| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Нағыз жiгiт

М. Қалдыбай


НАҒЫЗ ЖІГІТ

Үзіліс кезі еді. Кафедраға енсем, орысша да, қазақша да еркін сөйлейтін сұңғақ бойлы, сылыңғыр, әсем аққұба өңді оқытушы Шынар Әлімханқызы Сәбитова қасындағы үш құрбысына әңгіме айтып отыр. Олар бар ықылас-ниеттерімен қызыға құлақ түріп, алға ұмсына түскен. Мен аяғымды ұшынан басып, жандарындағы бос орындыққа жайғастым.

Таңертеңгі мезгіл. Үйге қонақ шақырғанбыз. Дайындыққа ерте кіріскен сіңлім бірнеше тауықтың етін қазанға сап, пісіре бастайды. Анамыз өз бөлмесінде кітап оқып жатады. Мен дүкенге кеткем.

Бір кезде қазан тасып, сорпа бетіндегі май сыртқа төгіліп, газ лаулап, лапылдап жанады. Сіңлім қорқып кетіп, не істерін білмей, «газ, өрт, өрт! – деп қатты айқайлап, сыртқа жүгіреді. Оның сұмдық үрейге толы айқайын естіген көршілердің бәрі:

Газ атылып, үйдің күлі көкке ұшады, бәріміз мерт боламыз! – деп бақырып, қайсыбірі шыңғырып жылап, естерінен танады. Асып-сасқандары сондай өрт сөндіргіш мекеме – 01-ге телефон соғамыз деп жаңылысып, 03-ке телефон соғады.

Зайсаннан қыдырып кеп төргі бөлмедегі диванда демалып, газет оқып отырған туыс Нұрлан Жәкішев ағам у-шуды ести сала орнынан ұшып тұрып, жалындап жанған отқа оранып өлем-ау демей, газ плитасына жетіп барып, жанындағы шүберекті тез суға малып, газды өшіреді. Қолының білегі жалынға күйіп, күлдіреп қалады. Нұрлан ағамның аса қатерлі сын сағатында асып, саспай, ақылын, ерік жігерін жоғалтпай, қаншама адамды ажал апатынан құтқарып қалған ерлігіне әлі күнге тәнтімін. Бір мен ғана емес, Зинаида Николаевна Сазонова, Нұрлан Мұхамедиев, Николай Насыров, тағы басқа, қысқасы барлық көршілеріміз де:

Ағаңды сонау Зайсаннан бізге Құдай айдап келді. Татар дәміміз, көрер жарығымыз бар екен. Егер ол болмағанда қандай күйге ұшырар едік, – деп алғыстарын жаудырып, қуаныштан көздеріне жас алған да еді.

«Бақ қонатын адамның ұлы епті, қызы көрікті болады» деген мақал еріксіз есіме түсті. Шын мәнінде ағаңыз бақ қонған ер екен! Сөзбен айту оңай, мұндай сын сағатта көп адамның асып-сасып, ондай батыл әрекетке бара алмай қалуы да мүмкін, – дедім мен толқи сөйлеп.

Ой, ағай, сізге үлкен рақмет. Менің ағама тамаша баға бердіңіз, бұл біздің ойымызға келмепті, – деп Шынар маған мейірлене қарап, сөзін жалғады. – Туыс ағамның атасы көріпкел емші болған. Осы Алматының бір прокуроры кейде есінен айырылып, не істеп, не қойғанын білмей қалады екен. Көп дәрігерге қаралады. Ешқайсысынан шипа болмайды. Зайсанда бір үлкен білгір ақсақал бар. Сырқаттарды дем салып емдейді, деген хабарды естіп, әлгі прокурор сол кісіге барады. Емші үлкен атамыз оны жазады. Мұндай қасиет менің анамда да бар.

Туыс ағаңыз Нұрлан туралы тағы айта түсші? – деп өтінді үш құрбының бірі.

Алаяқ көп кісілердің ақшасын алдап алып, бір жігітті пышақтап, Зайсаннан қашып кетеді. Қайда жасырынғаны белгісіз. Екі жыл бойы іздестіріп, оны ешкім ұстай алмайды. Бөлім меңгерушісі:

Сені іссапармен Алматы қаласына жұмсағалы отырмыз. Ол шамамда үлкен қалада сайрандап жүрген сияқты, – дейді. Туыс ағам Алматыға кеп анама сәлем берді.

Маған жүктелген тапсырма өте қиын әрі жауапты. Екі жылдан бері қолға түспей жүрген қылмыскерді іздей келдім. Не істерімді білмеймін, – деп өз уайымын айтты.

Шай ішіліп, дастарқанға бата жасалған соң, анам:

Нұрлан қарағым, марқұм атаң көріпкел кісі еді. Сен орталық мешітке барып, ата-бабаңның аруағына бағыштап құран оқытып, құдайы бер. Жолың ашылады, – деді.

Туыс ағам мешітке барып, құдайы беріп, ата-бабасының аруағына құран оқытып боп, іргедегі сырт киімін киіп жатса, екі жыл ұстай алмай әуреге түскен қылмыскер басына сәлде орап, қолына таспих ұстап, молда боп жүрген сәтін байқап қалады. Есін жиюға мұрша бермей жіті қимылдап, қолына кісен сап, тұтқындайды.

Ой, тамаша!

Ол сұмырайға сол керек!– деп Шынардың қасындағы құрбылары қуана дауыстап, балаша мәз болды. Мен де қуанып:

Алаяқтар түрлі айлаға барады деген рас екен-ау, – деп ойға шомдым.

Туыс ағам былтыр үйімізге тағы келді. Бір қанішер жас жігітті өлтіріп, із жасырыпты.

Осы қылмысты ашар деп өзіңе үміт артам, – дейді бастығы.

Менен басқа жастар бар ғой. Солардың біріне тапссырмайсыз ба? – деп едім:

Олардың тәжірибесі жоқ. Екі ай Алматыға іссапармен барасың деп бастығым тағы мені жіберді. Шаршап жүр едім. Оның үстіне әкем төсек тартып жатыр. Кішкентай бауырларымды да ойлап мазам жоқ. Оларға да көмегім керек еді, – дейді қинала қабақ шытып. Анам:

Сен тағы да мешітке бар. Осы 2-3 күн ішінде ол қылмыскерді табасың. Жолың болады. Қылмыскердің ағасының Алматыда тұратынын біледі екенсің. Ол да саған көмек, – деді жігерлендіре сөйлеп.

Мешітке, одан қанішердің ағасының үйіне барып, онда жоқ деп қайтып келді.

