| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Қазақстандағы ашаршылық/ Голод в Казахстане

ХХ ғасырдың нәубеті аталған Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-шы және 30-шы жылдарының басында болған ашаршылық жайлы ресми кеңес тарихында айтылмады. Бұл жалпы халықтың трагедиясы болды.. Бірақ әлі аштықтан қайтыс болғандардың аттарын айтпағанда, жалпы нақты саны қанша екені белгісіз болып отыр.

Біздің журнал аштық тақырыбын жалғастырып отырады. Жаңа құжаттар ашылуда, сол кезді басынан кешірген көнекөз қариялар естеліктер айтуда...

Талдықорған қаласындағы Ө.А. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық институтының студенттері осындай естеліктерді жинастыруда ауқымды жұмыс атқарған. Олар www.naubet.ucor.kz сайтында (эл. поштасы: alai@ok.kz) жарияланған және осы естеліктерді 2008 жылдың 28 қарашасында Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты мен «Әділет» қоғамы ұйымдастырған «1930-шы жылдардағы ашаршылық: себептері, ауқымы, салдарлары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда институт ректоры А. Әлімов өзінің баяндамасының арқауы еткен.

Біз, осы жұмысты ұйымдастырған жоғарыда аты аталған институт ұстаздары мен студенттеріне алғысымызды білдіреміз.

В официальной советской истории не было упоминаний о трагедии ХХ века - о голоде в начале 20-30-ых годов прошлого столетия в Казахстане. Эта была общенародной трагедией... Но до сих пор не известны не только имена, но и точной цифры умерших.

Наш журнал продолжает эту тему. Открываются все новые и новые документы, воспоминают очевидцы этих событий...

Студентами Института экономики и права имени У.А. Жолдасбекова в Талдыкоргане проделана большая работа по сбору воспоминаний. Они опубликованы на сайте www.naubet.ucor.kz (эл. почта: alai@ok.kz) и были представлены в выступлении ректора института А. Алимова на республиканской научно-практической конференции «Голод 1930-х гг.: причины, масштабы, следствия», организованного Государтсвнным архивом Алматинской области и обществом «Адилет» 28 ноября 2008 года.

Мы благодарны за организацию этой работы, преподавателям и студентам выше названного института.

КУӘГЕРЛЕР СӨЙЛЕЙДІ

САРҚЫТ МҰХАМБЕТӘБІҚЫЗЫ ӘБЕНОВА

Менің әкем 1925 жылы сол кездегі Өскемен облысы, Самара ауданы, Ертістің жағасында орналасқан Казнакоп ауылында дүниеге келген. Сарқыт әжем әкесінен ерте айрылып, оны анасы Мақыпжамал Байділдәқызы тәрбиелеген екен. Бес баланың ішінде ең кенжесі Сарқыт әже екен. 1928 жылы қазақ жерінде кеңес өкіметі кәмпескелеуді бастайды, колхоз, совхоз құруға елдің қорек етіп отырған малын алады. Ел аштыққа ұшырай бастайды. Аштықтың, жоқшылықтың қасіретіне төзе алмаған халықтың көбі жер ауып кетуге мәжбүр болады. Көптеген адамдар Қытайға Шәуешек арқылы қашқан екен. Ал сол кезде Сарқыт әженің отбасы көшуге жағдайы да, көліктері де болмай, ауылда қала беріпті.

Ертістің сағасы Қарасу деген өзеннен балық аулап күнін көріпті. Сарқыт әженің анасы шебер кісі болған екен, біреуге тон, біреуге тымақ тігіп, бір жапырақ нан тауып, балаларына бөліп беріп асыраған екен. Көбіне орыстардың жұмысына жалданып, солардан бидай, картоп алып, соны қорек етіпті. «Картопты қабығымен жеуші едік» деп есіне түсіреді әжем. Орыстар бидай, картоп, жеміс-жидектерін егіп, жылдық астығын жинап алып, бидай мен ұн сатып отыратын. Сол жылдары аштықтың қасіретімен бірге шешек ауруы да шығып, Сарқыт әже шешек ауруына шалдығып, әрең жазылған екен. Оның себебі, аш адамдар арам өлген малдың етін қазып алып жеп, содан ауруға шалдығып, қайтыс болған. Дәрігер деген атымен жоқ. «Адам қатты ашыққанда, қатты арықтап, өлер кезінде ісініп кетеді екен» дейді күрсіне Сарқыт әже. Ол кісі ашаршылықта аман қалып Ұлы Отан соғысы жылдары халықпен бірге жеңіс күнін жақындату үшін ерен еңбек еткен. Сарқыт әже соғыстан кейін мұғалім оқуын аяқтап, ұзақ жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысы, Самара ауданы, Бастауыш ауылында Абай атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет жасаған. Қазіргі кезде әжем Алматы қаласында Майкопская көшесінің № 36 үйінде қызы мен немерелерімен бірге тұрады.

Жазып алған ЖАНАР БАТЫРОВА

ҚАМСЫ ЛУБАЕВ

Бір күні Асхат ағай курстас құрбым Әйгерім екеумізді ашаршылық куәсі болған өзінің енесінің үйіне алып барды. Әжейдің аты – Юсупова Сәрби, 1928 жылы туылған екен. Ол кісі талай-талай әңгіме айтты, барлығын да жазып алдық. Алайда, менің есімде әжейдің келіні Гүләйлә апайдың келтірген жан түршігерлік оқиғасы ерекше қалыпты...

- Маған бұл әңгімені 1979 не 1980 жылдары, әйтеуір 7-ші сыныпта оқып жүрген кезімде, Көксу ауданы, Талапты ауылында тұратын атам Лубаев Қамсы айтып беріп еді.

Қамсы атам ашаршылық кезінде Куйбышев колхозында тұрған екен. Жігіт шағы, шамасы 24-25 жастарда. Бір күні атам қасына досын ертіп, көрші үйге барады. Есікті ашып, үй иесінің екі жасар ұл баласын шелекке салып, астына от жағып пісіріп жатқан жерінен түседі. «Жаңағының екі көзі қызарып, денесі қалш-қалш етеді» деп есіне алған еді атам. «Есік ашылған дыбысқа жалт етіп, бізге аш көзімен қарағаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Әлгінің әйелі де із-түзсіз жоғалып кеткен екен, көршілері мұны кейін біліп, іздестірген. Алайда таппапты. Мен атамнан ол адамның есімін айтуды және Куйбышевке барғанда тауып алып, үйіне баратынымды, көретінімді айтып сұрап едім, атам: «Оны қайтесің, қызым, ол сол кезде менен 7-8 жас үлкендеу жігіт еді, қазір тірі. Бүгінде ол өз отбасын қайтадан құрған, әйелі, бала-шағасы бар» деп жауап қатып еді...

Жазып алған ЖҰЛДЫЗ НҰРЛАН

ДЕМЕЖАН БАРЛЫҚБАЕВ

Әкемнің әкесі Демежан атамның басынан мынандай оқиға өткен екен. Атамның туған жылы белгісіз, ал әжемнің туған жылы – барыс жылы. Олардың алты баласы болған.

Кәмпеске кезінде атамды «бай баласы болған» деп өкімет қамауға алған. Содан әр күні түрмеде таңертең барлық тұтқындарды сапқа тұрғызып қойып, әрбір үшіншісін атып отырған екен. Атамды да атуға аз қалған уақытта, әжем әлгі абақты бастығының әйеліне барып, жылап тұрып одан көмек сұрайды. Өзінің көп балалы екенін айтады.

- Сен менің күйеуімді босатуға көмектес, мен саған жинаған алтын ділдәмді және бір дорба ұнымды берейін, - деп алтынын әлгі әйелге апарып береді. Бірақ абақты бастығының әйелі алтындарды алмайды.

- Сен бұл алтынды маған берме, одан да балаларыңа қаражат қыл. Таңертең ертерек таң бозынан кел, шамам келсе көмектесейін, - дейді.

Содан күйеуіне айтпаған әйел таң бозынан өзі барып күзетшілермен келісіп, атамызды абақтыдан шығарып береді. Содан атам мен әжем балаларын ала сала, Барлық Арасан тауынан асып, Қытайға өтіп кетеді.

Ал кейіннен қайта Қазақстанға келгеннен кейін сұрастыра отырып, абақты бастығы әйелінің келесідей жайын білген екен. Атамызды шығарып жібергенін білген абақты бастығы күзетшілерін қыспаққа алады. Қыспақ көрген күзетшілер тұтқынға шығуға көмектескен өзінің әйелі екенін айтады. Бұны естіген бастық қашқан тұтқынның орнына өзінің әйелін атып тастаған екен.

Ал әлгі алтынды, кіші әкемнің баласының айтуы бойынша, атамыз Қытай жерінде бір зираттың жанына апарып көмген дейді. Оны 1993 жылы үйге қонаққа келген әкемнің әкпесіне айтқанын естігенбіз. Атам мүмкін, «бұл алтын жанымның садақасы» деп есептеген болар деп топшылаймын өзім...

Жазып алған МАРЖАН БАРЛЫҚБАЕВА

ЖҰМАҚЫЗ БАБАЛИЕВА

Сарыөзек ауылының тұрғыны Бабалиева Жұмақыз апай (1920 жылы туылған) ашаршылық кезінде 10 жаста екен.

Ол кісінің шешесі сол жылдары босанады, ал әкесі қайтыс болады. Шешесінің балаларына беретін тамағы жоқ, сондықтан да Жұмақыз екеуі масақ теріп, талғажау етеді. Масақ титтей де болса, нәр береді екен адамға. Тамақ жоқ, нан жоқ. Елдің жағдайы өте нашар. Көрген адамда аяушылық сезім оятады. Сирағы сыйдиған бала-шаға. Көршілер бір-біріне кіріп, араласудан қалыпты. Аштықтан адамдардың ниеті тарылыпты.

