| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Оңтүстiк Қазақстан аймағындағы татарлардың адамды жерлеуге және артын күтуге байланысты салт — дәстүрлері

А.С. Багадиева 

Қазіргі таңда қоғам өмірінде болып жат қан түрлі өзгерістер әр халықтың өткен тарихы мен мәдениетіне мән бере көңіл аударып, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің мәнін ұғынуға, оны тануға деген ұмтылысын туғызып отыр. Қазақ жерінде халықтардың, өркениеттердің, мәдениеттер мен алуан діни сенімдердің бір мемлекетте қатар өмір сүруінің бай да бірегей тәжірибесі жинақталған. Бұл тәжірибе біздің бірлігіміздің түп-тамырын айқындайды және болашағымызды айқынырақ көруімізге жәрдемдеседі.

Қазақстандағы ішкі саяси жағдай бүгінгі таңда тұтас алғанда тұрлаулығымен сипатталады. Түрлі этникалық топтар өздері тұратын аймақтардағы ұлтаралық қатынастарды қанағаттанарлық әрі жарасымды деп бағалайды.

Оңтүстік Шығыс Азиядағы және шығыстағы діни сенімдерге сәйкес, татарларда ислам дінінің сүниттік бағытына сенеді. Орта Азия мен Қазақстанға қоныстанған татарларға байланысты патша үкіметі ерекше саясат қолданды. Яғни жергілікті тұрғындардың діни нанымына араласпау, бірақ шындығында Орталық Азия мен Қазақстан территориясында әскери губернаторлар мен уез басшылары діни ұйымдар мен мешіттер салуға рұқсат етпеді.

Негізінен татарларда діни қызмет атқарғанда имам, хатиб, муэдзин болды. Осы үш діни қызметкерлер татарлардың барлық неке қию, жерлеу, қайтыс болған адамды шомылдыру, астарда және тағы да басқа дәстүрлі кезеңдерде қызметтер атқарады. /1, 26-27/.

Жерлеуге қатысты салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлттық мәдениеттің ең қатты сақталған консервативті бөлігі болып табылады деуге болады. Жерлеуге қатысты салт-дәстүрлерді сипаттауды ең алдымен өмірінің ақырғы сәтінің таяғанын сезген әрбір мұсылман тілін калимаға келтіріп, шахаду-Аллаға құлшылық ету керек, яғни әрбір мұсылманның бірінші парызы Алланы мойындау: «Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед оның елшісі». Егер қайтыс болып бара жатқан адам бұл сөздерді айта алмайтын жағдайда болса, онда жақын адамдарының ішінен біреу осы сөздерді оның құлағына сыбырлауы қажет. Осы үйде бұған дейін күнәлардан тазалайтын құран-тобе (нян тобе) оқылады.

Адам қайтыс болғаннан кейін, оның денесін (мэти) бірден жерге беру керек. Қайтыс болған адамның денесі жер қойнына берілгенше үйде сақтайтын жағдай болса, ескі үйлерде ол топырақ еден, ал қазіргі едендерде ағашталған үйлерде марқұмның басына бір уыс топырақ немесе саман кірпіш те қойып жатқыза тұрады.

Марқұмның денесін исламның заңдарына сәйкес басын солтүстікке, бетін батысқа қаратады.

Егер адам таңертең немесе күннің бірінші бөлігінде қайтыс болса, марқұмды сол күні түскі намаздан кейін (пэшын халэ) күн батқанға дейін жерлейді. Егер адам түстен кейін, кешке немесе түнде қайтыс болған жағдайда жерлеу келесі күнге қалдырылады. Марқұмның денесін бірнеше күн жерлемей ұстауға болмайды, мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, тек ең жақын адамын алыстан күткен жағдайда ғана болады.

Адам қайтыс болғаннан соң, бірден ол жайлы жергілікті мешіттің-суәфиіне хабарланады, ол мешіттің тарапынан жүргізілуі қажет барлық қызметті өз мойнына алады да сол ауылға аралап «Мынандай кісі қайтыс болды, осындай уақытта жерленеді деп» қатты айқайлап айтып шығады.

