| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Монғол империясындағы ханды таққа отырығызу рәсімi

Ж.Б. Қожабекова

Көшпелілер тарихы көптеген зерттеушілердің қызығушылығын тудырған тақырыптардың біріне жатады. Бүгінгі күнге дейін көшпелілердің мемлекеттілігіне, өнеріне, мәдениетіне, наным-сенімдеріне, салт-санасына қатысты көптеген іргелі зерттеулер жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілді. Осыған қарамастан көшпелілер тарихына деген қызығушылық өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Әсіресе көшпелілер қоғамындағы саяси билік мәселесі жоғарыда аталғандардың ішіндегі ең күрделісі және ең қызықтысы болып табылады. Соның ішінде көшпелілер дәстүріндегі мемлекеттіліктің бір нышаны болып саналатын хан сайлау рәсімі өзіне айрықша назар аудартады. Біз осы шағын мақаламызда аталған мәселеге қатысты, нақтырақ айтқанда моңғол империясындағы ханды таққа отырғызу рәсіміне қысқаша тоқтала отырып, бұл рәсімнің тарихи тамырластығын көне түріктерден іздестіруге тырысамыз.

Моңғол империясында ханды сайлау рәсімі үлкен құрылтайды шақырудан басталады. Құрылтайды билеп отырған рудың үлкені немесе мемлекеттің уақытша билеушісі шақырады. Құрылтайдың уақыты алдын ала белгіленіп, ұлыстарға хабаршы жіберіледі. Күйік қайтыс болғаннан кейін орнына Мөңкені отырғызуды сол кезде Шыңғысхан әулетінің ең үлкені болып саналатын Бату хан шешіп, жан жаққа өз шешімін жеткізу үшін хабаршылар жібереді \1, 130\. Шақыру алғандардың барлығы бұйрыққа бағынып жолға шығады \1,118\. Белгіленген күні арнайы дайындалған жерге империяның түкпір-түкпірінен хандар, сұлтандар, сұлтандардың аға-інілері, гургандар, беделді нойондар, әмірлер, әкімдер және моңғолдарға бағынышты билеушілер жиналады. Мысалы Күйікті хан сайлау құрылтайына Шағатай ұлысынан Шағатайдың ұлдары мен немерелері, Жошы ұлысынан Батудың ағасы мен бауырлары, Қытайдан, Түркістан мен Мәуереннахрдан, Хорасаннан, Әзербайжан мен Румнан, Бағдадтан, орыс княздықтарынан билеушілер мен елшілер келді \1, 118; 2, 66\. Олардың барлығы өздерімен бірге болашақ ханға арнап сыйлықтар мен тартуларын алып келеді. Құрылтайға жиналғандар оларға арналып тігілген киіз үйлерде орналасып, көңіл көтереді \3, 68\.

Осы кезде сарайдың жұлдызшылары есеп-қисап жүргізіп, ханды сайлауға ыңғайлы күнді таңдайды. Жұлдызшылардың есептеп таңдап берген күнінде Аргун ханның, Күйік пен Мөңкенің сайлану күндері белгіленген болатын\4, 113; 1, 132\.

Сұлтандар, әулеттің үлкендері және беделді әмірлер мен нояндар жеке киіз үйде жиналып, мемлкеттік іс пен билік жайлы әңгіме құрады. Жаңа билеушіні сайлау рәсімі бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Мәселен, 1229 жылғы құрылтай қырық күн, 1246 жылғы құрылтай төрт аптадан астам уақытқа созылды. Құрылтайға қатысушылар өздері қатысып отырған оқиғаның маңыздылығын, оның мәртебесінің жоғары екендінін үстілеріне бар жақсысын киіп көрсетумен өлшеген тәрізді. Осындай құрылтайға жиналғандар ең қымбат, әдемі көйлектерін бірінші күннен бастап үстілерінен тастамайды. Джувейнидің айтуы бойынша олар күн сайын әр түсті киім киіп отырған \5, 196-197\. Плано Карпинидің қалдырған дерегі бойынша Күйікті ұлы хан деп сайлайтын 1246 жылғы құрылтайда қатысушылар «бірінші күні ақ киім киді, тігілген үйге Күйік келген соң қызыл түсті, үшінші күні көгілдір киім кисе, төртінші күні ең жақсы киімдерін киіп келеді \2, 67\ .

Құрылтайдың басында билеушілер мен сұлтандар, әулеттің үлкендері қаған болуға лайықты деген адамды таңдайды. Бұл таңдау дауға ұласып бірнеше күнге созылуы мүмкін. Алайда көп жағдайда болашақ ханның кім болатыны алдын ала шешіліп қойылатын.

