| КАЗ | РУС | ENG


Меню

«Қобланды Батыр» жыры этнографиялық дерек көзі ретінде

С.Б. Ыбыраев

Оқу мен жазудың жоқтығынан жазылған шежіре болмаған. Естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан ауыз алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Батыс пен Шығыстың тоғысқан жерінде өзіне тән, ерекше мәдениетін қалыптастырған, Далалық өркениеттің негізін салған қазақ халқы тату-тәтті өмір кешуде. Бұл елдің тарихын сарғайған сары парақтардан кездестіруге болғанмен, нағыз өзінің немесе өзі жазған төл тарихын қағаздан табу қиынға соғары анық. Ал оның тарихын оқи алу үшін жазу-сызуды білу, тілді білу, ғылымды білу жеткіліксіз, ол үшін қазақтың сырлы руханиятын білмек керек.

Атақты тарихшы Е. Бекмаханов: «Фольклорлық материалдың маңыздылығы сонда, ол тарихи оқиғалар мен жеке адамдарға дәл және көбінесе дұрыс бағасын береді, себебі тарихты жасаушы және суреттеліп отырған оқиғалардың тікелей қатысушысы халықтың өзі болып табылады.»i – десе, Е. Бекмахановтың ойын белгілі фольклортанушы О. Нұрмағамбетова жалғастыра отырып: «В его фольклорном репертуаре наряду с песнями, сказками, пословицами и поговорками имеется много традиционных эпических произведений, отражающих жизнь и историю казахского народа с древних времен до наших дней.»ii – дейді. Алаштың бір туар азаматы Ә. Бөкейханов: «Тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны – жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол заманғы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған аспаптарынан; сөздерінен білінеді. – Анық тарих – осы екіншісі. Бұған жем нәрселер (материал) жақсы, шын ақындар шығарған, бұзылмаған жырларда болады.»iii

Сонымен осы фольклордың маңыздылығына келген уақытта ғалымдарымыздың ойы бір жерден шығып отыр. Халықтың тұрмыс болмысын, рухани мәдениетін көрсеткен тарих қана анық тарих екеніне біз де толығымен қосыламыз. Ал ондай тарихты біздер қайдан оқи аламыз? Міндетті түрде жырлардан, шежірелерден, мақал-мәтелдерден, аңыз-әңгімелерден, тіпті әжеміздің қызықтыра айтқан ертегісінен, анамыздың ыңылдап айтқан бесік жырынан да ести аламыз. Себебі сол жыр я аңыз-әңгіме т.б. өзінің пайда болған уақытының көңіл-күйін білдіреді. Әрине фольклорда таңғажайып эпизодтар да өте көп кездеседі. Ол айтушының әңгімелеп отырған ертегі, аңыз, әңгімесінің, немесе жыршының жырлаған жырын әрлендіріп, көркемдейтін, тыңдаушысын қызықтыру үшін міндетті түрде қосылатын алынбас элементтер. Сондықтан осы жерде кәсіби тарихшылардың рөлі артады. Бұл жайында А. Байтұрсынов: «Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын, сымға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді»iv - дейді. Фольклорды зерттегенде де тарихшылардың соның ішінде әсіресе деректанушылардың еңбегі зор болмақ. Себебі, деректанушылар дерекке салынған артық жерлерін ажыратып, сынға салып, тек шындыққа жақын мәліметтерді алады.v

Қазақ халқының анық тарихынан мәліметтер беретін, оның ішінде этнологиялық құнды деректер алуға болатын кен қазынамыз – фольклор. Филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов бұл мәселеге байланысты ойын тыңдасақ: «Фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді... халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындап, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді... Фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді»vi - дейді.