Осындай күндердің бірінде масақ теруге кеткен Жұмақыз шешесі екеуі көп кешігіп қалады. Масақ таппай талай жерлерді кезіпті. Аштықтан көздері бұлдыраған ба, қалай қас қарайып, кеш батқанын білмей қалыпты. Таң азаннан кеткен олар адасып үйлеріне таң ата ғана келеді. Келсе, үйдің іші аңыраған суық. Шешесі жүгіріп барып, бесікте жатқан баланы емізбекші болады. Сол кезде аңыраған дауыс естіледі. Жұмақыз кішкентай болса да, бала жүрегімен не болғанын бірден сезеді. Бесікте жатқан бала аштықтан көз жұмған екен.

Ертесіне баланы жерлеп, бұл ауылмен біржолата қоштасып, екеуі ел кезіп қаңғырып кетеді. Жаяу аштықтан бұратылып, ұзақ жол жүріп ауыл-ауылды аралайды. Талғажау боларлық бір түйір дән бере ме деп, қайыршылық жолына түседі.

Бір ауылға келгенде алдарынан қараша үй көрінеді. Шешесі екеуі кірмекші болып, сол үйдің есігін ашады. Үйдің іші қап-қара ыс. Жыртық киізді төсеніп, төрде бүрісіп бір шал жатыр. Оның бас жағында екі сирағы сыйдиған аштықтан әбден жүдеген, көздері шүңірейген екі бала отыр. Олардың шешесі қазан жақта от жағып, ауқат істеп отыр екен. Бұларды көре сала қолындағы шөмішін ала жүгіріп, балағат сөздер айтып оларға тап береді.

Осылай небір қиыншылықтарды басынан өткеріп, ауылдарды аралап шешесі екеуі жүре береді. Әбден жүдеген шешесі бір ауылға келгенде көз жұмыпты. Қаршадай қыз шешесінің басын құшақтап отыра береді, қаршадай қызға көмектесетін ешкім болмайды. Тағдыр тәлкегіне түскен кішкентай қыз жүрегі қайғыдан құса болып, шарасыздан не істерін білмей, анасының мәйітін тастап, дала кезіп жүре береді, жүре береді.

Осылай жүріп алдынан кезіккен бір ауылдан пана тауып, жалғыз басты кемпірге кез болады. Кемпірдің қызға жаны ашып оған көмек қолын ұсынады.

Ұлтуған есімді сол кемпірді өз шешесінен кем көрмей, екінші анасы ретінде санапты. «Сол анам болмаса, тағдырымның не болатыны беймәлім еді ғой. Сондай асыл жандар арқылы біз жан сақтап қалған едік», деп Жұмақыз апай әңгімесін аяқтады.

Жазып алған МЕҢТАЙ БАЗАРБЕКОВА

МАҒЛИМА ОРАЗАЕВА

Осынау ел басынан өткен нәубет жылдардан қалған көнекөз қариялар да сирек. Сұрастыра жүріп, туған ауылым Қызылағаштың (Ақсу ауданы) тұрғыны, Абай көшесіндегі №24 үйде тұратын жасы тоқсанның төріне оза бастаған әкемнің нағашы апасы Оразаева Мағлима апамен сырластым. Ғасырға таяу өмір сүріп келе жатқан қарт әженің көз жанарының ұшқыны әлі сөнбеген.

Мен әжейдің қал-жағдайын сұрап болған соң, ол кісіні ашаршылық жайлы сөзге тарттым. Әжей күрсіне отырып, әңгімесін бастады:

- Е, қарағым, ол бір «Адам баласына қайталанбасын» деп тілейтін уақыт болды ғой, - деп, кимешегінің ұшымен көз жасын бір сығып алды да, әңгімесін әрі қарай жалғай жөнелді.

- Ол уақытта мен 17-18 жаста едім, тұрмысқа жаңа шыққанмын. Күйеуім жаман жігіт емес еді, аздаған сауаты бар еді. Алдымен байлардың малы алынып, содан кейін орта шаруаның да малдарын өкімет тартып алды. Әуелі күн көріс, азық қылып отырған малды да алды, содан кейін көлікті де алды, ешбір аяусыз кең тақыр далада жаяу қалдық. Халықтың жиған қоры жоқ. Сырттан не көмек, не көлік, не өзенде балық жоқ. Жұрт ашаршылыққа ұшырады.

Қазақ халқы үшін нағыз нәубет басталды ғой. Қуаңшылық бір жағынан, аш-жалаңаш, азып-тозған бала-шаға. Елді індет жайлаған. Аштықтан ел жаппай қырыла бастады. Ол кезде біз Семей облысы, Шұбартау ауданы, Сарқымақ ауылында тұрдық. Таршылық заманда шешем өліп, іні-сіңлілерім жетім қалды.

Тамақ жоқ, шөпті, шөптің тамырын кеміріп сорған күніміз де болды. Көзі тұнған аш адамдар, тіпті, бірінің баласын бірі ұрлап жеуге дайын еді. «Кісі етін жеген шұбартаулықтар» деген сөз осыдан шыққан. Қалада жағдай әлде қалай жақсы деп санаған ауыл қалаға қарай шұбырды. Бірақ қалаға жетудің мүмкіндігі аз еді. Біз де күйеуіміз екеуміз талқанымызды арқалап қалаға қарай бет бұрдық.

Жол бойы сүйектері ырсыйып кеткен арық адамдар, жол шетінде көмусіз қалған балалардың өліктері. Әбден қалжыраған әйелдер емшектегі балаларын бел астына қалдырып кеткенін көрдік. Біз итектеп Семейге де жеттік. Ол уақытта Семейге кіре берісте Ертістен өтетін үлкен көпір бар тұғын, соған таяғанда көрдік. Құдай-ау мұнда да қаптаған өліктер, бір жас әйел өліп жатыр, бір жасқа таяп қалған баласы шешесінің омырауын сорып-сорып, бақырып жылайды. Өлі денеден не шықсын. Ол бала да өлген шығар. Біреуге біреу қарамайды. Семейде де күніміз белгілі болды. Тамақ жоқ, бізге қолқабыс берер жан жоқ. Содан Жетісу жақтағы ағайындарға бет бұрдық.

Алғаш біз қазіргі Сарқан ауданындағы Черкасскіге келдік. Күйеуім осындағы балалар үйіне арбакеш болып жұмысқа кірді. Бұл дегеніңіз сұмдық жұмыс еді. Ертелі-кеш мая боп жиналған балалардың мәйітін арбаға тиеп, тау ішіне әкетеді де, құздан төмен тастайды, өйткені өлі денелерді көміп үлгеру мүмкін емес.

Біз Черкасскіде ұзақ тұра алмадық. Ақсуға келіп табан тіредік. Онда мөлшерлеп бидай береді екен. Әр үйге 1 кесе бидайдан үлестіреді. Сол бидайды кепкен теріге аздап шашып, балаларды алдап, тергізіп жегіземіз, содан ауқат алатындаймыз. Семейден жиырма үй көшіп келдік, оның ішінде 13 үй бала-шағасымен түгел аштан қырылды. Алғашында абысын, келін, қыздарды жуындырып, кебінін кигізуге қорқып едім, үлкен енеміз «сауабын аласың» дегеннен кейін, өлгендерді жуындырып, көйлегін кигізіп көметін болдық. Ал кейін тіпті жуындыруға да, көмуге де үлгере алмадық. Бұл жерде мәйіттерді құздан тастайтын болдық. Бір күнде тіпті 52 адамды құзға апарып тастаған күндеріміз болды.

Аштықпен қатар сүзек, қылша аурулары да қабаттасты. Ел аш-жалаңаш, өлгендер көп, соның ішінде бала жағы басым. Бір жанұядан 7-8 баланы да көміп едік. Ол кезде «продпомощь» деп аздап азық-түлік таратады, ол бәріне тегіс жетпейді.

Міне осы ашаршылық жылдары өзімнің нағашыларым Есімбек, Есқалы деген кісілер үш баласымен, әйелдерімен шұбырып, Ташкент жаққа кетіп, содан жоқ болды. Солтүстік жақтың елі Түркістанға ағылып, аман қалды ғой.

Сөйтіп ашаршылықтан аман қалып, аталарың Ұлы Отан соғысына да қатысты. Тыныш өмірді де көріп кетті. Айналайын, нан ауыз ти, бір үзім нанның қадірін біліңдер!, - деп сөзін аяқтап болды да:

- Әй, қайдам, заман да, адам да өзгеріп барады ғой, тек нанды қадірлеңдер!, - деп шегелей ескертті.

Апамыз немере, шөбере сүйіп отыр. Сөз соңында апамыз өзінің көрген түсін айтты:

- Ашаршылық заманда ашығып, шаршап келе жатыр екенмін. О дүниелік болған көп бала-шаға, әйел-еркектер шығады алдымнан. Олардың ішінен бір қарт адам, еті әбден кеткен, қу сүйек болған қалшылдаған қолымен үлкен кесе толған тарыны ұсынады да: «Осы тары сен жүз жасқа келгенде бітуі керек, соған мөлшерлеп салдым», - дейді.

Менің жаңағы түсті жоруым бойынша, Мағлима апамыз жүзге келетін шығар.

Жазып алған АЙЖАН БАЗАРБАЕВА

КҮМІСАЙ МҰСАНОВА

Мұсанова Күмісай 1915 жылы туған, Кербұлақ ауданы, Бостан ауылының тұрғыны

- Мен Бостанға бала кезімде ата-анаммен көшіп келгенмін, - деп бастады әңгімесін.