Әрине, ағасы шынын айтпайды. Оның кіммен араласатынын астыртын біліп ал, – деді анам.

Ағасы да жұмыс істемейді екен. Қапшағайдағы бір жолдасының үйіне барып тұратын көрінді.

Оның жолдасының кім екенін, мекен-жайын анықтадың ба?

Анықтадым.

Енді сен сонда бар. Барғанда ізіңді байқатпа.

Нұрлан ағам кешке үйге келді. Қабағы түсулі.

Барып едім, ол жақта жоқ.

Тағы бар, – деді анам. Туыс ағам ертеңіне құлқынсәріден оянып, Қапшағайға аттанды. Барып, қылмыскердің сол үйде отырғанын көреді.

Тұтқиылдан тап беріп, тырп еткізбей қолына кісен сап, тұтқындайды. Бұл мен білетін жағдайлар. Ағамның басқа да шым-шытырық оқиғалары көп.

Нұрланның адамгершілігі жөнінде не айтасың? – дедім мен Шынарға сұрақ қойып.

Адамгершілігі мол. Біреуден бірдеме алып қалсам деп ойламайды.

Қиын жағдайға ұшыраған кез келген адамға көмектесуге, тіпті бауырлары жоқ жалғыз жандарға да әрдайым қол ұшын беруге әзір. Әкесі соғысқа кетіп, қайтпады. Нұрлан менің әкемнің тәрбиесінде өсті.

Онда бірге туған екен ғой, – дедім мен көңілдене түсіп.

Ең қымбат ағам. Жастар неге жаман жолға түсіп, қылмысқа барады? Оның орнына оқу оқып, білім алып, неге жұмыс істемейді? Өз келешегіне өзі балта шабу ақылды адамның ісі емес қой. Мұның бәрі ата-ананың дұрыс тәрбие бере алмаған кемшілігі деп ойлаймын. Менің жастарға жаным ашиды. Адамдарға қолымнан келгенше жақсылық жасасам деймін, – дейді Нұрлан ағам сырласа қалсаңыз.

АДАМГЕРШІЛІК ЖЫРЫ

1. НАҒАШЫ АПА ПЕРНЕ

Көк аспан төрінен шығысқа қарай қопарыла көшкен тау-тау қарасұр бұлт кескінін көріп, Ұлжан апай басынан кешкен ауыр да азапты жылдар еріксіз есіме түсті. «Халық жауы» деген жаламен әкесі Тәңірберген Отарбаев сотталып кеткенде бір айлық, анасы Мәриям қайтыс болғанда бар-жоғы алты жасар ғана бала екен. Бәрінен анасынан айырылған қаралы күндері ет жақын бір туысының әйелі:

Бұдан біраз жыл бұрын берген бұзауымды өзіме қайтарыңдар, – деп әлек салғанда, нағашы жеңгесі Нұрипа:

Мына үш жетімнің жалғыз қорегі – сиырды әкетсең, бұлар қалай күн көреді? – дейді шошына тіл қатып.

Олай болса, маған мына қызды басы бүтін бересіңдер, – деп Ұлжанды Ленгер ауданындағы ауылына алып кетеді. Сол күннен бастап, Ұлжанның көрмеген қорлығы жоқ. Таңелеңнен үй тірлігін істеп, күндіз қой бағады. Кешкілік ошаққа от жағып, күл шығарады. Аяқ-қолы күс-күс, қотыр.

Туысының Ұлжаннан бір жас үлкен қызы ерте жатып, кеш тұрады. Ерке, шөп басын сындырмайды. Бірде көрші әйел:

Айналайын шырағым, әп-әдемі-ақ қызсың, жанашыр ешкімің жоқ па? – деп сұрайды.

Нағашы апам Перне бар. Ол кісі алыста тұрады, менің мұнда кеткенімді білмейді, – деп Ұлжан еңіреп жылайды.

Кезінде медресе салдырып, бала оқытқан Кенжеқожаның Рәбиға деген қызы Ұлжанның нағашы апасы Пернеге жолығып, іссапармен Ленгер ауданына бара жатқанын айтады.

Айналайын, маған хабарламай Ұлжанымды Пәленше алып кеткен екен. Сен оны танисың. Ол Пәлен ауылда тұрады. Барып, халін білші? Түсіме кіре береді. Ошаққа от жағып, ботқа пісіріп жатыр екем деймін, қарным тоятын болды деп кішкентай Ұлжаным қуанып, мойныма асылып жүр. Оянсам, түсім, – дейді қамығып.

Өткен өмірінің ауыр кезеңін күрсіне отырып, есіне алған Ұлжан апай оқиға желісін былай жалғады.

Қалаша киінген бір әдемі әйел келді. Туыс жеңгем үйде жоқ еді. Ол кісінің қызына қарап әдемі әйел:

Ұлжан! – деді. Ол қыз үнсіз, сұқ саусағымен мені көрсетті. Мен ошақ қасында отырғам, үсті-басым күйелеш, қап-қара, киімдерім жұлым-жұлым. Ол әйелдің маған келгенін білсем де, жанына жақындай алмадым. Жақындасам, үйдегілер ұрсар деп қорықтым. Қолдарым қотыр, жара, аяқтарым күлкілдеп ісіп кеткен. Көзімнен аққан жасымды көріп, әйел бұрылды да, ештеңе демей кетіп қалды.

Кешке көрші ауылдан оралған туыс жеңгем ашуланып:

Үйге келіп жүрген ол кім?!– деп сұрады

Білмеймін.

Әдемі әйел нағашы апама барып:

Ана қызыңыз қор боп жүр. Тезірек алып кетпесеңіз ауруға шалдығуы мүмкін, – депті. Бірер күннен кейін нағашы апам, Қайрат ағам келді. Қайрат ағам менен жеті жас үлкен еді.

Мезгіл сәске түс болатын. Нағашы апам келе салысымен:

Ұлжан қызымды әкетем, – деді. Туыс жеңгем:

Мен сиырға айырбастап алғам, ешкімге бермеймін! – деп айқай-шу шығарды. Қайрат ағам:

Менің қарындасымды қандай күйге түсіргенсіңдер?! – деп жылап жүр. Нағашы апам бір қолымды, туыс жеңгем екінші қолымды ұстап, әрқайсысы мені өздеріне қарай тартады. Ары-бері бұлқынып:

Апа, қолымды жіберіңізші? – дедім. Нағашы апам қолымды босата салды. Енді ешқайда бармайды деп ойласа керек, туыс жеңгем де мені еркіме қоя берді. Сол-ақ екен бетімнің ауған жағына қарай жүгіре жөнелдім. Апам мен ағамның қай жолмен келгенін де білмеймін. Ұзыннан, көлденеңінен созылып жатқан жолдың біріне түсіп, безіп барам. Бір кезде Қайрат ағам соңымнан қуып жетіп:

Ұлжан! Қорықпа, сен құтылдың, – деді. Ентігімді басып, ес жидым. Нағашы апам біраздан кейін жаныма кеп аймалап, бір жылап, бір қуанды. Арықтың жағасына әкеп, мені жуындырып, жаңа киім кигізді. Ескі киімдерімді басымнан айналдырып, анандай жерге апарып, «бар бәлекет осымен кет» деп өртеді.