Халықтың жадында сақталып, атадан балаға ауыздан-ауызға беріліп келген басты мұраларымыздың бірі – батырлар жыры. Батырлар жырын филологиялық тұрғыдан зерттеп жүрген ғалымдарымыз баршылық. Бірақ әлі күнге дейін Қазақстан тарих ғылымы тұрғысынан өз орнын алған жоқ. Оның себептері де белгілі. Бірақ бүгінгі таңда батырларымызды дәріптейтін, жоғымызды түгендейтін уақыт жетті.

А. Байтұрсынов: «Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме; халықтың батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертегі жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққанын байқаймыз»vii. Яғни халықтың ішкі тарихын, рухын, мәдениетін тану үшін батырлар жырына баса көңіл аударуымыз қажет. Мысалға, «Қобыланды» жырын этнологиялық дерек көзі ретінде қарастырсақ. Негізінде аталмыш жырдың көптеген нұсқалары бар. «Қобыланды жырын» терең зерттеп, қазақ, орыс тілдерінде еңбектер жазып, докторлық диссертациясын қорғаған, қазақтың аяулы қызы Оразгүл Нұрмағанбетова былай деп жазады: «Қазір қолымызда «Қобыланды батыр» жырының (жыр, ертегі, аңыз-әңгімелердің бәрін қосқанда) 29 нұсқасы бар. Мұның 26-сы Қобыланды батыр жайындағы жырлар, аңыз-әңгімелер де, 3-і Қобыланды батырдың балалары жайындағы жырлар».viii Көріп отырғанымыздай жырдың көптеген нұсқалары бар. «Қобыланды батыр шынайы тарихи тұлға. Ерліктің символына айналған тарихи қайраткер. Қазақ халқының қаһармандық жырындағы ең танымал батыр, қазақ эпосына кейіпкер болған тарихи адам.

2006 жылдың 26 тамызында Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батырдың сүйегі қайта жерлеу рәсімі өткізілді,»ix - дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Е. Құрманбеков. Яғни «Қобыланды батыр» жырының маңыздылығы да сонда оның өмірде болған батыр екендігі. Сондықтан жырда міндетті түрде сол кездің өмірі жайлы құнды мәліметтер кездесетіндігі.

Мақаламызда Әлихан Бөкейхановтың «Қара қыпшақ Қобыланды» атты сын рецензиясын айналып кете алмаймыз. Қобыланды батыр өмірде болса онда оның қай уақыттарда өмір сүргенін анықтауды қажет етеді. Ә. Бөкейханов: «Сондағы Тоқтамыс ханның тоғыз батырының біреуі қара қыпшақ Қобыланды:

Қараңғыда жол тапқан,

Қысылғанда сөз тапқан.

Тайқазан қақпақ жауырынды,

Қолағаш тоқпақ айдарлы,

Кісі ақылына ермеген,

Қиын жолға жүрмеген;

Қара Қыпшақ Қобландым.

Хан Тоғымға не дейсің?

Тоқтамыс хан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен. Бұл Ақсақ Темірмен соғысып, жеңіліп қашқан. Бұл Қобыландының ісі XIV ғасыр ортасы болуға лайық...

Арғынның атасы Дарқожа Абілхайыр ханның қазысы екен. Ғаділ билік айтқанынан Ақжол атанған. Қара қыпшақ Қобыланды да ханға сүйкті екен. Сондықтан бұл екеуі күндес болған. Күндестікпен Қобыланды батыр Ақжолды өлтіріп кеткен. Әз Жәнібек хан Қобыландыны өлтірем деп сұрағанда, қалың қыпшақ бұзылады деп, Абілхайыр хан бере алмаған. Шәкәрімнің жазуынша, «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным» деген қазақ мақалы Ақжол атасы Құдан жылауынан қалған. Бұл екі ханның заманы 1450-інші жылдар. Бұған қарағанда Қобыланды 15-ші ғасыр ортасындағы жігіт болады. Онда Тоқтамысқа жігіт бола алмайды. Мұны Едіге жырына ақын қосқан болады»x деген пікірлер айтады. Ш. Уәлиханов: «Қазақ, қырғыз, өзбек, ноғайдың ауыз әдебиеттерінің бір түрі батырлар туралы жырлар. Бұлардың көбі Алтын Орда дәуірінде болған тарихи адамдар туралы. Соған қарағанда бұл жырлар XIV ғасырдың ақырында, XV-XVI ғасырларда жасалған сияқты...», - дейді. «Қобыланды батыр Ақжолға тұстас болса, оның жорықтары 15-інші ғасырда болған. Жақсы, көркем жырда сол уақыттағы қазақтың болмыс-салты көрініп тұруға лайық», - деп Ә. Бөкейханов айтқандай, жырда қазақ халқының орын алған тұрмыс-салт, қару-жарақ, мал атаулары, халық, ру-тайпа атаулары және т.б. мәселелерге көңіл аударсақ.