- Бостан басқа ауылдардан шеттеу, тау етегінде орналасқаннан шығар, бұл ауылға көп жерлерден адамдар жан сақтауға көшіп келді ашаршылық кезінде. Ол кезде ауылдың нөмірі ғана бар да, аты жоқ еді. Аласапыран уақытта көшіп келген адам бір-бірін танымайды. Келіп жатыр, келіп жатыр...

Кешке дейін екі көзіміз төрт болып, анамызды күтеміз, түнге қарай шаршап-шалдығып ол кісі қостан қайтады, онда орақпен астық оратын: соны үгітіп, қойын-қонышына тығып, үйге әкеледі. Түн ішінде бидайды кейде қуырып, кейде қуырмай-ақ төсекте отырып, тығып жейміз. Бар көретін азығымыз сол ғана. Ол кезде ес жоқ қой, картоп салсақ та болады екен ғой. Қазір ойласам, қандай ақымақ болғанбыз. Көрші Луговое (қазіргі Терісқаққан) ауылында орыстар картоп егіп, күнін көреді.

Ашыққан адамдар ондап, жүздеп қырылды. Мәйіттерді ауыл сыртына апарып, жарға тастайды. Қазіргі кезде де Бостанның сыртында орналасқан ол жерде жылда жардан ағарып сүйектер шығып жатады... Аштыққа шыдамаған бұл қазақ өз етін өзі жеген... О, тоба! Құдайым әрқашан содан сақта! Осы күніңнен айыра көрме! – деп әже діріл қаққан көздеріне жас алды.

РӘЗИЯ БАЙТЕМІРОВА

Байтемірова Рәзия әженің (1899 жылы туған, 04.09.2004 жылы қайтыс болған) өз аузынан естіген әңгімем.

- Ол уақытта аштықтан бұратылған бала, ана, кәрі қарттың бір ғана арманы бар еді. Ол – бір үзім нан. Дүние-мүлік – ештеңе керек емес, тек қана бір уыс бидай мен бір үзім нанға зәру болды қазақ. Нанға жетпей көз жұмғандар қаншама!

- Есімде, бір күні жарты ауыл түгел қырылды. өздеріне ажалды өздері тілеп алды. Далада үлкен бөшкеде қалған солидол майы бар екен, соны көрген адамдар жапатарамағай қайың талының қабығына жағып жеді. «Қой» дегендердің тілін алмай, бала-шаға болып тойып жеп жатыр. «Не болса да қарным бір тойсын» - деп, бір-бірін итеріп, құлшынып, сол майға жеткенше асығып, тойып бір жеді. Ертеңгісін іштері күйіп, ыңырсып, жатып өлгендері қаншама болды десеңші...

Басынан не өткермеді бұл қазақ. Бәріне шыдап, көнді. Талай қайғылы оқиғаларды бастан өткізді. Бүгінде сол кездегі «Босқындардың ауылы» атанған Бостан ауылында небәрі 174 жанұя тұрады. Ауыл елімізге танымал, ақын, депутат, академик, ғылым докторлары мен кандидаттары болған азаматтарын мақтан тұтады. Олар: Жамбыл Тобаяқов, Бақытжан Тобаяқов, Серікбай Қасабеков, Аманжол Қасабек, Науханбай Әлмұқанбетов, Ерасыл Әбілқасымов, Анарбай Бұлдыбаев, Сейсекбай Әлмұқамбетов т.б.

БИЖАМАЛ НҮСІПОВА

1932-1932 жылдары елді жаппай ашаршылыққа тап қылған қиын-қыстау заман туралы Ескелді ауданы, Шымыр ауылының тұрғыны, 1925 жылы туылған Нүсіпова Бижамал апа былай дейді:

- Елде ашаршылық туып, шешек ауруы ушығып тұрды. Әкемнің Оразқұл деген бауыры осы кезде қабақ (шаншу) ауруынан қайтыс болады. Атам Нүсіпеті тірі, пысық адам екен. Аштан өлмей, күн көру үшін атам барлық ағайын туыстарын Шымырдан Сағабүйенге көшіреді. Жалпы халықтың халі нашарлап, ашаршылық пен аурудан көп ел өледі, олардың үстіне топырақ үйіп, осылайша көме салады екен.

Осындай жағдай қиындап тұрған уақытта атамның күйеу баласы Қытайға қашуды ұйғарады. Бір түнде ауылдан қашып шығып, Қапал тауының бір сайына қонып, әлгі жерде түйе сойып, етін асып, әрі кетпекші болады, бірақ орта жолда қуғыншылар қуып жетіп, кері қайтарады. Жол жөнекей әкемнің інісі Оразбайдың жас баласы, тағы да екі туысы өледі. Өлген туыстарының балаларын кейінірек апалары бауырына салып асырайды.

Өкімет қашқан еркектерді қамауға алып, әйел, бала-шағасын түгел тінтіп шығады. Олардың аяқ киімдерінің табанына тыққан ақшаларын, алтын-күмістерін, сәукелесіне дейін алып қояды. Әйелдерді Сағабүйенге абақтыға отырғызады.

Бірнеше күннен кейін босанып, бұлар Шымырға қайтып оралады. Біраз уақыттан соң Оразбай да айдаудан қайтып келеді. Ал Нүсіп атам бір жылдан кейін оралады ауылға.

Туысқандар Шымырға келген соң колхозға кіріп, колхоздан бір қой алады, оның сүтін сауып ішеді, өздері Қоғалы жақтағы егіс алқабынан масақ ұрлап күн көреді.

Ұстап алса, оны да тартып алып отырған өкімет. Сондықтан да олар теріп әкелген масақтарын жерге көміп, тығып ұстаған, бір уысын алып, бір қазан суға қайнатып ішетін болған. Атам «ашаршылық жылдары кісі етін жеген, антұрған» деп бір кісіге ұрсып отыратын, - дейді қарт әже.

Ұлы Отан соғысында Бижамал апаның кіші әкелері мен үлкен ағасы Жандос қаза табады. Бижамал апаны да соғысқа әкетпекші болады. Бірақ атасы жүктің артына тығып ұстап, жібермей алып қалады. Бижамал апаны 1945 жылы еңіретіп, өзінен 20 жас үлкен жездесіне зорлықпен қосады. Сол кісімен отауласып, апамыз 12 баланы өмірге әкеледі. Балаларының 10 тірі қалады. Бижамал апа жас кезінде өте сауықшыл болған екен. Алты колхоз біріккен «Қызыл бұрыш» отауында ойын-сауық құрып, әнші болған.

Өмірдің талай қиыншылықтарын басынан өткерген Бижамал апа әлі де өмірден жақсылық тілеп, бала-шағасының ортасында өмір сүріп жатыр. «Үлкендердің сүйегі асыл» дейді ғой, ол кісі де әлі тың, ширақ. Балаларының болашағына үлкен үмітпен қарайды.

Жазып алған АЖАРГҮЛ ҰЛДАХАН

МӨРДІН ХУДАЙБЕРДИЕВ

Менің ауылым Садыр Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласынан 18-20 км қашықтықта орналасқан. «Менің ауылым ашаршылық жылдарында» тақырыбындағы әңгімені жазу үшін мен Садыр ауылының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері, 1920 жылы туылған Худайбердиев Мөрдін атамен кездесіп, сол атаның келесі сөздерін жазып алып едім:

- Менің ол кезде бала кезім. Бірақ ауыл адамдарының басына түскен қасіретті бала болсақ та сезіндік, қиыншылықтарға ата-анамызбен бірге жанымыз күйзелді. Ол кезде Садыр ауылында көбінесе ұйғырлар ғана тұратын. Ашаршылық жылдарында біздің ауылға қазақтар көшіп келе бастады. Олардың түрінен адам қорқады. Жүдеп-жадап кеткен. Кейбіреуінің балалары, туыстары, үлкендері жолды көтере алмай, аштыққа шыдамай, жолда қайтыс болған. Сөйтіп қазақ ағайындар біздің ауылдан қоныс тепті. Біреулері ауқаты барлардың жұмысын істеп, басқалары малын бағып, ақысына бидай, тары сияқты азық алып отырды.

Кейбіреулері қурай теріп, соны ауылда сататын, сатады деймін-ау, - айырбастайтын. Айырбасқа кішкене тары немесе жан жалғайтын сүт, айран ішетін. Әрине оларға төлейтін ақша ешкімде жоқ.. Сондықтан өзінен жырып, кішкене болса да жейтін асын ұсынып отырды ел.

Анамыз жұмыстан келгенде, бізге қойнына тыққан дорбасына салып алған бидайдың қалдықтарын әкеп беретін. Соны қуырып, жан жалғайтынбыз. Ол кезде бір-бірімізге деген аяушылық, адамгершілік, ізгілік, жанашырлық, бауырмалдық сезімдеріміз шыңдалған тұс еді. Кішкентай бір нәр болса да бөлісіп жеуге асығатынбыз. Ашаршылық бізді жақындастыра түсті. Жақыныңның қадірін біліп, ата-анаңа деген құрмет сезімі арта түскен еді сол кезде. Титтей де болса бір дән немесе кішкентай да болса бір үзім нан бізге үлкен демеу еді.