Мені киіндіріп жатқанда нағашы апам:

Маған айтпай Нұрипа сені неге беріп жіберді? – деп қайта-қайта өксіп жылады.

Апа, мына киімдерді қайтып алып қоймайсың ба? – деп мен сұрай бердім.

Бұдан да жақсы киімдер әперем, қызым, – деп ол кісі мені аймалап, қуанта түсті.

Ұзақ жүріп нағашы апам үйіне келдік. Ұлдары мен қыздары жабайы адамды көргендей маған таңырқап қарайды. Аулада емін-еркін асыр сап ойнап жүрген оларға қызығам.

Ананы же, мынаны же, – деп нағашы апам қолыма ұстатпаса, дастарқанға өздігімнен қол созбаймын.

Әй, сен неге өзің алып жемейсің? Осы үйде саған ешкім тимейді. Тимек түгілі сәл даусын көтеріп, сөйлеп көрсінші?! Сенің шешең өлгенше, менің өлгенім жақсы еді, – деп кейде апам жылайды. Керемет мейірімді кісі еді. Бесінші сыныпқа дейін қолында болдым. Соңғы кезде жиі төсек тартып жатып қалатынды шығарды.

Ертең мен өліп кетсем, әкеңнің туыстарын тауып ал. Ол кез қиын заман еді. Ешкімге өкпелеме, – деп ақыл айта бастады. Бір күні мені қалалық оқу бөлімінің меңгерушісіне ертіп барды. Марқұм нағашы апам өте жақсы, ақылды адам еді.

Ұлжан осы сөздерді айтып, өзін өзі ұстай алмай егіле жылады.

Бір қауым уақыттан кейін көз жасын тиып:

Біз тұрған үй Шымкент қаласының қазіргі орталық әмбебап магазинінің орнында еді, – деп үһілей күрсінді. – Көрші қарттар кейде үйге кеп:

Мәслихат өткізбек ойымыз бар. Сіз қандай кеңес бересіз? – деп нағашы апаммен ақылдасатын. Ол кісі әйел болса да, ер кісі сияқты еді.

Мені қалалық оқу бөлімінің меңгерушісіне ертіп барды дедіңіз де, ар жағын айтпадыңыз, –деген маған:

Соңғы кезде осындай әдет таптым, қарағым. Кешір, – деп Ұлжан апай аздап езу тартқандай болды. – Нағашы апам қалалық оқу бөлімінің меңгерушісіне:

Мына қызымның әкесі де, шешесі де жоқ. Интернатқа ал, – деді. Ана кісі:

Апа, 4 ұлыңыз бар, бәрінің тұрмысы жақсы, жоғары лауазымды қызметте. Осы қаршадай бір қыз үйіңізге сыймай ма? Интернатта орын жоқ, – дегенде:

Шырағым, 4 ұлымның өз балалары бар. Олардың маңдайынан шертсе, менің жүрегім ауырмайды. Өйткені, өз әке-шешелері. Енді біреу мына қызымның маңдайынан шертсе, жүрегім ауырады. Кеңес үкіметі тұмсықтыға шоқыттырмай адам ғып шығарар, көзімнің тірісінде интернатқа өткізіп кетейін деп алдыңа әкелдім. Әке-шешесі жоқ жетімді алмағанда кімді аласыңдар. Алмасаңдар, Мәскеуге хабарлаймын, – деп ашулана таяғын тоқылдатып еді, ана кісі үн-түнсіз мені интернатқа қабылдады...

Нағашы апам:

Мыналар ертең бір-біріне сәлем бере ме, бермей ме? Кім білсін? – деп өзі салдырған үлкен үйлерді ұлдарына беріп, өзі кішкентай үйшікте тұрды. Бөлек қазан асты.

Апа, ана немереңіз жаңа көйлек киіп жүр, – десем:

Саған да тігіп берем, – деп жаңа матадан көйлек тігіп беретін. Апамның бір ұлы соғыста тұтқынға түсіп қап, қызметке араласа алмай, сауда жағын таңдады. Өзі өте ақкөңіл, қайырымды кісі еді. Абдрахман Рысбеков деген ұлы Шымкентте, Жамбылда сот боп, бір ұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет істеді.

Төрт келінің бар. Мына Ұлжан да, сіз де солардың қолында тұрмадыңыздар ма? – деген таныс кісілерге:

Ұлдарымның кішкентай бүлдіршіндері, келетін қонақтары бар. Келіндер жақтыра ма, жақтырмай ма? Өз алдымызға отырғанымыз жақсы, – дейтін.

Интернатта оқып жүрген кезімде демалыс күндері апама баратынмын. Барғанда, үлкен үйлердің аулалары таза сыпырылып, апамның үйшігі алды сыпырылмайтын.

Ә-әй мыналардың тіршілігі-ай, – деп шешініп, жұмыс киімімді кием де, арықтан су әкеп, шолпылдата шашып, апам үйшігінің төңірегін сыпырып-сиырып, тап-таза етіп қоятынмын. Ағаларым үйлерінің маңын сыпырмайтынмын.

Нағашы апам Перне жетінші сыныпта жүргенімде қайтыс болды. Сонда ғана өз шешемнің жоғын білдім. Оған дейін ол кісі тірі, өмірде бар сияқты сезілетін...

2. ШӘКІРТ

Ұлжан апай аласа бойлы, етті-жеңді кісі. Соңғы кезде толыңқырап, жүріп-тұруы қиындай түскен. Жасының ұлғайғанына қоса жүрек талма ауруы бар. Өң-түсі кәріске ұқсаңқырайды, көздері аздап кішілеу.

Анда-санда үһілеп қойып, сөйлеп отыр.

Қайрат ағам бір жолы: «Ұлжан, сен неге шешемізді есіңе алмайсың? Керісінше, әкемізді аузыңнан тастамайсың. Ол кісіні оқымысты болғаннан кейін ұмытпайсың ба?» – деді. Бетіне қар-а-ап тұрып:

Қайрат аға, әкемді көргенім жоқ, оқымысты екенінен де хабарсызбын. Әйтсе де неге екенін білмеймін, өмірбақи әкем, әкем деумен келе жатырмын. Осы күнге дейін, жасым жетпістен асса да, әкем туралы бір дерек, естелік, не сурет тауып алам ба деп газет-журналдарды, жаңа жарық көрген кітаптарды қарап жүрем, – дедім.