Зерттеп отырған қандайда бір деректі ғылыми айналымға қосу үшін деректанулық сыннан өткізу қажет, оның маңызды шарасының бірі – сыныптау. Белгілі деректанушы ғалым Қ. Атабаев бұл мәселеге байланысты: «...тарихи деректер теңізінде дұрыс жол табу, тарихи зертеулерде оларды тиімді және пайдалы етіп қолдана білу қажеттілігі оларды сыныптау проблемасын туғызады. Басқаша айтқанда, деректерді ортақ қасиеттері бар, бірақ бір-бірінен ерекше белгілермен айырылатын категорияларға бөлу.»xi - дейді.

Енді «Қобыланды» жырындағы этнологиялық деректерді сыныптағанда төмендегідей нәтиже алдық.

  1. Салт-дәстүр

  2. Діни дүниетанымы

  3. Қару-жарақ аттары

  4. Жер-су атаулары

  5. Төрт-түлік малдың түстері, атаулары

  6. Уақыт айырулары

  7. Ойын-сауық

  8. Ат әбзелдері мен құрал-саймандары

  9. Халық, ру-тайпа аттарының атаулары

  10. Кәсіптері

  11. Киім-кишек

  12. Таңбалары

  13. Адам аттары

  14. Тамақ атаулары

  15. Дәрі аттары

  16. Шөп атаулары

  17. Салық түрлері

Жырда қазақ қоғамының тұрмыс-салты туралы көптеген мәліметтер кездеседі. Қазіргі уақытта біздер салт-дәстүрді өткеннің бір сарқыншағы ретінде қарасақ. Ол кезде салт-дәстүр заң қызметін атқара отырып, табиғатқа, қоғамға т.б. деген дүние танымды құрайтын. Мәскеуде 1975 жылы Н.В. Кидайш-Покровская мен О.А. Нұрмағанбетованың құрастыруымен қазақша және оның аудармасы берілген «Кобланды-батыр» атты кітап жарық көрген. Мақаламызда негізінен аталмыш еңбекке сілтеме жасаймыз.

Дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі - әмеңгерлік. Жырда Қобыланды батыр жауға аттанып бара жатқанда қалыңдығы Қыз Құртқаның жылап тұрып айтқаны:

Сіздер сұңқар, біз қарға,

Сіз алыстан келгенде,

Ажырайып қарауға

Жарамаймын бетіңе.

Аға-інің сенің жоқ,

Жазым болып келмесең,

Мен күйермін дертіңе. (89 б)

Бұл жолдардан анық байқайтынымыз Қобыландының аға-інісі жоқ болғандықтан Қыз Құртқаның әмеңгерлікке алар ешкімнің жоқтығы, Құртқаның күйіктен жылауына себеп болып тұр. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайнағасына немесе қайнысына, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі қажет. Әмеңгерлік институтының тек әлеуметтік-құқықтық қана емес, сондай-ақ тәрбиелік-гуманистік мәні де зор болғанxii.

Ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз – бата. Тарихымыздан белгілі бұрынғы батырлар, жолаушылар би-абыздың я үлкеннің батасын алмай жауға немесе жолға шықпаған. Қазақта «батаменен ер көгерер» деген мақал осының айғағы. Жас Қобыланды қызылбас еліне аттанбақ болып, Қыз Құртқаның бақан үстіне ілдірген алтын теңгесін атып түсірмекке шығарда тоқсан құлдың басшысы Естемістен бата сұрағаны:

«Батаңды бер, көке», - деп

Алдын-артын орады.

Жад қыламын, Естеке,

Жеті кәміл бабаны. (68 б)

Естемістей еріңнің

Таусылғасын амалы

Батасын беріп қол жайып

Жад қылады Құданы. (68 б)

Осылайша Естемістен бата алып аттанған Қобыланды алдына қойған мақсатына жетіп, Қыз Құртқаға қосылады.

Жырда көптеген қазақ дәстүрлерін кездестіруге болады. Оның ішінде: көрімдік, шашу, сүйінші, балаға ат қою т.б. сиқты бүгінде өшпеген салт-дәстүрлеріміз сипатталады.

VII ғасырдан Араб түбегінен әлемге тараған ислам өркениеті қазақ халқына да тереңнен сіңген. Негізінен түркі халықтарының дүние танымы діннен соның ішінде ислам дінінен бастау алады. Сондықтан да ұлттық фольклорымызда дін элеметтері көптеп кездеседі. Солардың бірнешеуін қарастырақ:

Әулие қоймай қыдырып,

Етегін шеңгел сыдырып,

Жеті пірге танысқан.

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,

Қабыл болған тілегі... (65 б)

Ортасы түннің болғанда

Көзі ілікті ұйқыға.

Мезгілі таңның жеткенде,

Көк есегі астында,

Ақ сәлдесі басында,

Сырлы асасы қолында,

Өзі хақтың жолында,

Он сегіз мың ғаламның,

Он бесі бар қасында... (148 б)

Жырдаға «Әулие», «пір», «Қорасанға қой айту», «ақ сәлде», «таң мезгілі», «сырлы аса», пайғамбарлардың, сахабалардың, пірлердің есімдері барлығы қазақ халқының терең діни білімі болғанын және оны өмірде ұстанғанын көрсетеді. Бұл барлық фольклорлық, әсіресе батырлар жырында анық көрсетіледі. Мысалға, «Ер Сайын» жырында төмендегідей жолдар кездеседі:

Күні-түні зарлады,

Кең сарайға бармады.

Көтеріп басын алмады,

Сол жылаудан танбады.

Жылауменен бай жатты,

Қызарып барып күн батты.

Сарғайып барып таң атты,

Таң атса да бай жатты.

Молдалар азан айтқанда,

Бинамаз ұйықтап жатқанда,

Ақ сәлделі бір адам

Жетіп келді қасына,

Таянып келді басына.

Екі қойны толыпты

Бозмұнайдың сол күнде

Көзінен аққан жасына.xiii

немесе «Алпамыс жырында» аталарымыз әулиенің басына барып дұға қылудың мақсатын, себебін тайға таңба басқандай етіп ашықтап береді:

Көздері мызғып ұйқыға...

Әне-міне дегенше

Сарғайып келіп таң атты.

Сол уақыттар болғанда

Көк есегі астында,

Сырлы асасы қолында

Өзі ақтың жолында....

Ей, бейшара мүгедек,

Жаныңызға не керек?

Дейсің ғой маған ұл керек,

Әулиені қыдырдың?

Жердің жүзін сыдырдың?

Маңдайыңа төбелеп?

Әрқайсысының әртүрлі

Мәртебесі бір бөлек.

Сен үшін бәрі қиналды?

Бір жерге тегіс жиналды?

«Бір ұл бер» деп осыған

Бір жаратқан Құданың

Тура өзіне жылады.

Мен де тұрдым ішінде...

