| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Түркістанда аштық

ТИМУРҰЛЫ

Советтік баспасөз болсын, совет мемлекетінің экономикалық ахуалымен байланысты баспасөздер болсын ол жердегі экономикалық ахуалдың ортаға шығуына қатаң түрде қарсылық көрсетуде. Бұл қарсылық екі түрлі. Советтік баспасөзі бес жылдық планның орындалу барысындағы ортаға шыққан ақсау туралы жазады. Ал оған қатысты шетелдік басылымдар бір жағынан дүниені дүркіреткен кеңестіктер Ресейдің экономикалық өмірге деген ықпалын жазса, екінші жағынан тұрғындардың экономикалық күшімен санаспастан жолға қойылған өндіріс, колхоз және совхозға айналдыру саясатының ықпалының астында күн санап кедейлік пен мұқтаждық мұхитына сүйретілген тұрғындардың өмірлік көкжиектерін бүркеп жатқан қауіптен сөз етеді.

Экономикалық дүмпудің кеңес мемлекетіндегі көрінісі делінгенде ең әуелі көзге түсетін нәрсе күмәнсіз сол алып елдің әр түрлі аймақтарын қаптап алған аштық мәселесі. Туындаған қауіптің айтқысыз дәрежеде артқандығын ашық көріп отырған Совет өкіметі ең болмағанда жеңілдік жасаған болып көріну үшін біршама жобаларды қарастыруда. Бұл жобаларға «жалпылама шеңберде қайта құру», «жаңа екпін» деп қараушыларда аз болмағандығы сияқты Совет өкіметі де бұл қозғалыстың «қайта құру» да, «жаңа екпін» де болмағандығын көрсетуге тырысуда. Қандай атаумен атаса да мұны Совет өкіметінің кіріп кеткен батпағынан шыға білуі үшін басқан қадамы екендігінде күмән жоқ. Көріністегі басқан мұндай адымдары Совет өкіметін бұл қиындықтан шығара ала ма? Кеңінен айтылып жүрген бұл сұрақтың ең дұрыс жауабын болашақта ортаға шығатын оқиғалар көрсетеді.

Ерте заманнан бері Ресей экономикасын жақсы біледі деп танылған, кейінгі кездерде Мәскеудегі Алмания елшілігінде экономикалық маман болып жұмыс жасап келген атақты профессор Аухаген бұл аштықтың қайсы өлкелерді орап алғандығын былай деп суреттейді: «жалпы айтқанда аштық Украинаның көптеген аймақтарын, Еділдің төменгі жақтағы жерлерін, Батыс Сібірді және Қазақстанды басып алған». Және де «аштықтың кең тараған жерлерінен жеткен хабарларға қарағанда ол жердегі тұрғындар жануарлардың өлімтігін, өлекселерді жеп өмір сүруге мәжбүр болып қалған». Демек бұл аштық таралған аймақтардың жағдайының құрдымға бара жатқандығын көрсетуде. Профессор Аухагеннің сөзін әрі қарай жалғастырар болсақ: «бұл күнгі ашаршылықтың ең ауыр жүгі қазақ-қырғыз иығына жүктелген». Өкімет оның малының көбін және мұнымен ең маңызды және негізгі өмір сүру көзі болған және өмір сүру мүмкіншілігін қолынан тартып алып отыр» деді.

Осы айдың басынан бастап Қазақстаннан шығып келген бір жолаушы ол жердегі жалпы ахуал қатты қиындықта екенін айтады. Қазақстанның Семей жақтарында аштықтан шаршап көшелерде қаз-қатар тізіліп жатқан адамдарды көргендігін, тұрғындардың аштықтан шыбын-шіркей сияқты қырылып жатқанын әңгімелеп берді...

Осыдан 14 жыл бұрын Түркістан халқы қара және қызыл Ресейдің жабайы саясатының салдарынан жан түршігерліктей ашаршылықты бастан өткізіп миллиондаған тұрғындарын құрбандыққа шалған болатын. Ол кезде қолдан жасалған ашаршылық, қыру саясаты жүргізілгенін өз агенттерінің сөзімен мойындап отырған қызыл орыс баскесерлері міне, екінші рет одан да асқан бәлекетке жетелеп кіргізді. Бүгінгі ашаршылықтың не себептен пайда болғандығы ешкімге жасырын емес. Ол 1927 жылы басталған саясаттың нәтижесі және көп айтылып жүрген өндірістік сәтсіздіктердің мемлекеттің экономикалық тұрмысында шынайы жүзімен көрінісі деген сөз.