Ханды сайлау рәсімі ресми түрде осыдан кейін басталады. Құрылтайшылар хан болуға лайық адамды таңдап, оған таққа отыру жайлы ұсыныс жасайды. Таққа үміткер әдет бойынша тақтан бас тартып, өзінен үлкендерге, атағы мен беделі, сіңірген еңбегі бар туыстарына жол береді. Содан кейін құрылтайға қатысушылар жалынып, жалбарынып өзі ғана таққа лайық екендігін дәлелдеп, бас тартпауға көндіреді. Ақыр соңында таққа үміткер өз келісімін береді.

Үгедейді Шыңғысханның үкімімен қаған сайлау кезінде Шыңғысханның ұлдары мен немерелері аталарының әмірі бойынша Үгедейге былай дейді: «Бағынбағандардың басшылары саған қызмет етіп, алыс-жақындар, түріктер мен басқалар сенің әміріне бас иіп бағынуы үшін Шыңғысханның әмірімен сен билік құруың керек». Үгедей қаған болса: «Шыңғысханның әмірі осылай болғанына қарамастан, менен үлкен ағаларым бар емес пе, әсіресе Төле хан билеуші болуға менен гөрі лайық. Ол күні-түні әкеміздің қасында болып, ясыны жақсы меңгерген. Ол тұрғанда мен таққа қалай ғана отыра аламын?» деп жауап береді. Сұлтандар бір ауыздан былай дейді: «Шыңғысхан барлық ұлдары мен ағаларының ішінен сені таңдап, осы істі тек саған тапсырды. Біз оның әмірі мен бұйрығына қарсы шығып, өзгерте алмаймыз». Көптеген өтініштерден кейін Үгедей әкесінің әміріне бас иіп, ағаларының сұрауына көніп, келісуді жөн көреді. Барлығы бас киімдерін шешіп, белбеулерін иықтарына асады \1, 19\. Күйікті таққа отырғызу барысында дәл осы үлгі қолданылады. Даудан кейін құрылтайға жиналғандар Күйікті сайлауды ұйғарады. Күйік болса өз кезегінде тақтан бас тартып, өзінің аурушаңдығы мен денсаулығының әлсіздігін сылтауратып, басқаларға жолын береді. Аяғында әмірлердің сұрауына мойынсынады. Сұлтандар бас киімдерін шешіп, белбеулерін иықтарына асады \1, 119\. Күйік хан қайтыс болғаннан кейін ұлы ханның орнына Бату Мөңкені отырғызуға шешім қабылдайды. Мөңке қалыптасқан дәстүр бойынша биліктен бас тартып, осындай ұлы істі өз мойнына алуға қарсы болады. Осы кезде «Мөңке қаған өзіне тапсырылған игі істен қалайша бас тарта алады» деген сөзден кейін ғана Мөңке келісуге мәжбүр болды. Салт бойынша Бату өз орнынан тұрып, қалған сұлтандар мен нояндар белбеулері мен бас киімдерін шешіп, тізе бүгеді. Осы оқиғадан кейін араға бір жыл салып барып өткен құрылтайда да қатысқандардың барлығы, сұлтандар, беделді әмірлер, ру басылары және сансыз әскер бас киімдерін шешіп, белбеулерін иықтарына асып, Мөңкені қағандыққа лайық деп табады \1, 131-132\.

Көріп отырғанымыздай осы рәсімнің аталған элементтері барлық хандарды сайлау кезінде өзгеріссіз сақталған. Болашақ ханның тақтан бас тартуы тек қана ресми рәсім, қалыптасқан дәстүр. Таққа үміткер осы таққа ие болу үшін алдын ала әрекет жасағанына қарамастан, құрылтайда сыпайы түрде жан тәнімен армандаған тағынан бас тартады. Бұл әрекеті оның таққа отырғысы келмейді деген сөз емес. Тек қана талап етілетін рәсім. Өзінен үлкендерге деген білдірген құрметі. Ал құрылтайға қатысушылардың бас киімдерін шешу мен белбеулерін иықтарына асу рәсімі олардың Тәңірдің әміріне бас иетіндіктерін білдіреді \6, 69\.

Болашақ хан өз келісімін бергеннен кейін қасындағылары үміткердің екі қолынан ұстап таққа отырғызады. Аргун ханды Хулагу негізін қалаған империяның тағына отырғызу кезінде ағалары Хуладжу оң қолынан, Анбаршы сол қолынан жетектеп таққа отырғызады. Барлығы келісімдерін білдіріп, бас киімдерін шешіп, белбеулерін иықтарына асып тізелерін бүгеді \4,113\. Ал Үгедейдің жағдайында аталған ханды Шағатай хан оң қолынан, Төле хан сол қолынан ұстайды \1, 132\. Дәл осыған ұқсас рәсім көне түріктерде де болғандығы жайлы мәліметтер бар \6, 69\.