Жаратушы жалғыз-ақ

Дергейіне ұнады.

Ұнағанын сонан біл

Бір қыз қосып сыйлады.

Сексен сегіз серулер,

Тоқсан тоғыз мың машайық

Бәрінің көңілін қимады.

Менің атым Шашты Әзиз,

Қыламын десең ықлас,

Жарылқады Жаратқан,

Ей, бейшара, көзіңді аш!»xiv - дейді. Осындай жыр жолдарымен барлық қазақтың фольклоры тұнып тұр. Яғни қазақ Құдайдан басқаға, ешқандай затқа сыйынбаған, әулиенің басында Алланың нұры түсіп тұратынын жақсы білген. И. Ю. Крачковскийдің Құранның орысша аудармасындағы Шу ара сүресінің 83 аятында: «Господь мой, дай мне мудрость, и присоедини меня к праведникам»xv (26:83) немесе Тәубә сүресінің 119 аятында айтылады: «Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар.»xvi - дейді. Ал, Алланың шыншылдары, салихтары дегендеріміз кімдер? Әрине, олар пайғамбарлар, әулие-әмбиелер, шайх-машайықтар. Яғни, Алла Тағаланың Өзі біздерге салих, дос құлдарымен бірге болуды бұйырады. Олардың біздерге қалдырған өсиеттерімен, үлгілерімен жүріп-тұруымыз керектігін баяндайды. Исламтанушы ғалым, әрі имам В. Порохованың «Хадисы Пророка» деген хадистер жинағында: «По свидетельству Абу Хурейра (да будет Аллах благосклонен к нему!), который передал нам слова Посланника Аллаха (да будет на нем благословение и мир Аллаха!) о том, что Аллах (да будет Он могущ и возвышен!) сказал:

...А когда Я возлюблю его, Я стану ушами, которыми он слышит, и стану глазами, которыми он видит, рукой, который он наносит удар, и ногами, которыми он ходит. И что бы он ни попросил Меня, Я непременно дам ему это, и, если он попросит Меня убежище, Я непременно дам ему его.» Бухари.xvii Алла Тағаланың Өзі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы айтады, Менің сүйікті құлдарымның (яғни, бұл жерде әулиелер туралы айтып отырғаны хадистан анық байқалады) қандай да болмасын дұғасын қабыл қыламын, сұрағанын беремін деп уәдесі туралы айтылады. Жоғарыда келтірілген жырдан, (ал ол жыр халқымыздың дүниетанымы, аталарымыздың үні) әулие бабаларымыз ешқандай Құранның, я хадистің үкіміне қарсы келмегенін анық байқаймыз.

Өмірінің көп уақытын жаугершілікпен өткізген, соғыс өнері биік деңгейге жеткен көшпенділердің қару жасау шеберлігі де жоғары болады. Әдеби ескерткіштер мен бейнелеу өнерінің жәдігерлеріне сүйенсек, көшпенділер қолданған қарулардың көптеген түрі, әртүрлі қолдану әдістерін көреміз. Бейнелеу өнері, археологиялық қазбалары мен мұражай экспонаттары қарулардың пішіні мен олар жасалатын материалдардан, ал халық ауыз әдебиеті қарудың жасалу жолдары мен олардың атауларынан көптеген мәліметтер береді.xviii

Арыстан туған Қобылан

Қазнадан қамқа киеді. (66 б)

Батыр өлсе, мұрагері өскенше қаруды сандыққа салып сақтаған. Ер жетіп, жорыққа шығарда баласы оларды осы сандықтан алып бойына асынады. «Қобыланды жырындағы» «қазына» сол сандықты білдірсе керек.