Осы қиыншылықты, ашаршылықты жеңіп күнімізді – күнге жалғап, азамат болуымызға анамыз көп еңбек сіңірді. Өзі жемесе де біздің аузымызға тосатын. «Сендер жеңдер», - деп өзі жемей, бізге қарап отыратын. Сол аналардың төзіміне, шыдамдылығына, қайсарлығына, ержүректігіне таңқаламын, анамды елжірей еске алып, оның алдында басымды иемін. Ақ жаулықты аналар бізді осы дәрежеге жеткізді, бізге осы шуақты, бейбіт өмірді сыйлады, - десем артық болмас.

Жазып алған ӘЛИМАН ОРАЛОВА

МАРИӘМ ШАЙМҰРАТҚЫЗЫ

(бұрынғы Қапал, қазіргі Ескелді ауданы, Көктөбе ауылының тұрғыны)

Менің әкем Кеңесбай Даулетбаев (1941 жылы туған) мынадай әңгіме айтып еді. Анам Мәриәм Шаймұратқызы (1971 жылы қайтыс болған) былай деп әңгімелейтін:

- «Шаш ал десе, бас алатын» Толғанбай деген кісі болыпты ауылда. Оны тіпті солдаттар күзетіпті дейді. Апамдар оның атын естісе, «Толғанбайың құрысын!» деп ашуланатын.

Сол жылдары қуаңшылық болып, шөп шықпапты. Мал жаппай қырылып, қалған малды ел сойып жеген.

Ауылда бірен-саран орыстар тұратын. Олар егін, картоп салады екен. Қазақтар солардан қалған масақты терем деп, кешке дейін жүріп, уыс бидай жинайды екен. Онысын ошақтың астына күлге тығып қояды. Сол тыққан бидайларын да талай Толғанбай, Рақыш, Тұмарбек деген белсенділер тінтіп, тартып алады екен. Бұл қаныпезерлер талай елді зарлатыпты.

Ашаршылықта апам екі бірдей інісінен айрылған.

Жазып алған ҒАЛИЯ ДӘУЛЕТБАЕВА

ЖҰМАШ АТАЙ

Мен Қаратал ауданы, Жастал ауылында тұратын Жұмаш атайға жолықтым. Ашаршылық туралы баяндауымды сұрағанда ол кісі төмендегідей әңгіме айтты.

Атамыздың жанын өз көзімен көрген, өзі куәболған келесі оқиға түршіктіріпті. Сол жылдары Бекболат есімді жігіт әке-шешесі қайтыс болған соң әпкесі Гүлшатпен бірге тұрыпты. Екеуі де ашаршылықтан азып-тозып, тіпті жүрерге әл-дәрмені қалмапты. Бір күні көздері кіртиіп, жүні шыққан кішкене көрпешеде бүрісіп жатқан інісі әпкесіне:

- Әпке, сен даладан масақ немесе картоп қалдығын теріп алып кел. Егер тауып әкеле алмасаң, мен сенің өзіңді жеймін. – депті.

Сонда әпкесі әлсіреп жатқан інісіне жаны ашиды да кең даланы бойлай жөнеледі. Өзі де жүдеп, аштықтан әбден әлсіреген, аяғын әрең басады. Өкінішке орай ол даладан да, ауылдан да ешқандай ауқат таппайды. Жаны қинала інісіне қайтып оралады. Інісіне мойнын ұсынып:

- Жаным Бекболат, жан інім, мен ештеңе таба алмадым. Кешір мені... Міне, мені жесең - тамағым, сен үшін жан пида, - деп көзінен мөлт-мөлт жас ағытылып, інісіне мойнын ұсынып, өлімге өзінің басын тігіпті. Әлсіресе де інісі алдына бағлан қозы келген аш қасқырдай әпкесін сол жерде бас салып бауыздайды. Осыны көзімен көрген Жұмаш атамыз, ол кезде жігіт болып қалған шағы, есінен танып құлапты. Қанша жатқаны белгісіз, біраздан кейін есін жинап алып, алды-артына қарамастан қаша жөнеледі бұл үйден...

- Осы оқиғаны шын мәнінде болған десем де, елдің көбісі бұған сенбейді. Бірақта оның болғаны анық.. Мың өліп,мың тірілген қазағым осындай жан төзгісіз күндерді де басынан өткерген... Осындай оқиғаны еске алудың өзі де қиынға түседі екен. Ешқашан мұндай ауыр күндер қайталанбасын, халқымыздың аспаны ашық, күндері жарқын болсын. - деп қария кемсеңдеп аяқтады әңгімесін.

Жазып алған АЙГҮЛ МҰСТАПАЕВА

Қапиза Тоқтағұлқызы

Бұл оқиғаны мен өзімнің көрші апамның әңгімесінен естігенмін. Қапиза апаның бұл айтқандарын есімде сақтап, бұндай жанды әлемге танытпасам да, келесі ұрпақтардың санасына құйып, олар қалған ғұмыры мен өмірін қайғы мен қасіретке толтырмай, өкінішпен өткізбесе екен деген оймен, бүгін мен қағаз бетіне сонау бір замандағы оқиғаны жазып қалдырсам ба деп отырмын.

- Е, балам, ерте кезде бітіп кеткен ескі жараның аузын ашып, іштен қан жұттырған заманымның несін айтайын, – деп апам үлкен бір ойға батып кетті. Ауыр бір күрсініп, көзінің жасын бір сығып, апам әңгімесін бастады.

- Қарағым, ол кезде қызымыз – күң, ұлымыз – құл болған заман еді. Марқұм әкемнен тараған еркек кіндіктен ағам және оның артынан ерген жалғыз мен едім. Менің әкем – Тоқтағұл есімді сіңірі шыққан кедей еді. Әкемнің өзі он екі ағайынды болған екен. Әжеміз марқұм он екі баласының он бірін жер жастандырып, оған бала тоқтамаған екен. Барлығы туған соң қызылшамен ауырып, өле беріпті. Ең соңында, менің әкем туғанда, үлкен бір молда келіп, кіндігін балтамен шауып, баланың атын Тоқтағұл деп қойған екен...

Шешем марқұм әке-шешеден ерте айырылған тұлдыр жетім болған. Әкем екеуі қосылғанда шешем 14-те, әкем 19 жаста болыпты. Әкем Тілеуберді деген байдың жеті жасынан қозысын бағып, шешем сол босағаның күңі болып жүріп бір-бірімен табысқан екен. Мен ес білгелі жыртық шоқпыт лашығымыз бен жалғыз сауын сиырымыз, үш-төрт ешкіміз және жалғыз құмай тазымыз болған.

Бай бәйбішесі мейірім түскен адам еді. Одан кейінгі екі тоқалы адамнан емес, иттен жаралған ба деп ойлайтынмын. Байдың бәйбішесі айықпас дертке ұшырап, жыл жарымдай төсек тартып жатып қалды. Бәйбішенің сау күнінде қарнымыз ашыққан емеспіз. Шешеміз марқұм сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып, таң азаннан кетіп, ел жатар орнында оралатын. Әр күні сорпа, сүйек-саяқ, отқа піскен таба нан үзілмейтін.

Сол кезде ана байғұс әр күні әкелген тамағын тезірек бізге жеткізіп, аузымызға тығындаумен болатын. Қайран бала кезім, сонда шешем бір үзім нанды аузына алмай, бізге тығындағанына мәз, ал біз болсақ кешке дейін аш жүріп, жатар орнында ғана тойып, ас ішіп ұйықтағанға мәз болып жүріппіз.

Анам байғұс титтей қолы бос болса, көрші байлардың жүнін түтіп, арқанын есіп, киізін басып, бір аяқ бидай әкелетін. Ал әкем болса байдың малының соңында айлап кететін. Бай жылқысы қайда жайылса, сол жылқының соңында құрығын сүйреп, әкем де жүретін. Әкемізді анда-санда бір көргенімізге мәзбіз.

Күндердің бір күнінде бай бәйбішесі о дүниелік болып кетті. Бәйбіше кетісімен, екі тоқалдың айы мен күні алдарынан шығып, бар билікке ие болды. Бұрынғы күніміз көзден бұлбұл ұшты. Шешем бір күн келсе, бір күн келмей, аштықтың дәмі ащы таңдайымызға тие бастады. Анамыз келгенде де мандытып ештеңе әкеле қоймады. Келгеніне риза боламыз. Кейінгі кезде көзі ішіне кіріп, құр сүлдерін сүйретіп келген анама жанымыз аши қарап, аш екенімізді ұмытып та кететінбіз.

«Бір келсе, жеті жұт бірге келеді» - деген ғой. Сол жылдары қысы қатты, жазы аптап ыстық болғаннан бар жайылым қуарып, мал біткеннің бәрі қырыла бастады.

Шешеміз ауыр науқасқа ұшырап, төсек тартып жатып қалды. Ағам бай босағасына әкем сияқты қозы бағуға кетіп, жалғыз мен ауру анаммен қалдым. Жалғыз сиырымыздың төрт емшегін кере сауып, шешем ді сол сүтпен асырап бақтым. Бірде қыс қатты болып, аязда, ақ-түтек боранда бай жылқысы бөлініп кетіп, әкем жарты үйір жылқыдан айырылып қалыпты. Бай сол жылқысының құнын сұрап, әкемнің неше жылғы еңбегін бермей және үстіне жалғыз сауын сиырын тартып әкетті.

Ағашқа байланып өзі әзер тұрған көтерем сиырдың екі аяғын құшақтап, мен талай жерге дейін сүйретіліп бардым. Мұны көрген әкем мен шешем ішінен қан жұтып, маған үнсіз қараумен тұрды...

Қазақ даласын жайлаған жұт біздің төңірекке де келіп жетті. Бай малы қырылған үстіне қырыла берді. Байдың босағасында жүрген жалғыз ұлы мен тозып, шаршап, әлсіреген қызын ойлап анам байғұс аштықтан үш түн сандырақтап, аштық деген залыммен алысып, таңға қарай көз жұмды. Неше жыл бай малының соңында қысы-жазы жүрген әкем де екі аяғынан кетіп, мүгедек болып қалды.