Осыдан кейін барып таққа отырған Шыңғысхан ұрпағын құрылтайға қатысушылар өздерінің қағандары деп жариялап, тізелерін бүгеді \2, 67\. Осы орайда Плано Карпинидің серігі Бенедикттің әңгімесін жеткізген доминикандық Симон Сен Кентиннің қалдырған мәліметтері өздеріне назар аудартады. «Сұлтандар жиналып таққа ханды отырғызады да алдына қылышты қойып, мына сөздерді айтады: «Біздің бәрімізге хан болуыңды қалаймыз, өтінеміз, бұйырамыз». Хан: «сендерге билеуші болуымды қаласаңдар біреуіне дейін менің бұйрығымды орындауға, қашан шақырсам да келуге, қайда жұмсасам да баруға, кімді өлтір десем соны өлтіруге дайынсыңдар ма?» деп жауап береді. Құрылтайшылар дайын екендіктерін білдіреді. Сонда хан «менің бұйрығым – менің қылышым» деген сөздерді айтады. Бәрі келіседі. Ханды ақ киізге отырғызып, ханға мынадай сөздер айтылады: «Аспанға қарап Тәңірді таны, төменге қарап отырған киізді көр. хандықты дұрыс басқарып, жомарт және әділетті болсаң, сұлтандарды орнымен құрметтесең құрған билігің жемісті болады, бүкіл әлем сенің билігінің алдында бас иеді. Тәңір қалағаныңның бәрін береді. Ал егер бәрін керісінше жасасаң, бақытсыз, ешкімге керек емес, өзін отырған киіз де саған қалмайтындай кедей боласың». Хан мен ханның әйелін ақ киізге отырғызып, жоғары көтеріп, «бүкіл татарлардың ханы мен ханшасы» деп дауыстап айтады» \2, 197-198\.

Аталған деректегі ханның өз елінен бағыныштылықты талап етуі Күлтегін мен Тоныкөкке арналып тасқа жазылған жазба мәтіндерінде сақталған дәл осындай сарынға \7, 166\ сай келуі қызығушылықты тудырады. Сонымен қатар Сен Кентинде сақталған ханды биліктен кетіруі жайлы ескертуі көне түріктер мен хазарлардағы сайланған ханды «өтірік өлтіру» рәсіміне ұқсас \6, 70\.

Билеушіні таққа отырғызып, оны «хан» деп мойындағаннан кейінгі қадам қағаннан әділ патшалық құруға уәде алу. Уәдесі орындалмаған жағдайда қағанды тақтан кетіретіндерін ескертеді.

Ақсүйектер мен қолбасшылар ханға адал қызмет етуге ант береді. Ешқандай деректерде берілетін анттың мазмұны сақталмағандықтан (жоғарыда келтірілген қағандарды сайлау рәсімі жайлы хабарлайтын деректерде хандарға қол астындағылары ант бергендігі жайлы айтылғанымен, ол анттың мазмұны жайлы сөз болмайды) бүкіл рәсім бір қалып бойынша өткізілгендіктен ант мәтінінің де белгілі үлгісі болуы мүмін. ХІІ ғасырдың соңында Шыңғысханға оның қол астындағылары берген анттың мәтінін мысалға алып көруге болады. Наяа бастаған тайжуыттар Шыңғысханға: «саған толық сеніп, өз күшімізді беруге келдік» десе, ұйғырлар Шыңғысханға: «хан қаласа бар күшімізді берер едік» дейді. Қолбасшы Меңгету сэчэн Шыңғысханға: «саған бар күшімізді бере еңбектенеміз» деген сөздер келтіреді. Орхон жазбаларындағы осыған ұқсас жолдар түріктердің билеуші алдындағы адал қызметін білдіретін: « 50 жыл олар қызмет етіп, күш салып келді... Қандай қағанға күш салып қызмет етем енді» \8, 37\. Бағыныштыларының «еңбек етуден» көрініс табатын күші мен қағанның тылсым күшінің бірігуі түріктер мен моңғолдардың ханға беретін анттарының негізгі пункттерінің бірі болуы мүмкін \6, 70\ . Қалай десек те, анттың мазмұны моңғолдар мен түріктерде ортақ белгілерге ие болғандығы даусыз.