14 жыл бұрынғы ашаршылықта ең көп қиындыққа ұшыраған, ең көп құрбандық берген халықтың бүкіл малы қолынан зорлықпен алынып өмір сүру мүмкіншілігінен мақұрым етілген Түркістан көшпелі малшылары қамшы және қару күшімен мақта егуге мәжбүрленуде болған. Советтер Ресейді өндірістік алаңға айналдыру, қызыл орыс империализмін күшейту үшін халқымыз екінші мәрте ашаршылықтан қырылып, жұртымыз екінші рет қиратылуда.

Ашаршылық туралы берілген мәліметтерге қарағанда ашық көрінетіні ашаршылық азықтың негізі деп саналған ауылдағы халықтан бастау алып отыр...

Егер Ресейде ашаршылық болғанда, орыс халқы өз мемлекетін өндірістік алаңға айналдыруда, сондықтан құрбандық беріп қырылуда деуіміз мүмкін еді. Бірақ хабарларға қарағанда ашық көрсетіп тұр. Ашаршылық Түркістанда, Украинада, яғни орыс емес мемлекеттерде болған. Демек Ресейдің өндірістік алаңға айналу жолындағы құрбан болғандар орыс емес өлкелерде және осы ауыр жүкті сол бейшара тайпалар мойындарына салып тасуға мәжбүр болып отыр.

Бұл қанды оқиғалардан орыс большевиктері тіпті «қызыл крест» Сталин ешқандайда бір жауапкершілік сезіне қоймас. Әрине олар орыс емес өлкелерде орыс империализмінің үстемдігін сақтап қалу үшін ашаршылық, қырғын саясатын жүргізіп жатқанын әлемге айқайлап айтудан да тайынбайтын мақұлықтар. Сол орыс империализміне нөкер болып өз халқын әр түрлі бәлекетке жетелеп бара жатқан Әкмәл, Әкрам, Айтақұлы, Оразұлы сияқты Түркістан коммунистері бұл бәлекет қарсысында өз ар ожданының алдында келер ұрпақ алдында қандай жауап беретінін бір рет болса да ойлап көріп пе? 1918/19 жылдары ашаршылықпенен күресу комитетін басқарған кейін жазған еңбегінде сол ашаршылықтың пайда болуы мен көрінісін және Совет өкіметінің ашаршылық саясатын дүниеге паш еткен, бүгінгі Совет орталығында маңызды мансапқа ие болған Рысқұлұлы Тұрар мен оның жолдастары бүгінгі ашаршылық және оның себептері туралы не дер екен? Бұл Лениннің ұлттық саясатының тура екендігін көрсетіп тұр ма?... Жоқ! Бұл Түркістан халқы және диқандары тарапынан Лениннің ұлттық саясаты және Советтік экономикалық саясатына қарсы жүргізіліп жатқан қорғану мен күресудің өмірлік қажеттілігінен туындағанының бір көрінісі. Бүгін бұған көз жұмып отырғандар Түркістанның көргенсіз ұлдары.

ҚР ОММ, 2300 қ., 4 т., №15 іс, 18 б.

«Яш Туркестан» 1932 ж., №34., қыркүйек

ТҮРКІСТАНДАҒЫ АШТЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Түркістанда тағы да ашаршылық...

Бұл ашаршылықтың негізгі себебі астық-егін саласының көп қысқартылғандығы болып тұр, яғни өлке өз астығынан мақұрым етілген. Төменде «Правда Востока» газетінің 21 шілде санынан алып келтірген мәліметтеріміз Түркістандағы ашаршылық себептерін көп томды кітаптардан да артық етіп түсіндіреді. 1928 жылында Түркістанда (Қазақстан бөлігі шығарылғанда) 749 мың гектар жерге мақта егілген еді, 1929 жылы 853 мың гектар, 1930 жылы бір миллион 194 мың гектар, 1931 жылы бір милион 368 мың гектар, 1932 жылы бұл мөлшер бір миллион 447 мың гектарға жеткен. Міне осы сандар мен төмендегі санды салыстырып қараңыз. 1928 жылы барлық суармалы жердің жүзде 2,5 (жүзде елу екі жарымы), 1929 жылы жүзде 48,4, 1930 жылы жүзде 39, 1931 жылы жүзде 31,6 астық-егіндерінен айырылған. Күмәнсіз бұл жылы астық үшін белгіленген жер мөлшері алдыңғы жылдардан өте аз.

Мынаны да ұмытпау керек, суармалы жердің көлемі соғыстан алдыңғы мөлшерге бір гектар да қосылмаған. Енді міне осы екі қатардағы сандарды салыстырып көріңіз: 1928 жылы астық-егіндері барлық суармалы жердің жүзде 52,5 (жүзде елу екі жарымын) бұл жылы бұл көлемнің айталық жартысын ғана (демек төрттен бір шамасында) алып жатыр. Демек Түркістанда бүгінде 1928 жылмен салыстырғанда екі рет, көтерілістен алдыңғы жылға қарағанда тіпті үш есе аз астық дайындауда. Түркістандағы ашаршылықтың ең үлкен себебі міне осы. Халқымыз бен жұртымыз үшін ең үлкен қорқу мен пәле міне осында.