Ауыртпалық маған түсті. Бір уыс бидай сұрап, күндіз ел босағасын тоздырдым. Жұт жайлаған елде қайда нан мен бидай болсын? Өстіп қанша жүргенімді білмеймін, бір күні бай апыл-ғұпыл үйін бұздырып, ағама қалған малын айдатып, елден қашпаққа айналды. Кешкісін ұрланып келген ағам бізге «Жүріңдер, бай көрші Қытайға өтпекші. Соның малын айдап, мен де өтемін, екеуіңді алып кетемін» - деді.

Оған бай мінезін білетін әкем бармады. Ұлына да жалынып, оның бармауын тіледі. Ақыры көндіре алмаған соң, мені алып кететінін айтты. Аға мен әке ортасында тұрған мен от пен судың ортасында қалғандай болдым. Әкеме қарап, бір жалынам. Сол кезде мен өз ағамды өзім тани алмадым. Көзінен от шашып, бір үмітпен кетіп бара жатқандай болды маған. Екі аяғы сал әкемді қимай, мен елде қалдым. Содан ағам есіктен шығып бара жатып, артына бұрылып маған: «Күнім, алтыным, Қапилаш, мен ораламын, сені алып кетемін, жарай ма? Бірақ сен жылама, мен жол көріп келейін, сосын екеуміз әкемізді арқалап, сол жермен Қытай еліне де жетеміз», - деді де маңдайымнан сүйіп шығып кетті.

Өмірге деген үлкен үмітпен аға соңынан «қашан келер екен» деген оймен мен қалдым. Ал әкем болса ұлымен іштей қоштасып, көзінен аққан жасын маған көрсетпей сүртіп жатты.

Бай түнделетіп көшіп, ағам сол байдың малының соңынан кетті. Ағам Мағжан кетісімен екі күн бойы әкем теріс қарап жатып алды. Бір күні әкемнің нағашысы келіп, «Бізбен жүріңдер, Қытайға өтеміз, жаңадан өмір бастаймыз, бір ауыл тегіс шығып кеткелі отырмыз. Сосын мен де сендерді осында тастамай алып кетпекке келдім», - деді.

Сонда әкем: «Мені басыңа масыл қылып қайтесің. Мен әйелімді жалғыз қалдырып, қайда барамын, өлсем - әйелімнің жанына барамын, ал қызым болса саған аманат. Қарындасыңның аруағы риза болсын десең, өз қызыңдай көріп өсіріп, бақ» - деді.

Біз кетуге жиналдық. Үйден шығып бара жатып, соңғы рет әке бетіне қарадым: әкем маған үлкен бір қимастықпен қарап: «Бара ғой, балам, ағаңды да сол жақтан тауып аларсың», - деді. Әке бетінен айлар мен жылдардың тізгінін тізбектеп қойғандай әжім қатпарлары сызылып білініп тұр. Қызық, бұрын қалай байқамағанмын...

Арбаның ортасына отырып, сахарадай даламмен, ащы бір балалық шағым өтсе де туған жерімді қимай мен келемін.

Қанша жүргенімізді білмеймін, әйтеуір: «Мынау Мағжан ғой! Апырай, соның өзі!» - деген сөздерден ояндым. Өз көзіме өзім сенбей, қақиып тұрдым да қалдым. Көз алдымда екі көзі ойылған, шыбын мен құсқа жем болған ағамның өлігі тал түбінде жатыр. Апыр-топыр арбадан бізді түсіріп алып, келесі кетіп бара жатқан көштің арбасына салып, нағашыларымыз жүре беруімізді қалады да, өздері жиендерінің сүйегін көміп, кейінірек артымыздан қуып жететіндіктерін айтты.

Түкке түсінбей, тіл-аузым байланып қалған менің жүрегім мен жаным осы елдегі, осы жердегі әке-шеше мен ағамның аруақтарының жанында қалып қойғандай болды. Құл сүлдерім қалып, арбаның артына таңылғандай болған аға бейнесінен көз алмай қарап кетіп бара жаттым. Бұл кезде мен тоғыз жастағы жас бүлдіршін едім...

Кейін білдік, бай сол түні Қытайға өте алмай, сол жерде бар малын және ат басындай алтынын тастап, ағам жатқан талдың түбіне бүкіл алтынын тығады. Онымен қоймай, алтынын қызғанып, ағама «Тірі жүрсең, сен бұл алтынды қазып аласың!» - деп екі көзін ойып, сол араға тастап, жалғыз басымен Қытайға өткен екен.

Иә, балам, ол заман мен бұ заманның аралары әлдеқалай қашық.

Қазір егеменді ел болдық, Қазақстанымыз гүлденді. Ол заман қазір бір ертегі сияқты болып кеткен. Елім, жерім аман болсын. Ол заман да біздің маңдайымызға жазылған бір заман шығар. Сүйегі қурап, топыраққа айналып кеткен сол заман азаматтарын еске алып, жаманы болсын, жақсысы болсын, оларға Құран бағыштатып, еске алып отырамын. Заманымыз тыныш, ел іргесі аман болсын! – деп Қапиза апа сөзін аяқтады.

Ол кісінің бүгінде 7 ұлы, 3 қызы бар, 32 немере, 9 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

Қытайдан 1962 жылы қайта оралған әже - әке-шеше, ағасының моласын тауып, Құран бағыштап, аруақтарды риза қылуға ұмтылады.

Иә, біз осындай аналар мен аталардың арқасында өмір сүріп, осы күнге жеткенімізге үлкен алғыспен бас иейік!

Аталарымыз бен әжелерімізге табынып өтейік, отандастар!

Жазып алған МАРЖАН МАҚАШЕВА

ӘСЕМ ТОҚТАБЕКОВА

Мен келін болып түскен жанұяның үлке апасы бар еді. Ол кісі әңгімешіл болатын. Бір әңгімесінде ашаршылық туралы айтқаны бар еді:

- Сонау 1931-1933 жылдары халықтың басына ауыр күндер төнді. Қаншама көп адамдар көз жұмды. Сол кезде мен 7 жаста болған екенмін...

Жан-жақта өмір үшін күрескен аш адамдар. Әлсіреген балалар, аштықтан қырылған ел. Сол кездегі қиыншылық жағдай қайтадан келмесін, ұрпағымыз аман болып, ондай зұлматтан Тәңірім сақтасын!..

Сонда апамды әжесі мен атасы тығып қояды екен. Өйткені ол кісі бала кезінде толық болған екен. Сол кезде аштыққа шыдамаған адамдар кішкентай балалардың етін жеген. Кейбір жанұялар өздерінің балаларын жеген. «Бізде әлі балаларымыз болады – тек екеуіміз аман болсақ болғаны да, - деп өз балаларын өлімге қиған әке-шешелер көптеп кездескен екен. Далаға масақ теруге шыққан кезде атасы мен әжесі апамның денесін мойнына дейін жерге көміп, басына қаңылтыр кигізіп, үйінде қалдырып кетеді.

Апамның есінде бір қалғаны, атасы екеуі далада келе жатса, бір әйел жолдың шетінде жатыр екен. Қасында бір жасқа келген-келмеген нәресте жатқан. Анасы қайтыс болып, кішкентай бала анасының омырауын еміп, әлсіреп жатқан. Атасы ол баланы алмай кеткен. «Қалай оны асыраймын, өз балаларым да жетеді ғой?» - деп қастарынан өте берген.

Осы әңгімелерді айтып, апамыз көзіне жас алып, балалық шағын күрсіне еске түсірді...

Осындай сүйегі асыл апаларымыздың қатары жылдан жылға сиреуде. Ол апамыз да былтырғы жылы көз жұмды. өзінің көзі кетсе де, апамыз айтқан әңгімелері жадымызда.

«Өз тарихымызды білмей, біз үшін болашақ жоқ», - деуге тұрарлық.

Нығметжан Саметеев

1920 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны.

Ол кездерде мен 8 жаста едім. Біз бір жанұяда үш ағайындымыз. Ең үлкені – Мұхаметжан, кішісі мен едім. Әкемнің есімі – Сәметей, шешем – Бәдіжамал. Біз Таңсық стансасының қасында орналасқан Ақши деген жерде тұратын едік. Үш қарындасым – Қаби, Иғи, Бази – ашаршылық кезінде Қытайда болған екен.

Сол кезде үкімет басына Сталиннің жіберуімен Голощекин деген келіп, халықтың малын түгел алды. Сондағы көздеген мақсаты, қысқаша қарапайым сөзбен айтқанда, бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып, бүкіл елді бір жұдырықта қысып ұстау.

  • Сонда сіздер қалай күнелттіңіздер, не жедіңіздер?

  • Е, балам, ол кезде көп жанды үйлерге бір сиырдан берілетін болған. Қазақ деген ол кезде картоп қазуды білмейді, балық аулауды білмейді. Әйтеуір «мал, мал» деп малдың артынан кеткен халықпыз ғой...

Ой, шырағым, содан не керек, бір сиыр не болады дейсің, ол да суалды. Енді қалай қылғанда да жан сақтап қалу керек. Содан әкем әлгі сиырды сойып, соның етін жедік. Сол үшін әкемді өкімет он жылға соттайтын болған соң, әкем үш қызды алып Қытайдың Шәуешек деген қаласына қашты. Әкем кеткен соң біз Таңсықтың Қызылқия мектебінің интернатына келіп, сонда тұрып жан сақтадық. Шешеміз 50 жасында, ал әкеміз 82 жасында дүниеден өтті.

