеданские эскизы). М., 1938.

6. Дыренкова Н.П. Получение шаманского дара по воззрениям турецких племен // СМАЭ АН СССР. 1917. Вып.ІХ.

7. Кукашев Р.Ш. К образу лебедя в казахском шаманстве // ЭО. 2002. №6

8. Лыкошин Н.С. Полжизни в Туркестане. Очерки быта туземного населения. Вып. 1. Пг., 1917.

9. Малов С.Е. Шаманский камень «яда» у тюрков Заподного Китая // СЭ. 1947. №1.