Кезінде Баукең, Бауыржан Момышұлы аға ең қымбат ұстазым деп әкеңіз туралы маған көп сыр шерткен еді. Оның біразын «Ұмытылмас кездесулер» деген кітабымда жаздым да ғой, – деген маған:

Оны оқыдым, жарығым. Бауыржан ағамен алғаш танысқанымда: «Мен саған арабша оқуды үйретейін» – деген болатын. Мен қызығушылық таныта қоймадым. Танытпаған себебім, жөнді меңгере алмай, ол кісінің алдында ұятты боп қалам ба деп қорықтым.

Баукең:

Айналайын қарағым, саған барлық уақытта есігім ашық. Келіп тұр, – дейтін. Біздер, жетімдер кім жылы сөйлесе, соған қуанып, мәз боп көтеріліп қаламыз ғой. Бір жолы үйінде шай ішіп отырып:

Пәленше де әкемнің қолында оқыпты. Ол кісіге әлі барғам жоқ, – деп қалдым. Бауыржан аға от басып алғандай ыршып түсті.

Бар! Орныңнан тұр да бар! Оған қазір бар! Жүгір! Неғып отырсың?! – деп қатты дауыстап, орнынан ұшып түрегелді. Өң-түсі мүлде өзгеріп, тана көздері от шашып, түтігіп кетті.

Мен соншалықты ашуланатындай не болды деп шошып қалдым. Бір кезде Бауыржан аға сабасына түсіп:

Ол оңбаған ұстазына рақмет айтудың орнына, Тәкеңнің көзі жұмыла салысымен өлеңін ұрлап, өзін жамандап жазған. За это я призираю его! – деді қаһарланып.

Ол кезде ауыл шаруашылық институтында істейтінмін. Сырттан оқу бөліміне түскелі емтихан тапсырғандардың бағаларын қорытып, кім шаруашылықта, кім әскерде қызмет етті, қай пәннен қандай білім деңгейін көрсетті, бәрін жазып, реттеп жатқанбыз. Бауыржан аға жетпіске толып, елінде өтетін тойына мені ертпек болды. Жұмыстан сұранып едім, проректор рұқсат етпеді. Жәмила апай:

Неменеге сонша кергиді? – деп ректорға телефон соғып, мені сұрап алды. Поезға міндік. Купеде бес адамбыз. Бауыржан аға, Жәмила апай, мен, Қалысбек, Қалысбектің қара күйеу баласы. Сөйлесіп отырмыз. Баукеңе анау да, мынау да кеп сәлем береді. Демалатын мезгіл жетіп, Қалысбек екеуміз жоғарғы қабатқа шығып жаттық.

Бауыржан аға аяғын созайын десе, ана қара бала кетпей, бүйірдегі шамды жағып, бірдеңені оқи қалыпты. Аға ары отырды, бері отырды. Аяғын созып, демалайын десе, ана қара бала былқ етер емес. Бір кезде:

Әй, бұл не?! Мынау қандай оқымысты өзі?! Сен кімсің, қайдан келгенсің?! Шақырыңдар жолсерікті!– деді Баукең ашуланып. Қалысбек төменге секіріп түсіп, қара баланы сыртқа сүйрей жөнелді. Оған басқа жақтан орын тауып берген болу керек, сәлден кейін өзі қайтып келді.

Бауыржан аға қатты қаһарға мініп:

Қандай адам өзі?! Аяғымды созайын десем, сіресіп отырып алған бұл кім?! – деп еді, Жәмила апай:

Қалысбектің күйеу баласы, үйіне қыдырып келген екен, – деді.

Қалысбек кім?!

Сіздің жиеніңіз.

Е, ол менің екі туып бір қалғаным ба?

Артық сөзді қойсаңызшы, Бауке. Жоғарыда қызыңыз жатыр.

Қап! Жәмила апай ашулы адамның ашуын қоздыра түсер сөз айтпай-ақ қоймады ма? Енді маған да: «Ол екі туып бір қалғаным ба?!» – дейді-ау деп бір уыс боп бүрісіп, қысылып барам. Жәмила апай:

Жоғарыда қызыңыз жатыр, – дегенде:

Қандай қыз? – деді Баукең.

Ұлжан.

Мм... она не глупая женщина, – деп Баукең екі рет қайталап айтты.

Таразға жеттік. Көп адам қарсы алды. Көпшілік ішінде Мартайдың ажырасып кеткен әйелі Ақыл да жүр. Студент кезінен танитын едім, шүйіркелесіп қалдық.

Бауыржан ағаны Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов қабылдайтын болды. Сол екі арада Ақыл маған:

Шаштаразға барайықшы? – деді.

Ана кісілерден рұқсат сұрайын, – деп едім:

Рұқсат сұрамай-ақ қой, қазір-ақ келеміз, –деп мені жетектей жөнелді. Барсақ, кезек. Біраз бөгеліп қалдық.

Бірінші хатшы қабылдауына шақырған кезде Бауыржан аға:

Ана қыз қайда? Ұлжан неге көрінбейді?– деп мені іздепті. Жәмила апай білмеймін деп долданыпты. Бір кезде жанына жақындап едім:

Әй, немене сен, шашыңды осы жерде көріп қалдың ба? Бірінші хатшы қабылдауына сені бірге апарам деп іздеп таппай, Баукең маған қанша сөз айтты. Шошаңдап, мынаған неге еріп жүрсің?! Бұл Мартаймен тұрмайды, ажырасып кеткен. Мұны қайдан тауып алдың?! – деп Жәмила апай бұрқылдап ұрысты.

Енді не істеймін? Болары болды ғой, кінәлімін, әпке, – дедім.

Ашуы тарқаған соң:

Баукеңді бірінші хатшы Бектұрғанов қабылдады. Ағаң ол кісінің сөздерін жөнді тыңдамай, темекі шегіп, өзінің алдында тұрған күлсалғышқа көңіл бөлмей, Бектұрғановтың алдындағы күлсалғышқа темекі күлін түсіріп, мыжғылай езіп, онымен де қоймай кең бөлме ішін саябақты аралағандай ары-бері кезіп жүрді. Мұның бәрін Баукең бірінші хатшының шамына тию үшін әдейі істеді, – деп Жәмила апай күлді.

Ана кісі не деді?