Ал енді ашыққан ел не жемеді дейсің? Таңертең тұрып, тышқанның інін суға толтырады, қашан інінен тышқан шыққанша. Аңдып отырып, сол тышқанды ұстап алып жейді. Біздің үйдің жанында бір дәулетті кісі болды. Ол кісі аштық кезінде түгел жанұясымен қырылды. Бір күні үлкен кілемін, сандығын сүйретіп алып келіп: «Бала-шағама бір тілім нан бер» деп жылады. Өзі де аш халық несін берсін?..

Менің әкем бірде ертеңгісін «ит-құс, аң қолыма іліксе» деп үйден шығып бара жатып, жолдан бір үйде екі баласы бар ерлі-зайыпты жанұяны көреді. Әкем үйіне кірсе, барлығы да аштықтан ісініп кеткен екен. Кешкісін қайтіп келе жатып, әкем жаңағы жолда тұрған үйдің есігін сыртынан біреу таспен тіреп кеткенін көреді. «Бұл қалай, кім екен?» - деп қараса, әке-шешесі екі баланы қалдырып, өздері кетіп қалыпты. Әлгі екі бала бірін-бірі құшақтаған күйі өліп қалыпты.

- Е, шырағым, халық жаппай қырылды ғой. Анау Тарбағатайдан Таңсыққа келіп, жан сақтаймыз деп шыққан халық жол бойында тегіс қырылған...

Содан 1933 жылда келді ғой ақыры. Аштықтан қалған халықты аман алып қалу үшін үкімет азық бере бастады. Әр адамға бір уыс тары, бидайдың ұны. Сөйтіп тірі қалған халық жан сақтап қалды ғой.

Қазіргі уақытта зейнеткермін, қалқам. Аллаға шүкір, сегіз балам бар. Бүгінде немерелерім мен балаларымның қызығын көріп отырмын, - деп әңгімесін аяқтады қарт ақсақал.

Саметеева Нүрзия

Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны.

Мен 1919 жылы Аякөз қаласына қарасты Жарма ауылында тудым. Әкем – Нұрахмет, анам – Күлбарам. Біз жанұяда алты қыз болдық. Шешем қатарынан 7 ұлды дүниеге әкелген екен. Жетеуі де бірінің артынан бірі шетіней беріпті.

Анам артынан қатар 6 қызды дүниеге әкеліпті. Екеуі дүниеден өтіп, қазір төртеуіміз қалдық, солардың ішінде ең үлкені менмін. Сіңлілерімнің біреуі бүгінде Алматыда, екіншісі Аякөзде, кенжесі Жармада тұрады.

Біз әкеміздің арқасында ашаршылықтың азабын аса көргеніміз жоқ. Біздің жалғыз сиырымыз болып еді, соны сауып, бір кесе сүтін ішіп отырдық. Әкеміз сол кезде таңертеңгі сағат 7-ден кешкі 10-ға дейін ауылдың диірменінде жұмыс істеді. Күнде үйге келгенде қалтасына бір уыс бидай мен 4 жапырақ нан салып әкелетін. Жалақысы, әлі есімде, 5-10 сом төңірегінде болатын.

Әкем жұмыстан келгенде талай-талай жан түршігерлік әңгімелерді айтатын. Бір жерде бір топ адам мысықты немесе итті ұстап жепті, басқа біреулер аштықтан өлейін деп жатқан кішкентай нәрестені жепті дегенді естіп жататынбыз. Біздің көршіміздің малы көп болушы еді. Сол көрші малын шетінен сойып жеп отырды. Бірақ нан болмаса, қара ет ішке тұрмай ағып кетеді екен. Қасымызда екі үйден кейін тұратын бір бай қолына қымбат тасты алқасын ұстап, әкеме «Нұрахмет, мынаны ал да, маған бір жапырақ нан берші!» - деп келгенде, әкем оны «Маған бұл алқаң тамақ бола ма?!» - деп қуып шыққаны есімде.

Бір күні әкем жалақысын алып, шәй-сабын сатып алуға қалаға кетіп еді. Соларды алып, қайтып келе жатса, пойызда орыстың бір әйелі әкемді қасына шақырып алып:

- Сен үш күннен кейін өлесің! – депті.

Әкем сол жерде оны балағаттап, «Менің 4 бірдей балам бар, мен өлсем – оларды кім асырайды?!»-деп кейіпті. Әкем сол кеткеннен екі күннен кейін үйге келді де, есіктен кіре құлады. Мен оны көтеріп алып, төсекке жатқыздым. Әкем мені қасына шақырып алып:

- Балам, маған орыстың әйелі «үш күннен кейін өлесің» деді. Егер айтқаны дәл келсе, ертеңгі түскі сағат екіде мен дүниеден өтемін. Қолыңа қалам ал да, маған қарыз адамдарды және менің қарызымды жазып ал, - деді.

Әкемді бір бөлмеге жатқызып, есігін жауып қойып, ешкімді кіргізбей, оған өзім қарадым. Ертеңінде түскі сағат екіде, орыстың әйелі айтқанындай, әкем дүниеден өтті.

Ол кезде әкем 45 жаста еді. Шешем әкемнен 8 жылдан кейін қайтыс болды. Өзім 17 жасымда тұрмыс құрдым да, 23 жасымда жесір қалдым. Жолдасым Сәбит соғысқа кеткеннен, жаралы болып қайтып келіп, екі күннен кейін 25 жасында дүниеден өтті. Одан кейін 31 жасымда Мұхаметжан аталарыңа қосылдым. Сәбиттен қатарынан 6 ұл, 6 қыз дүниеге әкелдім. Бәрі де бір жарым жасқа келмей, шетінен өле берді. Енді Сәбиттен бір ғана қызым бар. Мұхаметжан атаңнан 7 балам бар. Қазір 8 немере, 9 жиен, 3 шөбере көріп отырмын.

Темірәлі Байсақов

1924 жылы Ақсу ауданында туған.

- «Ақ сақалы қарттықтың белгісін көрсетеді»,- деп қария сөзін ауыр күрсініспен бастады.

- Мен ол кезде 12 жасар бала болғанмын. Есімде сол шақ: өршіп тұрған күз мезгілі болатын. Жегендеріміз – ұнның қылпығы, соның өзі бізге табылмайтын ас еді ғой. Әжелеріміз бір дөңгелек құрт беріп тамақтандырушы еді, соған біз біреуіміз емей, әр отбасынан 14 адам тояттанып қалушы едік. Әкемнің айтуынша, Голощекин бүкіл астық пен етті қырманға жаптырып тастап, ақырындап Ресей еліне тасып отырыпты.

Ақсу ауданы «Қызылтаң» совхозындағы Баймұхамбет елі аш болды. Әкем қоймада астықты күзетуші еді, кейіннен халық «сол астықты сақтадың» деп әкемді соттамақшы да болды. Бірақ сол астықты аз-маздап елге бергені үшін де, Сталин адамдары әкемді тағы да соттамақшы болған. Иә, көргенге шын, естіген құлаққа өтірік шығар.

Сол кезде тіпті өзенде жыбыр еткен балық пен әуеде пыр еткен торғай көрінбестей болып кеткен еді - бәрін де жеп қойғанбыз.

Ал қазір «Заман қиын, қиын!» деп шулайды жастарымыз. Қазір еңбек етсең, бәрі де бар емес пе?!.

Сол заманда ғой бәрінің де өте қиын болғаны, Голощекиннің сайқал саясаты емес пе, қазақ жерін тойпаңынан келтірген! – деп көзіне жас алған қария үнсіз қалпы ұзақ отырды...

Серікберген ата

1931-1933 ашаршылық жылдары, Серікберген атаның айтуы бойынша, елде жейтін тамақ болмай, адамдар бір-бірін жеген екен.

- Ол кезде мен 15 жасар бала едім, - деп бастады әңгімесін көнекөз қария.

- Біз үйде бес жан едік. Шешем, мен, інілерім Мәулімберген, Өрікберген, қарындасым Зұлқия. Біздің тұрғанымыз су жоқ жер, шөлейтті аймақ еді. Жол жиегінде өліп жатқан адамдар жиі кездеседі. Кейде оларды жерлеп кетеміз, кейбір әйелдер емшектегі баласымен өліп жатады, сәбидің аузында шешесінің емшегі тіреліп қалған. Осындайларды көргенде қалай қорқып, шошымайсың?

Тамақ, нан деген жоқ. Шешеміз берекелі кісі болатын. Бал қасықпен өлшеп бір қасықтан тары береді бәрімізге. Кейде түйені үш мезгіл сауып, сүтіне су қосып шалаптап, үлкен қазанға қайнатып, пошалаға сүйектерді қоса қайнатып, тау сарымсағын ұсақтап турап салып, бізге кесеге құйып беруші еді. Біз ет жеп, сорпа ішкендей болып қанағаттанатынбыз...

Кей қыстақта қалған жүнін қырқып, тұздап алған мал терілері ешқашанда бұзылмайды екен. Шешеміз сол теріні ұсақтап турап, қазанға үш рет қайнатқанда, тері аппақ болады екен. Төртінші рет қайнатып, кәдімгі ет ретінде бізге береді. Біз ашпыз, соны соғып алатын едік.

Жауқазын сияқты аппақ сәбіз өсімдік болады, соны шоққа пісіріп жейтінбіз. Сөйтіп аш-жалаңаш жүріп, қара суық күзге де іліктік, жағдайымыз тіпті ауырлай бастады. Інілерім Мәулімберген мен Өрікберген, аштықтан болу керек, екеуі де жатып қалды. Құдай қуат берген шығар, мен әйтеуір сау болдым.

