| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Орыс әскерлерінің Жетісуға басып кіруі және жергілікті халықтың қарсылығы

Қожамжарова Д.П.

ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары патшалық Ресей отаршылары Жетісу өлкесін жаулауда шешуші кезеңге көшеді. Яғни, орыстар өлкеге басып кіретін әскери күштерді топтастыра отырып, оларды бекініс шептеріне орналастырады және әскери-әкімшілік орындарын ұйымдастырды. Сөйтіп Жетісу өлкесін қарудың күшімен бағындыруға көшеді.

«Қазақтар орыс билігіне «өз еркімен» кірді деп шартты түрде ғана айта аламыз,- деп жазды П.П.Румянцев,- Тек орыстардың қазақ даласына бірнеше әскери жорықтар жасап, онда берік орналасқаннан кейін ғана, қазақтардың Ресей билігін мойындауы шындыққа айналды» 1.

Патша өкіметінің Жетісу өлкесінде бірнеше әскери-әкімшілік шараларды жүзеге асыра отырып, Аягөз, Қапал сияқты мықты бекіністерін тұрғызып, оған қару-жарағы мол әскерлерін орналастырады. Онда қажетті мөлшерде әскерлер құрылымдарын шоғырландырғаннан кейін, ендігі мақсаты Іленің арғы бетіне өтіп, онда тәуелсіз көшіп-қонып жүрген қазақ руларын қарудың күшімен Қоқан хандығының ықпалынан айырып, онда орыс билігін орнату болды. «Іленің арғы бетіне бекініс салмай, өлкедегі қазақтарды бағындыру мүмкін емес,-деді орыстың генералы И.Ф.Бабков,-көшпенділерге билігімізді мойындату оңай, бірақ оларды сол билікте ұстап тұру өте қиын» 2.

Бұған наразы болған Ұлы жүз қазақтары Қоқан қыпшақтарымен бірігіп, орыстардың әскерлеріне төтеп беру үшін бекіністер сала бастайды. Атап айтқанда, Ұлы жүздің сұлтаны Рүстем мен дулаттардың биі Тойшыбек қарамағындағы қазақ руларын ұйымдастырып, өз бекіністерін тұрғызады. Ресей әскері Бас штабының штаб капитаны Померанцевтің 1851 жылы жасаған картасы бойынша, Тойшыбек бекінісі Үлкен Ақсай өзенінің сол жақ жағасында, яғни оған Қарасу өзенінің келіп құятын сағасынан 8 верст төменде орналасқан. Тойшыбек өз бекінісін күзетуге Пішкектен Аққұл бастаған қазақ қыпшақтарын шақырып, бекініске 150-ге жуық Ұлы жүз қазақтары мен қыпшақ қазақтарын орналастырады 3.

Қазақтардың бекіністер салып, Ресей империясының басқыншылық саясатына қарсы қоқандықтармен бірігіп кетуінен қауіптенген орыстар, оларға қарсы әскерін жөнелтеді. «Тойшыбек бекінісінің салынуы,-деп жазады өз естелігінде И.Ф.Бабков,- саяси жағынан алғанда Ұлы жүз қазақтарының арасында Қоқан хандығының өсуіне, Ресей билігінің әлсіреуіне әкеп соқтырды. Сондықтан Іле алқабына жіберілген әскери экспедицияның алдына Тойшыбек бекінісін қиратып, ол жақтан қоқандықтарды қуып жіберіп, орыс билігін қалпына келтіру қойылды» 4.

Бұл әскердің міндетіне Тойшыбек бекінісін талқандап қана қойиай, Іле қазақтарын «тәртіпке» салу жүктеледі. 1850 жылы 15 сәуірде Ұлы жүз қазақтарының приставы Врангельдің орнына келген капитан Гутковскийдің басқаруындағы казактардың жүздігі мен бір жаяу әскер взводы және екі зеңбірегі бар әскер экспедиция Іле өзенінен өтіп, Ұлы жүз қазақтарының бекінісіне қарай бағыт ұстайды.

Орыс әскерінің Іле алқабына өтуі сол жерді мекендеген жалайырлар мен дулаттардың ашу-ызасын туғызады. Олар Қапалдан орыс әскері шықты деген хабарды естіген бойда жаумен шайқасуға дайындалады. 1850 жылы 20 мамырдағы батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаковтың әскери министрге жолдаған №42 мәліметінде былай делінген: «Жақында ғана біздің қол астымызға өткен қазақтардың сатқындығы Іле өзенінің арғы бетіндегі Тойшыбек бекінісін талқандауға аттанған әскеріміздің жорығын сәтсіздікке ұшыратты. Олар бізбен бірге қимылдаудың орнына, қайта керісінше бірнеше мыңдаған қазақ опасыздықпен 300 орысқа бас салды» 5.

