| КАЗ | РУС | ENG


Меню

«Оңтүстiк Қазақстан облысы ашаршылық жылдарында» мәселесi және оның мұрағат материалдарындағы көрiнiсi

А.К. Исатаева 

 1931-1933 жылдардағы халқымыздың басынан кешкен ашаршылық нәубеті тарихымызда өзіні өшпес ізін қалдырғаны бүгін ғана сөз болып отырған жоқ, әлі бола береді де. Расында да «ашаршылық» деген тоғыз дыбыстан ғана тұратын сөзді естігенімізде қай-қайсымыздың да болсын жүрек тұсымызға шаншудай қадалары белгілі.

Тарих беттерін ашқанымызда, мұрағат парақтарын ақтарғанымызда сол кездегі жан түршігерлік жайлардың өткенін танып жүрегіміз сыздайды. Әрине нәубеттің үлкені, кішісі болмайды. Нәубеттің аты – нәубет. Бірақ оның қолдан жасалғанына көзіңіз жеткенде қалай қиналмасқа. Барлық жайды саралай қарасаңыз, расында да бұл қолдан жасалынған. Тек Оңтүстік Қазақстан облысының тарихында ғана, қаншама жайлар бастан кешірілген. Бірінші, 1921-1922 жылғы жер реформаларында суармалы жерлер қайта бөлінді, бірақ кедейлер егін екпеді. Екінші, 1926-1927 жылдары егіндік және шабындық жерді қайта бөлу жүрді. Егіншілікпен айналысатын ауқатты, шаруалар жерлері алынып, кедейлерге берілді. Бірақ жаңа берілген жерге кедейлердің егін салуға мүмкіндігі болмады.

Осы екі реформаның өзін алсақ, егіншілікпен айналысатын ауқатты шаруалардың тамырына балта шабылды, олар егін алқаптарынан, малы көптер шабындығынан айрылды. Бұл дегеніміз – астық өндірудің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Астық тапшылығы байқала бастады. Ол аз болғандай 1928 жылдың 27-тамызында ірі байларды тәркілу жөнінде қаулы шықты. Тәркіленген малдар талан-таражға түсті. Мал басы күрт азайды. Дәл осы кезде, 1929 жылдың күзінде жаппай ұжымдастыру басталып, малды ортаға салды, ұжымдық шаруашылықтар құрылды, мал-мүлік тағы да талан-таражға түсті. Мал азайды, егін салынбады. Міне, осы шаралардың барлығы халқымызға ашаршылық нәубетін әкелді.

Мен мұны жаңалық деп айтып отырғаным жоқ. Ол белгілі жай. Айтайын дегенім, осы нәубетте басқа егіншілікпен айналысатын облыстарға қарағанда, сұрапыл адамның көп шығыны оңтүстікте болғаны. Мұрағат деректеріне жүгінсек 30-жылдардың қарсаңында Қазақстан аумағында барлығы 8 көшпелі аудан болса, оның екеуі бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысында, төртеуі Қызылорда, біреуі Жамбыл облысында, біреуі Алматы облысында болыпты. Басқа сөзбен айтқанда, көшпелі аудандардың барлығы Оңтүстік облыстарда. Ал жартылай көшпелі 12 ауданнан, төртеуі бүгінгі Оңтүстік Қазақстан, үшеуі Жамбыл, бесеуі Қызылорда облысында болыпты. Мұны не үшін айтып отырмыз. Ашаршылық егіншілікпен айналысатын аудандарға қарағанда мал шаруашылығымен айналысқан ауданды кеңінен қамтыған. Ғасырлар бойы тек мал шаруашылығымен айналысып, егіншілікпен айналысуды кәсіп етпеген қазақтар үшін жоғарыда айтқан аграрлық шаралар үлкен соққы болып тиді. Оның үстіне, шектен тыс көп салық салынуы, мәжбүрлеу, халықты мүлде титықтатты. Тіпті, кей аудандарда астық өткізу салығын егін орағы болмай тұрып тапсыруды талап еткен.

Көшпелі малшылықпен айналысатын аудандар ұжымдастыруға дайын емес еді. Ұжымдастыру үшін тек малды қоғамдастыру емес, оның тұратын қора жайы, жем-шөбі болуы тиіс еді. Өз малына өзі иелік етіп, шаруашылықты жүргізудің жеке меншікті түрін о бастан-ақ жете сезінген қазақтар қорқытып-үркіту, күш қолдану барысында ұжымдарға біріктірілді. Саясаттың дұрыс жүрмей отыруына байланысты наразылықтар шыға бастады.

Осының айғағы ретінде 1929 жылғы, кейін Өзбекстанға берілген Бостандық ауданындағы оқиғаны айтуға болады. Бостандық көтерілісінің себебі – кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы тұру болды. 1929 жылдың 27-30 қыркүйегінде орын алған жергілікті халықтың наразылық қимылдары, астық дайындау науқанында ауыр салықтар салынып, зорлық көрсетуіне байланысты болған еді. Көтерілісшілерге басмасшылар қосылып, аудан орталығын басып алды, бірақ Кеңес өкіметінің жазалаушы отряды оларды күштеп кейін шегіндірді. Осының нәтижесінде көтеріліс басылып, қатысқандар аяусыз жазаланды.