Картоптың қабығын тауып, бір үлкен табыс тапқандай болып қаламын. Сол әкелген картоптың қабығына өзі сіріңкедей ғана, сықсаң су шығатын қара нанды темір қалбырға салып, отқа-шоққа қайнатып, тұз болмағандықтан өзімше бір тұзын шығарып, бал қасықпен ең алдымен қозғалмай жатқан шешемнің аузына құятынмын, сонан соң інілеріме және қарындасыма беретін едім. Түбінде қалған бір-екі қасықты өзім ішіп жерге жата кететін едім.

Етігімнің табанында туырлық киізден жасалған ұлтарақ сияқты бірдеме болатын, жер-жерді іздеп шарлағандықтан ол екі-ақ күнге шыдайтын. Бұтымда жүнін ішіне қаратып шешем қолдан тіккен, иленген тері шалбар еді. Өзі жылы болғанымен, аяздан сыртына қараған терісі сіресіп қатып қалатын, кеудемдегі тері тон да дәл шалбардай, басымда қолдан тігілген шүберек тұмақ болатын. Қыстан сол киіммен шығып едім...

Бір айтарым, аштық кіргенде не түрлі аурулар да жай жатпайды екен, «Сыпной тиф», «Брюшной тиф» деген аурулар қаптап, аштыққа қосылып, шөпті шалғымен шапқандай, адамдарды қырып салды. Сондағы бізді аман-есен алып қалған орман-тоғай болды. Отынды сындырып алып, жаға бердік. Бірақ тіккен қоста пана болмайды екен, отты маздатып қанша жақсаң да, бет жағыңды ғана жылытып, арқа жағың мұздап отырады екен...

Осыны айтқанда Серікберген атаның көңілі босап, көзінен жас парлап, ары қарай әңгімесін жалғастыруға мұршасы болмай қалды. Кемсеңдеп отырған қарияның келіні ымдаған соң, мен әрі қарай сөз жалғастыруға ыңғайсызданып, үй ішіндегілермен қоштасып, далаға шықтым...

Серікберген атамен тағы да сөйлесіп, әңгімесін тыңдауға басқа мүмкіншіліктің сәті түспеді...

Жазып алған ЖАДЫРА ОСПАНОВА

Сәди Бітікенова

  • Мен 1916 жылы қазіргі Алакөл ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келдім. Әкем кезінде беделді би болған кісі. Сол байлықтың арқасында малдары тәркіленіп, өзі түрмеге қамалды. Ол 1917 жыл қазақ жеріне орыстардың қоныстана бастаған кезі еді.

Кейін 1928 жыл келді, әкем босатылды, мен онда он екідемін. Сонымен үйде мал жоқ, бірде тоқ, бірде аш қалыппен өмір кештік.

Ашаршылық кезінде күн көру үшін орыс жеріне қыстыггүні жаяу жолға шықтық. Жолда келе жатып, көптеген адамдардың қырылғанын көрдік, біздің де ішімізде өлгендер жетерлік еді. Сонда өлгендерді шетке тастап, аяқтарымызбен тарпып, қарға көміп кете береміз.

Шұбартаудан Ақсуға барамыз деп, Көлбайға да жеттік. Ата-анам қайда қалғанын да білмеймін. Ұзақ жолға елдің шыдағаны шыдады, шыдамағаны шетінен өліп жатты. Өлгендерді лақтырып жүріп кетеміз...

Содан Көлбайдан бес шақырым жерде орналасқан орыстың селосына таядық. Бұл жерге келіп нан-су сұрап, ит күнді көрдік. Сосын біреуден пәленбай деген жерде қара бидай өседі екен дегенді естідік. Барсақ, шындығында да қап-қара боп, шайқалып өсіп тұр екен. Кезекке тұрып, бір-бір уыс қара бидайды алып келеміз, кәдімгідей қуанамыз, қазіргі балалар кәмпитке қуанғандай.

Түнімен келі-келсаппен уытып, әлгіден талқан жасаймыз. Ол уақиға шамамен 1930 жылы еді. Жалғыз мен емес, жұрттың бәрі де солай күн кешіп еді. Солай тағы бір жыл өтті, 1931 жыл келді. Ол жылы әбден сұмдық болды. Шұбартауда адамды жеуге шықты, - деп Сәди әженің көзіне мөлт еткен жасы келді.

Жаным ашып, әжені аяп кеттім. Біраз демін басып, әңгімесін әрі қарай жалғастырды қарт ана:

- Жер үйде отырамыз, ортаға от жағып, жылынамыз. Сол арада 17-ге де келіппін. Ширақтығыма қызықты ма, білмеймін, бір жігіт маған сөз айтты. Екеуіміз тұрмыс құрдық. Бір күні үстінде ескі күртешесі бар, кір тақия киген жасы үлкен кісі есіктен кірді де:

- Әй, балалар, жиналыңдар, менде бір тақия толы бидайым бар, соны егейік, - деді. Сонда не кетпен, не күрек жоқтығына қарамай, егін ектік. Егін жақсы шықты. Оны жинап алдық. Сонымен қыс бойы қалтақтап, келер жылы үш тақия бидай ектік. Жаз ұзақ титтей баламызды арқалап егінге барамыз. Еңбек еттік. Ақырын қолымыз тоқтыға да жетті. Сол жылы үш тоқты, бір танамыз болды. Ол бұзаулағанда, сүті тіпті рахат болды, - дейді сол кездегі бір кесе сүтті кәдімгідей бір күннің азығы қылған Сәди әже.

Осындай қилы замандарда, аштыққа төтеп тұра алған, қиыншылыққа төзіп, ұрпақтарын жалғастырған батыр әжелеріміздің алдында әрқашан бас июіміз керек.

Жазып алған ЖҰЛДЫЗ ЕРДЕНБЕКОВА

АЙГҮЛ ҚАЛЫСБАЕВА

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...

«Елім-ай» әнінен

Тарих бетіндегі деректерге жүгінсек, қазақ халқы ХХ ғасырдың басында екі рет 1921-1922 және 1930-1933 жылдары ашаршылыққа ұшыраған. Осы кезде Кеңес үкіметі «Шаш ал десе, бас алған» дегендей асыра сілтеу саясатын жүзеге асыра бастаған. Қысқы мерзім ішінде көшпелі қазақ халқын отырықшылдыққа көшіру қолға алынды. Ауылдар ұжымшарларға (артель) біріктіріле бастады. Осы әлеуметтік эксперимент қазақтың тарихында болмаған апатқа әкеп соқты.

Жаппай ұжымдастыру менің анамның туып өскен жері Екпінді ауылына ауыр тиді.

Бұл ауыл басқа да ауылдар сияқты мал шаруашылығымен, оның ішінде астық дайындаумен айналысып, өз күнін кешіп жатқан сүттей ұйыған ауыл еді. Аяқ астынан зорлықпен іске асырыла бастаған мал, астық салығы және елден тартып алынған малдың арнайы бөлінген орында бірнеше тәулік бойы қамауда тұрып, жапай қырыла бастағаны ауыл тұрғындарының қабырғасын мүлдем қайыстырып жіберді.

Елді жайлаған аштық пен зорлық-зомбылыққа көнгісі келмеген Екпінді ауылының бірнеше отбасы артельде біраз уақыт жұмыс істеген соң, бір-ақ түннің ішінде көршілес жерлерге, Қытайға қашып кеткен екен. Бірақ «Бәлен жерде алтын бар, барса –алтын түгіл бақыр да жоқ» демекші, ол жерде де жақсылық аз екен. Құжаттары дұрыс емес немесе кейбіреуінде құжат мүлдем жоқ болғандықтан Үрімшіден асып кете алмаған.

Нағашы апамның айтуы бойынша, барар жері жоқ ауыл тұрғындары бар жиған-терген малын артельге тапсырған соң бала-шағасын асырау үшін Қоғалы жақтан бидай, картоп масағын, ал көктемде таудағы шуындық гүлінің тамырын қазып жеп, зорман деген аңды аулап, кекілік атып күн көреді.

Менің анам Рахымова Басар 1932 жыл туған. Ол дүниеге келгенде әкесі артельге бермей қойған тайын қалжаға сойыпты. Кейіндері «басқа балаларым қой жегенде, менің тай жеген батыр қызым» деп еркелетеді екен.

Нағашы апамның құдасы Нұрсағи Шымыр мен Талдықорғанның ортасында орналасқан Нұра ауылына таяу бір үйге бет бұрып дем алмақшы болып, ат басын тірейді. Дәлізден үйге кіре бере адамның сирағын көріп, «Бұл не болды екен?» деп әрі қарай кірсе екі ер адам: «Е, жолаушы, жақсы келдің, кел, ауыз ти», деп оны тамаққа шақыра бастайды. Аштықтан бірінің етін бірі жеген адамдар екенін сезген Нұрсағи құда бұл үйден тұра қашады.

Біздің ауылдың тұрғындары да аштық кезінде пайда болған жұқпалы аурудан көз жұмған. Сонда жотадағы қабірстан басына апарып жерлеуге шамалары жетпеген туған-туыстары мәйіттерді өздері отырған жақын маңға жерлей берген екен.

1930-1933 жылдардағы «қызыл қырғынға» ұшырап, Қытайға күн көріс іздеп кезіп кеткен ауыл азаматтарының тірі қалғандары 1955 жыл қайтып ауылға оралады. Голощекиннің қазақ халқына алып келген шығыны, 1932 мешін жылы болған зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады.