Ант беру аяқталғаннан кейін ханды ақ киізге көтереді. Түріктердің де хандарын ақ киізге көтергендігі жайлы мәліметтер бар \6, 70\. Құрылтайға жиналғандар хан алдында Рашид ад Дин бойынша тоғыз рет \1, 19,132\, Джувейни бойынша үш рет тізе бүгіп бас иеді де жаңа ханның атын дауыстап атайды \5, 197\. Ханды тізелерін бүгіп, бастарын иіп мойындап, тағзым ету рәсімі түріктерде де көрініс тапқан. Құрылтайға арналып тігілген үйден шыққаннан кейін барлығы күнге үш рет тағзым етеді \6, 70\. Ханды таққа отырғызу рәсімі соңында үлкен тойға ұласады \4, 113; 1, 19, 119, 132\. Той аяқталғаннан кейін хан мемлекеттік істерге кірісе бастайды.

Тақырыбымыздың өзегі болып табылатын аталған рәсім көне түріктердікіне өте ұқсас. Айырмашылығы Ашина түріктерін таққа көтеру салтанатында ханды ақ киізге көтергеннен кейін оны атқа отырғызады \6, 70\.

Көне түріктерден өзгеріссіз келе жатқан ханды сайлау рәсімі көшпелілердің заңды мұрагері болып саналатын қазақ халқында ХІХ ғасырға дейін сақталғандығы оқырмандарды қызықтыратыны даусыз. А. Левшин қырғыз-қазақтарда ханды сайлау маңызды рәсімдердің бірі дей келе оған нақтырақ тоқталып, сипаттап өтуді жөн көреді. Белгіленген күні белгіленген жерге адамдар жинала бастайды. Жиналыстар өткізіліп, билеуші қылып кімді сайлайтындары жайлы әңгіме құрады. Сайлауға жиналғандардың саны көбейген кезде қорытынды үлкен құрылтайға дайындық басталады. Алашалар мен киіздер төселіп, сұлтандар, старшындар, билер және рубасылары атақтарына, қолдағы биліктеріне қарай жоғарыдан төменге жайғасып, қарапайым халық олардың артында тұрады. Жасы мен көргені жағынан үлкендері құрылтайды ашады, батылдары оны жалғастырып, мықтылары бағыт-бағдар беріп отырады; ақыр соңы екі, үш немесе одан да көп күнге созылатын дауға ұласады. Болашақ ханды таңдағаннан кейін бірнеше беделді сұлтандар мен старшындар оған өз шешімдерін жеткізіп, оны ақ, жұқа киізге отырығызып, жоғары көтеріп қайта жерге түсіреді. Олардың артынан ілесе халықтың жаңа толқыны өздерінің жаңа билеушілерін қайта көтеріп, жерге түсіреді. Осылайша бірнеше рет ханды отырған ақ киізімен қоса жоғары көтереді. Соңында ханға тақты алмастырған ақ киізді қатысушылардың әрқайсысы жұлмалап, осы салтанатты рәсімге қатысқандары жайлы естелік болып қалатындай киіздің бір жапырағын болса да алып қалуға тырысады \9, 126-128\.

Көріп отырғанымыздай аталған рәсімнің көшпелі түрік, моңғол, қазақ халықтарында бір үлгімен орындалатынын бұл халықтардың тарихи тамырластығының дәлелі ретінде қабылдауға болады.

Жоғарыда айтып өткендерімізді қорытындылайтын болсақ, моңғолдарда ханды таққа отырғызу дәстүрі қалыптасқан рәсім бойынша жүзеге асырылды. Рәсімнің әр элементі өзіне тән ерекшелік пен мәнге ие. Жекелеген хандарды сайлау кезінде сәл өзгешеліктер болғанымен, жалпы көзге көрінер өзгешеліктер болмады. Құрылтайды шақырудан бастап, ханды таққа отырғызғанға дейін бір ізділік сақталды. Рәсімнің түп тамыры көне түріктерден келе жатқанын деректерде сақталған мәліметтер куәландырады. Бұның себебі моңғолдардың мемлекеттілігінің көне түркі дәстүрімен сабақтастығында.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.2. М.-Л.,1960.

  2. Путешествия в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Алматы: Гылым, 1993.

  3. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. Алматы, 2001.

  4. Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.3. М.-Л., 1946.

  5. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Государства и народы евразийских степей. Древность и средневековье. СПб., 2000.

  6. Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи в ХІІІ в. М., 1993.

  7. Кляшторный С.Г., Савинов Д.Г. Степные империи древней Евразии. СПб., 2005.

  8. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. Тексты и исследования. М.-Л., 1951.

  9. Левшин А. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсакских орд и степей. Ч. ІІІ. Этнографические известия. СПб., 1832.