Ештеңе демей, үнсіз төзіп бақты. Жақпайтын бірдеме десе, ағаң орнынан тұра алмастай етіп, сілейте соқпақ қой. Соны түсініп, Бектұрғанов өзін ұстай білді. Ол кісі де оңай кісі емес екен...

Баукеңнің кіндік қаны тамған туған жері – Жуалыға бардық. Мәдениет үйінде кездесу болды. Адам деген қарақұрым. Маған да сөз берді. Мен сөзімнің соңында:

Ақты қара, қараны ақ деп түлкіше құбылған заманда Бауыржан аға ешкімнен қаймықпай «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен менің әкем Тәңірберген Отарбаевты асыл ұстазым, ол болмаса, мен жазушы болмас едім деп өмірбойы ардақтап, құрметтеп, жазып та, айтып та келеді. Бұл тек ары, жаны таза адамның ғана қолынан келер ерлік. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей болмас үшін нақты дәлелім – Бауыржан аға қаламын айға білеген не бір қабырғалы жазушыларды қасына ертпей, сіздердің араларыңызға мені ертіп келіп тұр. Мұны мен ағаның ұстаз сыйлай алатын, адам сыйлай алатын адамгершілігі деп біліп, басымды ием, – деп жұртшылық алдында Баукеңе тізерлей басымды идім.

Зал іші шапалақтан жаңғырып кетті.

Алматыда өткен бір той есіме түсіп тұр, – деп жұрт шапалағынан арқаланып, сөзімді жалғадым. – Онда мен жиырма жаста едім. Үзіліс кезінде үлкен профессор апайлар, ректордың, проректордың, деканның жұбайлары дәлізде шүйіркілесіп:

Неге ер кісілер ғана сөйлей береді? Бізді, әйел жолдастарды неге елемейді? – деп күңкілдесті. Үзіліс аяқталып, орын орнымызға жайғастық. Ойымда ештеңе жоқ, Мұстафа деген ағайым даусын созып:

Біздің оқымысты Тәңірберген Отарбаев ағамыздың көзі – Ұлжан қарындасымыз сөйлейді, – деп бірінші маған сөз берсе бола ма? Сасып қалдым. Мен бір әшейін Алматыда елеусіз жүрген біреумін. Әке-шешеден ерте айырылған тас жетіммін. Намысқа тырысып, сөйледім.

Өлең айт, шырағым, – деді отырғандар. Өлең айттым. Аясхан деген ағам жаныма кеп:

Ой, қарындасым, ризамын. Неге Тоқболаттың қызы осал болады деуші едім, осал емес, керісінше, шалбарының жыртығын қолымен көлегейлеп көрсеткісі келмейтін намысқой ер азаматтар тәрізді намысқой екенсің, –деді. Қуаныштан көңлім босап:

Алматыда адасып жүрген мені де адам деп елеп сөз береді деген ой басымда мүлде болған жоқ еді. Тағы маған бірінші сөз бердіңіз. Соған өзім, шынымды айтайын, төбем көкке жеткендей қуансам да, көпке дейін сенбедім. Қатты толқыдым. Сонда өзімді бірінші рет адам сияқты сезініп, жыладым. «Қой, қарағым, жылама. Сенің әкең біздің әулеттің ішінде бірінші оқымысты адам. Сенде әкеңнің ұшқыны бар. Әйел болсаң да, ер азамат сияқтысың» – деп жұбатқан еді. Енді, міне, Бауыржан ағаның елінде, мына сіздердің орталарыңызда өзімді нағыз ер азамат ретінде сезініп тұрмын. Қиындық маған сөз емес, қиындықтың талайын жеңдім, жеңе берем. Ар-намысыма ешуақытта кір жұқтырмаймын. Мені қайраттандырып, жігерлендірген, қанаттандырған әкемнің, Бауыржан ағамның, халқым сенің рухың, – деп едім, жұрт дүркірей қол соқты.

«Ағасына қарай інісі, апасына қарай сіңлісі», «Әкені көріп ұл өсер, ананы көріп қыз өсер» дегендей Бауыржан ағамыздың бойындағы елсүйгіш, отансүйгіш, ұстазсүйгіш, тағы басқа да толып жатқан асыл қасиеттері ұрпағымызға мәңгі жұғысты болсын, – деп сөзімді аяқтап орныма қарай кетіп бара жатыр едім, алдыңғы қатарда отырған адамдар басын шұлғып, Бауыржан аға жақты нұсқады. Бұрылып қарасам, аға мені сұқ саусағымен өзіне шақырып тұр екен. Қасына барып ем:

Я теперь верю, что ты дочь Такена, – деп маңдайымнан сүйді. Сондағы менің қуанғанымды көрсең, қанат бітіп, ту биікте самғап ұшып жүргендей, тұлабойым от боп маздап жанып жатқандай күй кештім. Жанарым жасқа толып кетті. Әзер өзіме өзім келіп, тәлтіректей басып, орныма қарай жүре бергенімде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы:

Сізді менің де сүюіме рұқсат па? – деді қиыла өтініп. Бауыржан ағаға көз тастап едім, рұқсат дегендей басын изеді. Ол да маңдайымнан сүйді.

Аудандық атқару комитетінің төрағасы ма, әлде орынбасары ма, білмеймін, жылтыңдап жүрген біреу:

Бауыржанға да, ана орысқа да сүйгіздің. Маған неге сүйгізбейсің? – деп қорбаңдап, ұмтыла бастағанда бұрылып кетіп, орныма кеп отыра беріп едім, Жәмила апай:

Баукең сені шақырып ап не айтты? Керемет құлпырып кеттің ғой, – деді бір түрлі қызғанғандай.

Я теперь верю, что ты дочь Такена деді, – деп едім:

О, Құдай-ау, сенің Тәкеңнің қызы екеніңді Баукең бұрыннан да айтып жүр ғой, сені жақсы көреді, – деп күлді.

Мен Жәмила апайға жауап қатқам жоқ. Жауап қататын халде емес едім. Бауыржан ағаның әкем Тәңірберген Отарбаевтай ұстазының еңбегіне бар жан-тәнімен толық риза екеніне көзім жетті. Әлгі бір ауыз сөзі жүрегіме мөр басқандай, сол кісінің ұрпағы екенің білініп тұр деп баға бергендей керемет әсер етті.

Я теперь верю, что ты дочь Такена, – деп маңдайымнан сүйгенде кәдімгі орденнің орденін алғандай болдым. Бұрындары Бауыржан аға:

Әкеңе тартпағансың, бойың қортық, шырағым. Көңліңе келсе де айтайын, Тәкең ұзын бойлы, сұлу кісі болатын. Сен Тәкеңнің атын жамылған біреу шығарсың? – деп талай айтқан. Сол сөз ылғи көңлімде жүретін.