Қазақтар зеңбірегі бар, жақсы қаруланған орыс әскерін сырттай бақылауға алып, әрбір қадамын бекініс басшыларына хабарлап отырды. Тойшыбек қамалын алмақ болған әскердің бастығы капитан Гутковский Жеке Сібір корпусының командирі Горчаковқа жіберген №252 мәліметінде жорықтың қалай болғаны жөнінде толық баяндайды: «… ертеңіне барлық қазақтар өзара келісе отырып, бекініске бір күнде жету мүмкін емес деп арам пиғылдарын білдіріп қояды. Олар қыпшақтардың дайындалуына мүмкіндік беру мақсатында біздің жүрісімізді баяулатпақ болып, бар күшін салып бақты. Опасыз қазақтар мені өздерін Ресейге адалмыз деп сендірумен қатар, жасырын түрде көтеріліске дайындала бастайды. Әскерімізге көмектесуге тиісті құрметті қазақтар Қамбар сұлтан мен оның баласы ауылдарға қайта-қайта барғанымен, бізге ешқандай мәліметтер жеткізген жоқ. Кейін олар бекініске жақындаған кезде, шұғыл шаруамыз бар деп, әскерді тастап кетіп қалды. Қайта Семей көпесі, татар Рахымжан Беделиевтің ерекше күш салуының нәтижесінде Тойшыбек би және оның ұлдары Байсейіт пен Жанғаштар біраз қол жинағанын және біздің әскер бекініске шабуылдағанда, ту сыртымыздан соққы беруге жиналып жатқанын жеткізді» 6. Орыс әскерінің әрбір басқан қадамына кедергі жасаған қазақтар түрлі амал-әрекеттер жасап отырады. «Әскерге жол көрсеткен Абылай Әжеке және тағы басқа қазақтардың опасыздығы әр қадам басқан сайын білініп отырды. Олар бізді бекіністің ой-шұңқыры көп тұсынан әкеліп, зеңбірегіміздің жылжуына кедергі келтіріп, шабуыл жасауға қиын болып шықты» 7.

Бекініс түбінде қазақтар мен қоқандықтар біріге отырып, өздерінің ортақ жауы патша өкіметінің әскеріне қарсы азаттық үшін шайқасқа түседі. «Қыпшақтар бізге қарай жауап ретінде бекіністен тыс жерде орналасқан шағындау зеңбіректен және қабырғаның үстіндегі мұанаралардан мылтықпен қаруланған сарбаздары оқ жаудырды. Осы кезде сыртымыздан қазақтардың салт аттылары жан-жақтан қоршауға алды. Олар батырлары мен атақты адамдарының әруақтарын шақырып, Тойшыбектің туымен қатар қыпшақтардың жалауын көтеріп шықты» 8.

Тойшыбек бекінісінің түбінде қатты қарсылыққа тап болған Гутковский келесі күні шегінуге мәжбүр болады. Шайқас кезінде бекіністегілер 7 адамынан айрылса, орыстардың 1 адамы өліп, 7-уі ауыр жараланады. Оларды қоршаған қазақтардың саны 4 мыңға жетеді 9. Шегінген орыс әскері қазақтардың еркін қимылдауына мүмкіндік бермеу үшін Рүстем сұлтанның баласы Абылайды аманат ретінде ұстап, өздерімен бірге алып кетеді. «Келесі күні әскердің бас жағына бір зеңбірек, ортаға жүк тиелген арбаларды алып, соңына екінші зеңбіректі қойып, айнала казактарды қоршатып Алматы өзеніне жеттік. Алматының түбінде Рүстем бастаған топ бүлікшілерге қосылып, санын 7 мыңға дейін жеткізеді. Ол бізге соғысты тоқтатайық деп екі оқ жібереді де, баласы Абылайды басатуды сұрайды. Мен оның сөзіне сенбей баласын босатудан бас тарттым. Абылайды босатпайтыныма көзі жеткен қазақтар жолымызға бөренелер тастап, төбелерге көтеріліп-түсер тұстарға ор қазып, бөгет жасаумен болды. Осы кезде мен әскердің бағытын солтүстікте жатқан қазақтардың ауылдарына қарай бұрдым. Нәтижесінде тосқауылда тұрған қазақтар өз ауылдарын құтқаруға асығып, қоршауды тастап кетсе, ал тұтқындағы Абылай халқын құтқару үшін Жыңғылды өткелі арқылы Ілеге баратын төте жолды көрсетуге келіседі. 25 сәуірде қамыстан жасаған 8 салмен Іледен өттік. Тойшыбек бекінісінен шегінген кезде 1 казак өлсе, қазақтар 150 адамынан айрылды» 10.