Бұған бірде екінші дәрежедегі басқа себептерді тағы қосыңыз. Ол себептер мынадай:

Түркістан қыстақ қожалығының төрттен үш есесінен артығы қолмен заңдастырылған, яғни тікелей өкіметтің қолында. Диқан өз еңбегінің өнімінен ерікті түрде пайдалану құқығынан мақұрым қалған. Өкімет қолдан жасап отырған қожалықтың өнімдерін өзінің ішкі саяси топтары және сыртқы көтерілісшіл саясатының пайдасы үшін сарып етуде.

Түркістанның отырықшыл аймақтарында ең көп қолданылатын күрішті өсіруге тыйым салынған.

Қала мен ауыл тұрғындарының (атап айтқанда Өзбекстанда) жаз маусымында ең маңызды азығын құрайтын жемістер (миуалар) һәм өкімет қолына алынған. Бүгінде Еуропаның айталық барлық қалаларында дәнегі алып тасталынған Түркістан өрігінің бір қадағын шамамен 40 тиыннан алуға болады. Бірақ дәл сол өрікті өз отанында – Түркістанда, дәнегі барын 40 данасын бір сомнан сатып жатыр...

Тракторлар Түркістандағы ашаршылық үшін маңызды себеп болып есептелмейді. Тракторлар ашаршылыққа себеп болып жатыр деген пікір кейбіреулер үшін түсініксіз жай, тіпті таңқалдырарлық нәрсе. Сондықтан осы жайды тарқатып ашып көрсетіп беруге тырысамыз. Біріншіден: большевиктердің өз мәліметтерін былай деп көрсетеді: «жерді трактормен жырту ат пен айдағанға қарағанда бір жарым есе қымбатқа түседі. Екіншіден, қожалықтарда һәм трактор һәм да ат сақтау тиімсіз болып шықты. Сондықтан аттарды өкімет қолына алды, әйтеуір жолын тауып қырып жойды.

Ат Түркістанда жалғыз жұмыс уа жүк көлігі ретінде емес сонымен қатар қарым қатынас құралы. Түркістандағы жолсыз жерлер тек дала да емес ауылдар арасында қатынасу тек атпен ғана болады. Түркістандықтар өзінің өнімдерін сатқан кезде және қажетті нәрселерді алған кезде барған базарына атпен барады. Трактормен тек жер айдауға ғана болады (трактормен өте жақсы жыртылатындығында күмән жоқ). Бірақ трактор мен ауылдан ауылға базарға барып болмайды... Жалпы айтқанда, тракторды көбейту әр жерінде ең жақсы жолдар салынған атқа қажеттілік қалмаған немесе аз болған, яки автомобильдер үшін салынған жолдары бар Еуропа және Америка өлкелерінде пайдалы болады. Ал бізде ше? Түркістанда?... Дала сахараны бір жаққа қойып тұрайық Қойлықтан Тойтөбеге (Ташкеннің айналасындағы екі ауыл) атсыз барып тексеріп көрсе еді, шіркін. Бұл жерде мысал үшін алған бұл ауылдарымыз арасында жақсы жолдар болған аймақтар. Қойлықтан Тойтөбеге ия атпенен немесе ат арбамен ғана бара аласыз. Трактормен тұрған жеріңізден қимылдай алмайсыз. Колхоздарда барлық нәрсе (табиғи үй жануарлары) үкіметтің қолында. Кішкентай арнайы қожалықтар болса, кулак таңбасын басады деп ат асыраудан қорқады. Осы істердің нәтижесінде таңқаларлық мынандай бір жай пайда болады: Еуропада, Америкада тұрғындардың баюына себеп болған тракторлар бізде (Түркістанда) халқымыздың ашаршылыққа ұшырауына себеп болуда.

Түркістанда ашаршылық үстем болып тұр. Бұл ашаршылықтың барлық жауапкершілігі Совет үкіметінің және Түркістандағы орыс пролетариаты диктатурасының мойынына жүктелген.

Түркістан жалғыз үстінен өзгелердің үстемдігін алып тастау және өзінің ұлттық тәуелсіздігін күшейтсе ғана тоқ және тыныш бір тұрмысқа еге бола алады.

Т.Д.

ҚР ОММ, 2300 қ., 4 т., №16 іс, 13 б.

«Яш Туркестан» 1932 ж., №35., қазан

Шағатай тілінен аударған:

САЙПУЛЛА МОЛДАҚАНАҒАТҰЛЫ