Аға, менен 16 жас үлкен әпкем, 6 жас үлкен ағам бар. Ең соңында туғандықтан кішкентай боп қалған шығармын. Қуанатыным, әкем барда дүниеге келгенім, – дегенімде, Бауыржан ағаның аха-ха-халап, рахаттана, ұзақ күлгені де есімде.

Оның үстіне Яхтия әпкем де:

Сені кәрістер жоңышқаның ішіне тастап кеткен екен. Өзіңді сол жоңышқаның ішінен тауып алғанбыз, – деп те айтып қоймайтыны көңлімді бәсейтетін.

Жоқ, мен әкемнің таза ұрпағымын! – деп кеуде кере тыныстауыма Бауыржан ағаның жоғарыдағы бағасы маған керемет қуат сыйлады.

Аруағынан айналайын Бауыржан аға қайтыс болар алдында Министрлер кеңесі ауруханасында жатты. Сіңлім Дарияны ертіп, көңлін сұрай бардым. Асыл ағам тілі күрмеліп, жөнді сөйлей алмай қалған екен.

Тәкең әлі ақталады, – деді әлсіз үн қатып.

Аға, ақталды ғой, – деп едім:

Заң жүзінде ақталды. Енді әдебиет әлемінде ақталуы керек, ол кісінің еңбегінен диссертациялар жазылуы тиіс. Тәкең ақталады, – деді әр сөзін бөліп, бөліп айтып.

Бұл ол кісіні соңғы көруім еді. Бауыржан ағаның Тәкең әлі ақталады дегені – жазғандары әлі жарыққа шығады дегені екен. Ол кісінің сол сөзі де есімде. Әйтеуір бір жерден әкем туралы бірдеме табылып қала ма деп екі көзім газет-журналдарда, кітаптарда болады. Бойымда әл-қуатым барында сол тапқандарымды жинап, бір жерге шоғырландырып кетсем деймін. Жақында «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы, 24 желтоқсанда жарық көрген 51-санында әкемнің 1918-жылы Ташкентте тұңғыш ашылған педагогикалық курста сабақ бергені, кейін ол курс педагогикалық техникум, Абай атындағы педагогикалық институт болғаны, біздің үйімізге Жүсіпбек Аймауытовтың жиі келіп тұрғаны, әкем қолында Ғани Мұратбаевтың, Құрманбек Жандарбековтың оқығаны жазылыпты.

3. МЫҢ БІР РАҚМЕТ, МАХАМБЕТ АҒА

Уақтыңды алып қойдым ба, қарағым?

Жоқ, апай, құлағым сізде.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының Ырысты ауылында тұратын, 2-ші Белорус майданында оң аяғынын айырылған, Сталин, Жуков медальдарымен, сауда саласында 42 жыл үзбей жұмыс істеп, Ленин орденімен марапатталған 84 жастағы әкемнің туысы Махамбет Әлібеков ағам керемет мейірімді, бауырмал кісі. Қайрат ағама да, маған да көп жақсылық істеді.

Ол кісінің үйіне жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде Қайрат ағам: «Мақтааралда туыстарымыз бар,» – деп ертіп апарды. Әкеміз Тәңірберген Отарбаев «халық жауы» деген жаламен ұсталып кетіп, балалар үйінде өскен біз жасқаншақпыз.

Барарда Қайрат ағам өзі жүк машинасының үстіне мінді де, мені шофердің бер жағындағы әженің қасына отырғызды. Әже ә дегеннен мені жақтырмай, шынтағымен шетке итеріңкірей түсті.

Межелі жерге жеткенімізде Қайрат ағам машинаны тоқтатып:

Ұлжан, келдік, – деп еді, әже:

Немене, саған қазақтың қызы жетпеді ме? Қасыңа кәрістің қызын ертіп алыпсың?! – деп ашуланды.

Ой, апа, бұл менің туған қарындасым, – деді Қайрат күліп.

Ә, кешір айналайын. Әп-әдемі қазақтың баласы кәрістің қызын қайтеді деп бағанадан бері ашуланып отыр едім, – деп әже ақтала сөйледі.

Әлібек атам (Махамбет ағамның әкесі) Тәңірбергенімнің көзі деп маңдайымыздан сүйіп қарсы алды. «Халық жауы» деген сөзден қорықпай әкемнің отбасымен түскен суретін төріне іліп қойыпты. Түр-тұлғасы оқымыстыны еске салар, әдемі, келбетті келген Әлібек атам керемет бауырмал кісі екен. Ет-жүрегім елжіреп, өзін бірден жақсы көрдім.

Қайтарымызда Махамбет аға бірсыпыра киім кигізіп, қолымызға ақша ұстатып, жолға шығарып салды. Туыстардың арасында да жақсылары бар екен-ау деп тұңғыш рет жақын адамымның мейрімін сезініп, Шымкентке мейманам таси оралдым.

Оныншы сыныпта оқып жүргенімізде бізді Мақтааралға мақта теруге апарды. Жауын жауған күні мұғалімімнен сұранып, Махамбет ағаның үйіне бардым. Әлібек атам:

Қызым, жалғыз қорықпай қалай келдің? – деді.

Кімнен қорқам, ата? Жолды Қайрат ағам көрсеткен. Мына көрші ауылда мақта теріп жатырмыз.

Дұрыс, айналайын, келгеніңе қуанып қалдым. Яхтия, Қайраттың жағдайлары қалай?

Бәрі жақсы, ата.

Есімнен кетпей жүрген тағы бір жағдай, үйлері алдындағы бақшалықта қауын, дарбыз домалап жататын. Жесең, сондай тәтті. Бәрін Әлібек атам өзі егіп, баптап өсіретін көрінді. Мінезі жайдары, көп сөйлемейтін, қандай істі қолға алса да үнсіз тындыратын ол кісі әулеттің бас-көзі, ұйытқысы да екен.

Қыздар институтының екінші курсына өткенімде киімім тозып, қаржыдан қысылдым. Кімге айтам? Қамқоршы нағашы апам Перне жоқ. Қайрат ағам, Яхтия әпкем өздерімен өздері. Көмек қолын созуға қауқарсыз. Ары ойланып, бері ойланып, Мақтааралдағы Махамбет ағама телефон соқтым.

Бұл қай жылы?

Бұл әлі ел тұрмысы оңала қоймаған 1958-ші жылы. Арада бір жеті өтті ме, өтпеді ме, менің атыма мың сом ақша келіп тұр.