Үстіне сауыт кигізді,

Жанына байлап болатты,

Беліне садақ ілгізді. (68 б)

Әр қаруды жеке асынған кездерде олардың денеге ілінетін орны ауысып отырады. Өнер жәдігерлеріне сүйенсек, қаруды асыну түрлері мыналар: мойынға асыну, иыққа, қолдың қарына, білекке ілу, белге байлау, белге қыстыру т.б... Тілімізде денені оқтан, қарудан қорғауға қолданылатын жарақты «сауыт» деп атайды. Ауыз әдебиетінде сауыттың синонимі ретінде «тон» сөзінің қолданылуы оның алғашқыда сырт киімді сүйекпен, түрлі металмен күшейту арқылы пайда болғанын көрсетеді.

Құртқа сұлу батырға

Қарағай найза саптатты.

Алмас қылыш соқтырып,

Күмістен қыныш шақтатты. (78 б)

Найзаның сабы әр түрлі ағаштардан жасалып, соған байланыстыра «қайың найза», «ырғай найза», «емен найза», «қарағай найза» деп, қызыл түске бояп, соған байланыстыра «сырлы найза», «қызыл найза» деп бөледі.xix Қобыландының қолындағы найза, байқап отырғанымыздай «қарағай найза». Жырда сауыт-сайман, қару-жарақ туралы көптеген атаулар келтіріледі. Олардың неден жасалғандығы, түрлі бөлшектерінің атаулары бүгінгі күннің құнды мәліметтер санатына жататыны ақиқат.

Жырда көптеген әлі де терең қарастыруды қажет ететін, мәліметтер өте көп. Олардың қатарында әсіресе жер-су, халықтың, ру-тайпалардың, салық түрлері, жылқының түр-түсін, жас белгілерін айыру, уақыт айырулары этнологиялық дерек ретінде ғалымдарды қызықтыратыны сөзсіз. Мысалы, салық түрлеріне байланысты Қыз Құртқаның аузымен айтылған мынадай сөздер бар:

Көтере алмас кедейлер

Жылына бір қой салықты. (86 б)

немесе қызылбас ішіндегі салықтың ақшалай түрі болғанын көреміз:

Отыз төре қызылбас,

Үй басына он сомнан

Жатып жеген бейбақтар. (116 б)

Жер-су атауларынан Қобландының Батыс Қазақстан, қазіргі уақытта белгілі болып отырғандай Ақтөбе облысында мекендегені анықталды. Әрине жырда Оңтүстік Қазақстанның, Жетісу жеріндегі тау, су аттары да кездеседі. Мысалға, дастанда Сырлы қала Ж. Артықбаевтың зертеуіншеа Ертіс бойында орналасқан.xx Таңбаларға байланысты:

Әліп таңба қыпшақтың

Атағы озған алаштан. (65) – деп келетін жерін алатын болсақ, «Әліп таңба» дегені араб графикасындағы алиф (І) әріпі, ал, бізге белгілідей қыпшақтың қазіргі таңбасы қос алифті (ІІ) мүмкін бұл айырмашылыққа жыршы кінәлі шығар немесе бастапқыда қыпшақтар шынымен әліп таңбалы болар. Бұл да әлі зерттеуді қажет ететін мәселердің бірі.

Енді жырда кейбір мәселелердің сол уақыт шындығымен жанаспайтын жерлері де кездеседі. Оны Ә. Бөкейханов өте жақсы ашып бере алған.

Ай астына аспанға

Құрды бақан қақтырып,

Алтын теңге аттырып,

Теңгені атып түсірген

Құртқаны сұлу сол алар. (67 б.)

Құйған шайдан ішпей, ашытқан балдан ішіп, «мен малдың хабарын біліп келейін», - деп, жүріп кетті. (76 б)

Арымасын деп, талмасын деп,

Маңқа, қолқа болмасын деп,

Жеміне қосып, Қыз Құртқа,

Қызыл дәрі жегізді. (76 б)

Жоғарыдағы жолдарға ол мынандай сын айтады: «Құртқаның тойында қырық кез Қызыл батыр Қобыландымен теңге алысып ойнайды. Бұған кім нанар? Қобыланды батыр көкпар тартып, аударысып ойнаушы емес пе еді. Теңге алысып ойнау жаңада шыққан жоқ па?