Ірі көтерілістің тағы бірі – 1930 жылдың 6-ақпанында басталып, кейін 1100 адамға дейін қатысқан Созақ көтерілісі болды. Кеңес өкіметі құлап, Сұлтанбек Шонақовты хан сайлап алды. Алайда, Сұлтанбек хан да, уәзірлері де, уағыздаушысы да көтеріліске қатысқандардың көпшілігі сияқты сотсыз-ақ атылып тасталды.

Осындай көтерілістің бірі бүгінгі Сарысу ауданының жеріндегі Саудакентте «Аңқай» деген ұранмен шықты. Тағы бір сол кездегі Қарақұм деген жерде болды. Оған Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Аламесек т.б. жерлерден келді. Бірақ елдің наразылықтары, көтерілістер ештеңені шешпеді. 1931-1933 жылдары Қазақстанда мал қорының жойылып кетуіне байланысты халық босып, бі үзім нан іздеп тентіреп кетті.

Осы айтылғандардан шығатын қорытынды, ел билеушілері халықтан алыс жатқандықтан, алдағы ашаршылықты болатынын білмесе, қарапайым халық оның сөзсіз болатындығын түсінді, жоғарыда айтқан шаралардың қарапайым халыққа зұлмат әкелетінін түсінді. Сондықтан көтеріліске шықты, толқыды, наразылықтарын білдірді. Бірақ осы қарсылықтардың барлығын қарудың күшімен баса алды.

Артынша не болды. Бүкіл елді шарпыған ашаршылық етек алды. Жұрт соңғы малдарынан айрылды. Тентіреді. Кей деректерде Оңтүстік Қазақстан облысының Боралдай, Қошкарата, Арыс өзендерінің бойында аштан өлген адамдар көмусіз жатқаны жөнінде айтылады. Соңғы жылдарға дейін сол зұлматты өз көздерімен көргендер сол кезде небір жан түршігерлік оқиғалардың болғандығын айтады.

Соның бірінде Шымкент, Қызылорда т.б. қалалар мен темір жол станцияларында өлген адамдардың мәйітін күн сайын, қала сыртына алып кетіп жатқаны. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының жерінде қаншама адам жол үстінде өлген. Шарасы қалмаған әйелдер балаларын суға лақтырған. Қыстың күні шайхана түбінде қаншама адамдар өліктері жатқан. Тіпті кей ауылдарда жол торып, өтіп бара жатқан жалғыз-жарым адамдарды ұрып өлтіріп, етін жегендердің куәсі болғандықтарын да естідік.

Бірақ билік ол жағдайдың бірде-бірін айтқан жоқ. Қайта ауыл шаруашылығының ұжымдасуы қарқынды жүріп, социалистік құрылыста зор табыстарға жетіп жатқандығы жөнінде жоғарыға бірінен соң бір ақпарларды беріп жатты.

Мал басы Қазақстанда 1929-1932 жылы сегіз есе кеміп кетсе, көктемгі төл алу науқаны кезінде облыс аудандарда мал шығыны жоғары болған.

Біздің айтарымыз, қандай бір елде болсын қоғамдық процестің ешқашан күшпен жүргізуге болмайтындығын өмір көрсетті. Сол, 30-шы жылдардың басындағы ашаршылық реформаларды қалай болса солай емес, аса сақтықпен жүргізгенде ғана ол өзінің нәтижелі болатындығына көзімізді жеткіздік. Сол бір қаншама адамның өмірін қиған ашаршылықтың ащы тағлымы осындай. Сондықтан біздер өзіміздің күнделікті қызметімізде мұрағаттардағы осындай сабақ болған жайларды теріп зерттей түсіп, оны жастарымызға түсіндіре білуіміз керек.

Біздің, яғни мұрағат қызметкерлерінің негізгі мақсатының бірі басқа да облыстық мұрағаттардағы сияқты сол 30-жылдардың басындағы зұлматтың қалай болғандығы жөніндегі материалдарды ғылыми айналымға түсіру, баспасөз беттерінде жариялау, ғылыми жұмыспен айналысатындарға жеңіл болу үшін топтау.

Осыны іске асыру мақсатында мұрағатта біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда:

Біріншіден, мұрағат қорлары анықталып, «Ашаршылық жылдарына қатысты материалдар» атты тақырыпта тізімдеме жасалды.

Екіншіден, облыс аумағындағы мекемелермен бірлесе жұмыс атқара отырып, «Оңтүстік Қазақстан ашаршылық жылдарында» деген көрнекті стенд ұйымдастырылды.

Үшіншіден, ғылыми жұмыспен айналысатын ізденушілерге, мұрағатта сақталатын құжаттарға мұқтаж студенттерге әдістемелік көмек көрсетіліп отырады.

Төртіншіден, мұрағат қызметкерлері өздері осы тақырыптарда ізденіс жұмыстарын жүргізіп облыстық, қалалық газеттер беттерінде мақалалар жариялап, «Оңтүстік» радиосында хабарламалар жасалып отырады.

Өткен ұрпақтың басынан кешірген нәубеттері, қиыншылықтары, кейінгі ұрпаққа тәрбие, сабақ болуы тиіс. Бұл ұлтымыздың тарихы. «Мұрағат – тарих айнасы» деп бекер айтылмаған. Ұлтымыздың имандылығы артып, басы бірігу үшін тарих қойнауында жатқан, ұлт тағдырына қатысты, түсі сарғайса да, мәні-маңызы сақталып қалған қағаз жүзіндегі мәліметтерге халықтың назарын аудару, мұрағат саласының қызметкерлері, біз үшін, басты мақсат.