Ой, мынау не деген көп ақша?! Маған екі жүз сом салып жіберсе де жететін еді, – деп есім шыға қуандым. Жайма базарға барып, миллионердің қызы сияқты ана киімді, мына киімді таңдап сатып алдым. Сонда бір байып, көңлім көк әлемін шарлап ұшқан еді. Кейін білдім, ол ақшаны Әлібек атам Махамбет ағама айтып, маған пошта арқылы салдырыпты.

Тиынның қадірін біліп өскен мендей жанның үнемшіл келетінін білетін шығарсың. Ол ақшаны өз керек-жарағыма есептеп жұмсадым.

Нағашы ағаларыңыз көмек қолын созбады ма?

Бар-жоғымды біліп жатпағаннан кейін оларға ештеңе айтқан емеспін.

Кейін Махамбет ағамның үйіне бір барғанымда есік алдында жүрген кісілер мені алыстан көрісімен ішке кіріп кетті. Табалдырықтан аттай бере:

Әлібек атам қайда? – деп едім, Махамбет ағам:

Атаңнан айырылып қалдық, айналайын. Бүгін жетісін бермекпіз, – деді.

Қамқоршым – бірінші нағашы апам Перне, екінші Әлібек атам еді. Енді кімім бар? – деп еңіреп жыладым. Махамбет ағам «айналайын, сабыр ет» деп маңдайымнан сипап жұбатты. Ол кісі күні бүгінге дейін атамның орнын жоқтатпай келеді.

Туысым деп аңсап тағы бір барғанымда, Махамбет аға:

Өңің сарғайып кетіпті. Ауырып жүрсің-ау, Ұлжан, – деп ауылына Тәжікстаннан келіп жатқан молданы үйіне шақырып, қойын сойып, бірнеше күн мені оқытып, ұшықтатып, бойтұмар істеткізіп, қоштасарында ол кісінің иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Бұдан артық жанашырлық, қамқорлық болар ма, сірә?

Өмірде адам баласына түрлі қиындық кездесе береді екен.

Институт бітіріп, уақытша магазинде істеп жүрген кезімде тәжірибесіздігімнен мойныма ақша мініп, сотталып кететіндей қауіп төнді. Мақтаарал ауданының Ленин атындағы совхоз директоры Әуесхан Қалыбеков, Алматы ауыл шаруашылық институтының кафедра меңгерушісі Мұстафа Батырбеков маған туыс кісілер еді. Әуесхан аға Алматыға келген сайын бір топ Тоқболаттарды мейрамханаларға апарып күтетін. Сондай бас қосуда Мұстафа аға:

Тәкеңнің қызы Ұлжанның мойнына ақша мініп, қиналып қалыпты, – деп айтыпты. Бәрі топырлап, үйіме келді. Мен аң-таңмын. Өзің көрген баяғы бір бөлме.

Барамыз деп ескерткен жоқ па?

Ескерткен жоқ. Бір-екі кесе шай ішкен соң, Әуесхан аға:

Қарағым қарындасым, қысылма. Маған жағдайыңды Мұстафа айтты. пәлен күні Мақтааралға кел. Ақша жинап береміз, – деді.

Айтқан мезгілінде бардым. Ол кісілер қойын сойып, туған-туысқандарды шақырып, қолыма қажетті көлемдегі ақша ұстатты. Риза болғанымнан жылап жібердім. Жеңгелерім:

Ой, айналайын, неге жылайсың? Біздің мұндай ағаларымыз да жоқ. Сен бізге қарағанда бақытты екенсің. Мынандай туыстарың бар, – деп жұбатты.

Енді түрмеге түспеймін деп қуанғанымнан жыладым, кешірерсіздер, – деп толқыған көңлімді бастым.

Мақтааралға кеп қалғаннан кейін Махамбет ағама сәлем берейін деп үйіне бардым. Ол кісі мені жақтырмай, суық қабақ танытып, селқос қарсы алды. Байқаймын, өзі өте ашулы.

Күн кешкіріп қалған. Бір қонып, ертеңгі автобуспен Алматыға қайтпақ ойдамын.

Махамбет ағам бетіме салқындау, түйіле қарап:

Бұл не жүріс?! – деді зірк етіп.

Бір шаруамен келіп едім, аға. Сізге сәлем бере кетейін дедім.

Безерген күйі үндемеді. Өзі соғыста болып, ауыр жараланып оралған. Бір аяғы ағаш аяқ. Өте қатал. Балаларының біреуіне математиканы, екіншісіне географияны, үшіншісіне физика, химияны үйрететін. Бәрін қарсы алдына отырғызып қойып, сабақ сұрап, білмеген жерлерін айтып, түсіндіріп отыратын. Балалары, немерелері ол кісінің бір ауыз сөзін жерге тастамайтын. Айналып кетейін ағасынан, өте ақылды, білімді, сауатты. Мүгедектігіне байланысты көп жыл магазинші боп істеді.

Үйіне бір барғанымда менің сатушы боп жүргенімді естіп:

Кіріс, шығыс, айырбас деген не ? – деп басқа да сауда саласынан сұрақтар қойып, састырғаны бар. Бригадамен істегендіктен көп сұрағына жауап бере алмай қысылған едім. Магазин директоры мені сауда құпиясын білуге бейімдемей, есік-терезені, әйнекті сүрт, ананы әкел, мынаны апар деген секілді майда-шүйде жұмысқа ғана жұмсайды екен. Содан ол кісінің алдында бірін айтсам, бірін айта алмағам. Сол есіне түсті ме, сәл-пәл жұмсарып, әйеліне:

Әй, тапшанға жай салыңдар, қойды сойғыз, – деді. Сәлден кейін мені аула ішіндегі тапшанға отырғызып, дастарқан жайылысымен арақ алдырды. Оны екі стаканға құйды да, біреуін алдыма қойып:

Мынаны ішесің! – деді бұйыра сөйлеп.

Мен ішпеймін, аға!

Ішесің!

Тұнжырай қабақ түйіп, біраз үнсіз отырды да:

Бұл не жүріс?! – деді алғашқы сұрағын қайталап, ашу-ызаға толы үнмен. – Білесің бе, сенің әкең қандай адам еді?! Сен неге Әуесханға бардың?! Ол қанша ақша берді? – деді.

Махамбет ағам менің қандай жұмыспен келгенімді білмейді деп ойласам, біледі екен. Сөйтсем, Әуесхан аға ол кісіден де ақша алған көрінеді.

1800 сом берді.