Арымасын деп Тайбурыл ат жеміне қызыл дәрі қосып жегізеді. Қобыланды ашытқан бал ішеді.

Қазақ атқа дәрі байлап, ашытып бал ішкен бе? Бұл бергідегі ақынның жырға қосқан, бал ішкен жұрттан алған жұқпасы болар»xxi - дейді. Әр жырдың өзінің қоспалары болады, тарихшылар алдында осы қоспаларды шындықтан ажыратып, халыққа шындыққа жақын мәліметтер беру проблемасы тұр.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда «Қобыланды батыр» жыры болсын я басқа эпостық жырлар болсын әлі де қазақ тарихының негізгі дерек көзі ретінде толығымен өз орнын алған жоқ. Фольклордың халқымыздың этнологиялық дерегі ретінде де құндылығы зор. Сондықтан да тарихшылар алдында ғылыми тұрғыдан фольклордың қазақ халқының бірінші кезекте тұратын тарихи дерек көзі ретінде алға шығарып, маңыздылығын арттыру мәселесі күнтәртібінде тұр.

i Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында А., 1994, 42 бет

ii Нұрмағамбетова О. Некоторые вопросы сопоставительного изучения казахского эпоса. / Өмір өрнектері. Астана, 2004, 49 бет

iii Әлихан Бөкейханов. «Қара Қыпшақ Қобыланды» (Сын) /Шығармалар. А., 1994 ж. 302 б.

iv Ахмет Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. / Ақ жол. А., «Жалын» 1991 ж. 399 б.

v Қамбар Атабаев. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. А., 2002 ж. 4 б.

vi Қасқабасов С. Миф пен әпсананың тарихилығы. / Қазақ фольклорының тарихилығы. А., 1993 ж. 82 б.

vii Ахмет Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. / Ақ жол. А., «Жалын» 1991 ж. 415 б.

viii Нұрмағамбетова О. «Қобыланды батыр» эпосының негізгі варианттары және олардың өзара байланысы. / Өмір өрнектері. Астана, 2004, 237 б.

ix Е.Құрманбеков. «Қара Қыпшақ Қобыланды батыр» // Алаш №6(9), 2006 ж. 32 б.

x Әлихан Бөкейханов. «Қара Қыпшақ Қобыланды» (Сын) /Шығармалар. А., 1994 ж. 299-300 бб

xi Қамбар Атабаев. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. А., 2002 ж. 31-32 бб.

xii Қараңыз: Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. А., 1998 ж. 1 том. 680 б.

xiii «Ер Сайын» // А.Байтұрсынов. Ақжол. А., 1991 ж. 101 б.

xiv Ақсауыт. Батырлар жыры. 1 т. А., 1977 ж. 173-174 бб.

xv Коран. Перевод академика И.Ю. Крачковского. М., 1990, с. 305

xvi Тәубе сүресі, 119 аят (9:119) 206 б.// Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай.

xvii Хадисы Пророка. Перевод и камментарии иман Валерии Пороховой. Издание третье. М., 2003, сс 67-68

xviii Қ.Ахметжанов. «Найзасын ұзын саптаған. /Ата салтын аяла. А., 1998 ж. 45 б.

xix Қараңыз: Қ.Ахметжанов. «Найзасын ұзын саптаған», «Атадан қалған ақ сауыт» /Ата салтын аяла. А., 1998 ж. 45-66 бб арасы.

xx Қараңыз: Ж.Артықбаев. Сырлы қала – оғыз тарихының бір жұмбағы. // Алаш. №6 (9), 2006 ж. 67 б.

xxi Әлихан Бөкейханов. «Қара Қыпшақ Қобыланды» (Сын) /Шығармалар. А., 1994 ж. 303-304 бб