Қайтыс болған марқұмды танитын барлық адамдар, оның жақындарына көңіл айтып, марқұмды соңғы рет көріп қоштасуға келе бастайды.

Көңіл айтудың өзінде қатаң тәртіптер сақталады, марқұмның жақындарына кім болып келетіндігіне байланысты айтылатын арнайы сөздер болады. Ата-аналары қайтыс болған балаларына: «Ба ни ту жун» (сөзбе сөз «Сенің басың ауыр»), балалары қайтыс болған ата-аналарға: «Ба ни шон щин» («Сенің жүрегің жаралы»), ағасы, інісі, қарындасы, сіңілісі немесе әпкесі қайтыс болған жағдайда «Ба ни шә бон» («Сен қанатыңнан айырылдың») деген сөздер айтылады. Сонымен қатар мынандай жұбату сөздер де айтылады: «Худади сычин», «Худаду кухан» яғни барлығы Алланың қалауымен деген мағынаны білдіреді /2, 105-107/.

Мәлімет берушілердің пікірінше татарлардың діни сенімдері өте берік, ислам дініндегі барлық мұсылман міндеттерін атқарады. әдетте қайтыс болған адамның бөлмесіне ақ шымылдық құрады. Әйелдер қайтыс болғанды жоқтап жылайды. Жерлеу рәсіміне тек ерлер ғана барады. Қайтыс болған адамның денесін жуған адамдарға оның киімдерін таратады. Жерлеу рәсіміне қатысқандар мен қабір қазғандарға ақша береді. Өлік шыққан үйде от жағылып, тамақ әзірленбейді. Мұндай жағдайда тамақты туыстары әзірлеп алып келуі тиіс. Қайтыс болған адамды еске алу, төрт, жеті, онтөрт, жиырма бір, қырық күндіктері және жүз күндігі аталып өтіледі. Осы күндері юшён шелпектері пісіріледі.

Қабірді еш уақытта алдын-ала дайындамайды, егер адам бүгін қайтыс болып, жерлеуі ертеңге қалдырылса да қабірді жерленетін күні қазады. Мұндай ереже қазылып қойылған қабір адамды талап етеді, қабірге жерленетін марқұмнан басқа да адамдарды алып кетуі мүмкін деген сеніммен түсіндіріледі. Егер қандайда бір себептермен қазылып қойылған қабірге марқұм жерленбей қалған жағдайда, онда оны күні-түні көз жазбастан қарауылдау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген сеніммен қатар, исламдық тұрғыдан қабір жануарлардың түсіп кетуінен сақталынуы керек.

Қабірді ереже бойынша бір білетін үлкен кісінің басқаруымен бірнеше адам, бірін-бірі ауыстырып қазады.

Қабір (фынкин) оңтүстіктен солтүстікке қаратылып, тереңдігі 2-2,5 метр етіп қазылады. Қабірдің атыс дуалының орта бөлігінен төрт бұрышты етіп үңгіп лақап (рәхәти мынмынзы) қазылса, сосын барып қабірдің бүйірінен марқұм жатқызылатын камера (рәхәти) қазылады. Қосалқы қазылған камераның ұзындығы адамның бойына сәйкес етіліп, биіктігі адам тұрып Мұнкар мен Накир періштелері келгенде оқылатын соңғы құранда тізерлеп отыра алатындай етіп қазылады /3, 108/.

Мәлімет берушілердің айтуынша қаралы күндер Орталық Азия татар ұлттарының қайғылары қырық күнге созылады. Ерте кезде татар әйелдері қаралы күндер ақ киім, ал ерлері басына ақ тақия киген. Бұл дәстүр татарларда дэщё - қаралы күндерді бастан өткізу дегенді білдіреді.

Жалпы қабір қазып дайындалып жатқан кезде, марқұммен қоштасу аяқталғаннан кейін, марқұмды жуындыру (щи мэти) басталады, ол бесін намазына дейін аяқталуы керек.