Жарылқағаннан кейін неге дұрыстап жарылқамайды? Сен ол жаққа қалай барып жүрсің?! Неге маған келмедің? Мен қатын, бала-шағамды сатсам да, саған дұрыстап ақша тауып берер едім. Әкеңнің атын ардақтағаның осы ма?! – деп өксіп-өксіп жылады. Мен де жыладым.

Бір кезде:

Әкем маған Қайратты тапсырып еді, сені тапсырмап еді, – деді. Дүр сілкіндім. Жақын адамымның жаныма батырып, ет жүрегімді езілтіп, соншалықты ашынып айтқаны маңдайымнан сүйіп, айналайын, ойлансаңшы дегендей әсер етті.

Сен неге маған келмедің?! Неге ана жаққа барып жүрсің?! – деді Махамбет ағам біраз жылап, өксігін басқан соң.

Мен ешкімге ештеңе деген емеспін. Мұстафа аға айтқанға ұқсайды. Кел деген соң келіп едім. Сіздерге ылғи кеп жүрмін ғой, – дедім.

Мұның алдында да күйеуім кандидаттық диссертация қорғайды деп 3-4 рет кеп ақша алып кеткем. Жолда Шымкенттегі Қайрат ағама жолыққанымда:

Әй, қарындасым, біздің Оңтүстікте мына жүрісің ұяттау болады. Күйеуіңді олар көрген жоқ. Ол осындай қорғайтын еді, ақша беріңдер дегеніңе кім қалай қарайды? Бір туысқаным костюміңді әкеп берші, қонаққа киіп барайын дегенімде әкелмей қойған. Әйтсе де, көңлің өзіңнен қалсын, барам десең, бар. Барғаның бір жағынан адамгершілік, – деген.

Кез келген қысылтаяң жағдайда көмек қолын созған асыл Махамбет ағам енді ашулы. Өзі денелі, кеуделі келген кісі еді. Стаканды қолыма ұстатып, іш деді. Көңлін қимай ернімді ғана тигізіп, арақты байқатпай жерге төктім.

Махамбет ағам мұрнын солқылдата тартып, жылады. Әкем тіріліп келіп, намысқа шыдай алмай ұрсып:

Мынауың не?! – дегендей, мен де қосыла жыладым. Ол кісі әзер жұбанды. Жұбанғанмен, үн-түнсіз бөлмесіне барып жатып қалды.

Ертеңіне әйеліне:

Қыз ренжімей, риза боп аттансын. Орамал, жақсы көйлектік мата бер, – деді. Баласына:

Әпкеңді аудан орталығына апарып, билетін әперіп, автобусқа отырғыз, – деп қалтама ақша салды. Ол кісі барған сайын ылғи осылай ететін. Әкем орнын жоқтатпаған ол кісіге өмірбақи ризамын, алдына басымды ием. Махамбет ағамның ешқашан ұмытылмайтын ең үлкен адамгершілігі – менен адам шыға ма, шықпай ма, ол жағын ойлаған да, оған есеп жасаған да емес. Барлық уақытта таза туыстық жолмен қолынан келген көмегін аямады.

Мен де ол кісінің адамгершілігін ұмытпай үш ұлын күйеуім Әбдіғали оқытушы боп істейтін ауыл шаруашылық институтына, бір қызын Абай атындағы педагогикалық институтқа түсірдім. Күйеуім іссапармен Мақтаарал ауданында болғанында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына жолығып, Махамбет ағаның соғыс мүгедегі екенін айтып, ескі үйінің орнына жаңа үй салдыртты.

Балалары, немерелері үйіме келіп тұрушы еді, соңғы кезде келмей қалды. Жеңгей қайтыс болғалы әртүрлі жағдайға байланысты бара алмап едім, соңғы кезде барып, өлген-жіткен туыстардың бәріне құран бағыштадым. Содан Махамбет ағамның реніші тарқап, беті бері қарады.

Денсаулығым болыңқырамай жүр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой, көзім жұмылып кетсе, ол кісіге рақметімді айта алмай қалам ба деп те қауіптенем. Өзі өте кішіпейіл. Біреуге қол ұшын бергенін еске сап, мен өйттім, мен бүйттім деп ешуақытта айтқан емес. Бірде:

Шындап келгенде сіз әкеміздің жоғын білдірмедіңіз, Бізге көп жақсылық істедіңіз, – деп қалып едім:

Әй, сөзді доғар. Болмашы нәрсені бейшара сияқты қайталап айта береді екенсің, – деп ұрсып тастады.

Мінезі қатал екен ғой?

Қатал болғанда, ол кісі әскери тәртіптің адамы.

Қазір көңіл күйіңіз қандай?

Жаз бойы 40 градус ыстықта Шымкент қалалық, Абай аудандық әкімшілігі қайда, қай кабинетте қабылдайды деп қажетті құжат-қағаздарды өткізіп, әкеме көше аты берілсе екен деп жүгіріп, әбден шаршадым, қарағым. Айтты, айтпады, әкемнің жолы ауыр екен. Өзі де ана жақта қиналып қайтыс болды ғой. Көше аты әні беріледі, міні беріледі деп тұрғанда әкім ауысып, жаңа әкім сайланды. Қайта құжат-қағаз жинадым. Әкем атына көше берілмей қала ма деп жүрегім суылдап, ой, мазам қашты. Аяғында бәрі жақсы боп, әкем атына берілген көше қуанышын тойлап, Махамбет ағама барып келдім. Ол кісі бұрыңғыға қарағанда кішкене жібіп, маған кешірімділеу бола түскен сияқты.

Барған сайын байқайтыным, ағаш аяғын салбыратып, кереуеттің үстінде ойға шомып отырады. Сөздерінің бәрі тап-тұйнақтай. Балалары бәрі жақсы, тәрбиелі, білімді, іске де, сөзге де ұқыпты, әлі күнге дейін айтқанын екі етпейді.

Ол кісінің алдында балалары түгілі мына мен де батыл сөйлей алмаймын, қорқам. Қорыққаным – сыйлағаным.

Махамбет аға өсіп-өнген жан. Төрт ұл, төрт қызынан 44 немересі, 18 шөбересі бар. Әнеукүні кенже келіні босаныпты.

Ата, нәрестенің атын қойыңыз, – десе, Махамбет ағам:

Атын қойып қойғам, – депті.

Кім?

Тәңірберген.

Соны естіп әкем тірілгендей жүрегім жарыла қуандым. Ол нәресте маған таусылмайтын қуат сыйлады. Өз өзімнен күбірлеп:

Айналайын ағатайым, өмір жасыңыз ұзақ болғай. Туысқандық мейріміңіз үшін сізге Алланың нұры жаусын, – дей бердім...