Ал ашаршылық жылдарына куә болған ауылдың көнекөз қариялары бұл күні шейіт болған жерлестеріне Құран бағыштап, ас беріп жатады деп естимін.

Гүлзира Адырханқызы

Ескелді ауданы, Сырымбет ауылы, Жұматай Жақыпбаев атындағы орта мектептің ұстазы.

Қазақ халқы не көрмеген халық. Жақсыны да, жаманды да басынан өткерді. Сонда да «жоқпын» деп жабықпады, «бармын» деп толыспады. Қазақ халқының басынан өткерген қиындығын басқа ешқандай ұлт көрген жоқ па деп ойлаймын. Себебі атам жарықтық «Зобалаң жылдың зорлығын ұмытпаңдар!» деп басынан өткерген қиындығын баяндап беретін. Сондағы ата-бабаларымның тартқан мұқанатын бүгінде Отаныма оралып, өмір өзгеріп, тыныштық арнаған шақта баяндап отырмын.

Менің аталарым Балқаш өңірінің сары төсін мекендеген керей руынан таралған халық екен. Кең жазықта жайылған малын қайырып, жат-жұртқа жамандығын тигізбей отырған кезде халық арасына көмпеске деген сөз тарайды.

Ел аузынан тараған сөз құлақтан құлаққа жетеді. «Өкімет бардың малын алады, жоқтың жанын алады» деп шулады ел іші. Шынында да бұл шыққан сөз шындыққа айналды. Халықтың малы мен қамбасына қарауыл қойылды. Басында бірден алса, соңынан мыңнан алды өкімет. Қарсы шыққан адам қылмыскер атанып, жазалана бастады. Халық қол бастайтын қарттардың аузына қарады:

- Кешікпей аштық болады, өстіп қарап отырып, өле береміз бе? – дегендей.

Мұны көрген ауыл ақсақалдары қолынан келер қайран жоқ болып, қиналды. Қарсы келсе – басы кетеді, қарсы келмесе – аштықтан жасы кетеді. Не істейді, алдында үлкен сын. Ауыл аймағын аман алып қалудың үлкен негізі – қашып, шетке кету деген ой туады қарияларда. «Бауырларым мен бала-шағамның аштан өлгенін көргенше, қаңғырып шетте жүрсемде тірі жүргенін көрейін» деп бел байлайды көп ел.

Неше ай атам түйе мен аттарды ұрлап, оларды бағады, жорытады. Неше күндік жолға шыдасын деп, сақадай сай болады. Асыл азаматтардан топ құрып, қарауыл қояды. Сонда да халықтың арасы ала-құла емес пе? Арасынан жансыз бен жандайшаптар шығып, «пәленше қашқалы жатыр» деп өкіметке хабар жеткізеді.

Өкіметтің белсенділері келіп, ауылдың бас көтерерін алып, ұрып-соғады, олардың кейбірі сол арада қаза болады. Мұны көрген ел ашынады. Аштан өліп жатқан адамды, зорлық пен зомбылықты көрген халық топ болып ұйымдасып, көтеріліске шықпақ ниет білдіреді. Бірақ амалы мен себебін таппайды.

Бірдеңе істеуге қолынан қайран жоқ халық «Елім-ай» деп зарлай-зарлай, туып өскен елін, жерін, тігулі үйін, құрулы төсегін тастап, жолға жетер азығын ғана алып, ауыл-аймақ болып жолға шығады. Алдында не күтіп отырғанын, қайда барып, қалай күн көретінін түсінбесе де: «Өлтіре қоймас, Голощекиннің тырнағынан шықсақ, ептеп күн көрерміз», - деп ел тәуекелге бел байлайды.

Сол кеткеннен кетіп қалады, жолда аштықтан жүре алмай қалып, өлген ұл мен қыз, қарт адамдар қаншама десеңізші. Олардың қайсы бірін көмдік, қайсы бірі көмусіз қалды, - деп атам жарықтық еңірегенде етегі жасқа толатын.

Сол бетімен Қытайға түсіпті. 11-жасыма дейін Қытайда тұрдым. Атамды Қытай халқы киімін тонаса да, ниетін тонамай қарсы алыпты. Әрине алғаш барғанда жатар орын, жейтін тамақ, сөйлейтін сөзден бастап қиын болды. Бірақ ел «аштық пен өлімнен құтылдық», - деп қуаныпты.

Дегенмен елінен, жерінен, Отанынан айырылу қандай қиын. «Қайран елім, қайран жерім!» деп жол ауыртпалығы бір жағы, отанын, елін, ауыл-аймақ, туған-туысын сағынып, қарт адамдар құсадан өліп те қалды деп қиналып айтатын атам.

Қытайда егін ектік, мал бақтық, құлдықта жүрдік. Күн көріп, өмір сүру үшін барған халықтың ұнжырғасын түсірмей қамқоршы болу бізге, ақсақалдарға, міндет болды.

Не керек, елден кеткеніме «Отаныма сатқындық жасадым ба?» десем, өзіме өзім:

- Жоқ, Отаныңды ұрлап көшкен жоқсың, халқыңды қатерден қорғап қаштың, Голощекиннің зорлығына төзбедің! Өзіңді қажытпа! Енді шет елде қазақ екеніңді, дініңді, тіліңді ұмытпа! – деп жұбау айтамын.

- Көрген қорлығымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - деп атам еркек басымен еңкілдеп жылағанда, кішкентай менің сәби жүрегім езілуші еді. «Атаңа нағлет Голощекин қамбадағы астығымды, қорамдағы қойымды аямағанда, елімнен кетер ме едім!» - деп еңірейтін атам.

Иә, тәубә. Атамның жетпеген арманына бүгіндері біз жеттік. Сонау 1961 жылы ата мекенімізге оралдық. өз мамандығымыз бойынша жұмыс жасап, бала-шағамызды оқытып, орны толмас оқиғаның жартысын болса да жалғап жатырмын.

Ата-бабамның туған топырағына барып, Голощекин мен оның құйыршықтарына қарғыс айттым. Жазықсыз бабамды жат елге қаңғыртып жібергені үшін жер астында тыншымасын солардың аруағы.

Бүгінде Моңғол, Қытай атанып отырған қазақтардың қандай қиындықпен өзінің тілін, дінін сақтап қалғанын өз елінде өмір сүрген қазақ түсінбейді деп ойлаймын. Жат елде, бөгде тілде сөйлеп, бөгде елдің дәстүр-салтымен қалыптасу кімге оңай дейсің?!.

Дегенмен де ертеден қара кешке дейін «Сен – қазақсың. Кеудеңде қазақ деп соққан жүрегің, денеңде қазақ деп жүгірген қаның бар. Тіліңді ұмытпа, тіліңді ұмытсаң – ұлтыңды ұмытсаң, құрисың!» деп ұқтырудың арқасында ана тілімізге дақ түсірмеген, ата-салтымызды асқақтатқан, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қастерлеген қалпымызда қазақ еліне қайта оралдық.

Қазіргі қазаққа айтарым:

- Біріңді бірің жамандама, қолыңды шошайтып «Анау сөйтті, мынау өйтті!» деп ұлтыңды сатпа! Олардың кеудесінен итерме, кеңес өкіметі мен орыстан таяқ жеп жат жерде тентіреп өскені де жетеді оларға! Оларды енді сендер өгейсіретпеңдер! Татулық пен береке бірлікті Абылайдың ақ туындай асқақтатыңдар! «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» демекші тату болыңдар!

Голощекиндер әлі де бар, байқаңдар! Еліңнен айырылма, жеріңнен жетімсіреме! Төбесі асқар, түңлігі бүтін іргесі бекем ел болайық! Ашаршылық келмесін, Голощекиндер мен құйыршықтар қайта тумасын!

Жазып алған ДИНАРА ШЫМШЫҚОВА

Әлімхан Исабаева

Ашаршылық жылдарында қаншама қиыншылықты бастан өткізген Кербұлақ ауданы, Қаспан ауылының тұрғыны апам Әлімхан Исабаева өзінің көргенін және ауыздан ауызға тараған әнгімелерді айтып отырушы еді.

- Сол кезде бір бөлке нан үшін не істемедік? Түрлі ауыр жұмыс істеп, таудан көйлектің етегіне көмір толтырып тасып жүріп, күндік ақысына бір бөлке нан алып, соған риза болатынбыз. Асығып үйге келіп, сол нанды үстел жағалай отырып, адам басына үш мезгілдік асқа тұрарлықтай бөліп, балаларға нан кескен пышақтың қырын жалататынбыз.

Ас болса – болды, болмаса ауылдың ашыққан қатын, бала шағасы бір үйге жиналып, еркектері болса тентіреп нан, масақ іздеп кететін. Бір табақ бидай қуырып, оны бір талдап дәмін алып қана, қаншама күн бастан өткердік десеңші. Ауылдың көп адамдары әлсіреп, ашаршылықтан қашып, тамақ тойдырмақ ниетпен, ел кезіп, тентіреп кетті. Амал таппағандықтан аштықтан адам етін жеп тірі қалғандар қаншама. Өз ішінен, ет-жүрегінен жаралған нәрестесін жеген аналар, әкелер қаншама болды!..

Сол заманда бай мен кедейде айырмашылық болмады. Байлар тыққылаған алтынын бір дорба ұнға айырбастауға зар болды. Сол қыстың жұтында мал да қырылды. Қаншама қазағым ашаршылыққа шыдай алмай өліп кетті!..

Апа-аналарымыз аштық кезінде тышқан аулап жеген, жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқаны да жеген. Өкімет малды отар-отар қылып қалаға айдап, халыққа жегізбей кеткен...

Қазақша айтылған «конфискация», яғни «тәркілеу» деген сөз.