Марқұмды жуындыру қызметін осындай мәселені жақсы білетін, әдет-ғұрыптармен жақсы таныс, бірақ осымен күн көру үшін айналыспайтын адам атқарады. Ол адам өзіне бірнеше көмекші алады, олар марқұмды жуындыратын су әзірлеуге, суды шәйнектен құюға тағы да басқа көмектер көрсетеді. Ондай адамдар марқұмның жақын туыстары болуы қажет.

Марқұмды жуындырар алдында оның соңғы киетін ақырет киімі кебін дайындалады. Оны арнайы ақ матадан ешбір кесетін құралдар қайшы немесе пышақты пайдаланбай кеседі, барлығы 26 метрдей мата қажет. Осы мөлшердегі матадан, марқұмды жуып болғаннан кейін кигізетін жең пішіледі, денесін орайтын шымылдық, сонымен қатар алжапқыш ретінде пішілген матаның бөліктерінен марқұмды ақырет киіміне киіндіреді.

Марқұмды жуындыру барысында денесінің барлық бөлігіне су тиюі керек, егер су тимей қалған жағдайда ол жер арам болып есептеледі. Бұл ғұрыпты атқару барысында марқұмның денесіне күн түспеу үшін жоғарыдан шымылдық ұстап тұрады, ал су құюшы суды жуындырушының жеңіне тиетіндей етіп құяды.

Марқұмды жуындырған суды адам аяғы баспайтын таза жерге апарып төгеді. Бұл ғұрып аяқталғаннан кйін марқұмның денесін ақырет киіміне орайды, бұдан кейін ешкімге марқұмды көруге рұқсат етілмейді.

Марқұмның денесін үйдің ауласынан немесе мешіттен де шығарады, бірақ мешіттің ішіне марқұмның денесі кіргізілмейді. Марқұмның денесі салынған зембілді аулаға қойып құран оқылып, жаназасы (зан жәназа) шығарылады, онда ахунның бұл өмірдің уақытша екендігі, Алланың құдіреті тағы да басқа діни ережелер жайлы айтады.

Жаназа шығарылып болғаннан кейін марқұмның жақын ер адамы ортаға шығып, жиналған халыққа дәстүрлі сұрақтарды қояды. Толығырақ тоқталсақ: «Менің әкем (анам, інім, ағам тағы да басқа) осы отырған сіздерге тірі кезінде қандайда қарызы болды ма?», - дейді. Егер қарызы болған жағдайда оны мен төлеймін деп сендіреді.

Ары қарай: «Менің әкем (анам, інім, ағам тағы да басқа) жақсы адам болды ма немесе жаман адам болды ма?» дейді, ал жиналған халық бір ауыздан: -«Жақсы адам болды! Жақсы адам болды!» деп жауап береді /4, 109-110/.

Сонымен аза тұту, арнайы шелпек тарату, төрт күндігіне тек қабір қазғандарды шақыру, қырқында қайтыс болған адамның заттарын тарату дәстүрлері ерте кезден қалыптасқан болатын. Жерлеу рәсімінің негізгі мақсаты қайтыс болған адамның жанын разы ету болып табылады. Оған міндетті түрде діни өкіл имам құран бағыштайды.

Татарлардың жерлеуге қатысты салт-дәстүрлерін негізгі үш категорияға жатқызуға болады: татарларға ислам діні енгізген әдет-ғұрыптар, өзінің шығу тегіне қатысты исламға дейінгі кезеңге жататын әдет-ғұрыптар, исламға жатпайтын әдет-ғұрыптар.

Жалпы татарлардың рухани мәдениеті өздеріне тән ерекшелікпен ерекшеленеді. Соның ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыруға қатысты дәстүрлеріне тоқталып өттік.

Пайдаланған әдебиетер тізімі:

  1. Закиев М.З. Из истории культура и быта татарского народа. Казань, 1976.

  2. Закиев М.З. Из истории материальной культуры татарского народа. Казань, 1981.

  3. Хамидуллин А.Г. Татары в Казахстане. Алматы, 1997.

  4. Галиев В.З. Караванные троны (из истории общественной жизни Казахстана XYIII-XIX вв.). Алматы, 1994.