Қазақтардың ортақ басшылыққа бағынбауы, Абылай сұлтанның аманатта ұсталуы, қазақ ауылдарының жақын жерде орналасуы және ең бастысы соғыс техникаларының болмауы орыс әскерінің талқандалмай, аз шығынмен қоршауды бұзып шығуына мүмкіндік берді. Патша өкіметінің тұтқынына түскен Абылай сұлтан Обдорск қаласына жер аударылғаннан кейін, ол жақтан қашып шығып, тундрада адасып, үсіктен өледі 11.

Ресей империясының Ұлы жүз қазақтарын күшпен бағындырмақ болған алғашқы әрекетінің толық сәтсіздікке ұшырауына бірден-бір себеп, қазақ халқының тәуелсіздік үшін азаттық күресі еді. Орыс генералы И.Ф.Бабков былай деп жазады: «Капитан Гутковскийдің әскери экспедициясы көрсеткендей, Кенесары кезінде болған Ұлы жүздегі толқулар әлі басылмапты, қайта соңғы уақытта күшейіп кеткені соншалық, олар біздің әскерге қарсы қоқандықтармен бірігіп соғысты» 12.

Тойшыбек түбіндегі жеңіліс халықаралық жағдайда патша өкіметінің беделіне үлкен нұқсан келтіргені соншалықты, сол жылы патшаның жарлығымен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков пен Ұлы жүз қазақтарының Приставы Гутковский орнынан алынады 13.

Сондай-ақ, Ресей патшасы орыс әкімшілігіне қарсы шыққан қазақтарды қатал жазалау туралы Жарлығын шығарады. Онда «қазақ даласында болып жатқан қастық іс-әрекеттерді жою және Ұлы жүз қазақтарына бақылауды күшейту үшін бұйырамын:

1. Сенімсіз деп табылған қазақтардың қылмысы дәлелденбесе, онда оларды тұтқындап, Сібірдің ең қиыр шетіне жер аударыңыз.

2. Билікке бағынғысы келмеген және қарумен қолға түскен қазақтарды әскери сотқа беріп, оларды табан астында атып тастаңыздар. Қол қойған Николай» 14.

Ал келесі жылы тікелей орыс патшасының бақылауымен Тойшыбек бекінісіне қарсы қайтадан мол әскер жасақталады. Бұл әскердің құрамында 883 жаяу әскер, 663 казак, 16 зеңбірек пен 100 ракетасы бар 170 зеңбірекші болды. Оның қамал бұзатын ауыр зеңбіректерін Санкт-Петербург пен Брянскідегі қару сақтайтын қоймадан алдырады 15.

Орыс патшасының қаһарлы мол әскери күшті Ұлы жүз қазақтарына қарсы жіберудегі мақсаты Тойшыбек бекінісін талқандап қана қоймай, көтеріліс жасаған қазақтарды жазалап, орыс қаруының беделін қазақтардың арасында көтеру болды. Сібір корпусының штаб бастығы әскери экспедицияның бастығына берген №31 құпия нұсқауында былай дейді: «Тойшыбек бекінісін алған соң, оны жермен-жексен етіп тегістейсіз. Сонымен қатар, әскеріңізден жеңіл жасақтар құрып, былтыр көтеріліс жасаған қазақтардың ең басты деген басшыларын жазалаңыз. Мүмкіндік болса, Тойшыбек, Әжеке, Тілеуберген билерді, Құдайменді сұлтанды және Рүстемнің туысқандарын ұстап алып, Омбыға жөнелту үшін Қапалға алып келіңіз» 16.

Патша өкіметі жазалаушы экспедицияның бастығына қазақтарды жазалауда талай рет сыннан өткен, қазақ даласы мен тілін, дәстүрін жақсы білетін подполковник Карбышевты тағайындайды. Жазалайшы экспедицияның әскери жорығын даярлай отырып, орыс әскери әкімшілігі жорықтың жағдайын өте құпия жағдайда ұстайды. Іленің арғы бетіне аттанатын әскерді жорыққа даярлау туралы бұйрық 1851 жылы 7 наурызда беріледі. Ал әскер болса 1851 жылы 18 мамырда Қапалдан аттанады 17. Тойшыбек бекінісіне жеткен орыс әскері бекіністің бос тұрғанын көреді. Орыстардың мол әскермен шығайын деп жатқанынан хабардар болған Тойшыбек бастаған рубасшылары мен қыпшақтар, жақсы қаруланған басқыншыларға төтеп бере алмасын біліп, бүкіл елін жинап, Шудың арғы бетіндегі қоқандықтардың иелігіне көшіп кетеді. Орыс әскерінің Тойшыбек бекінісін алуы Жетісу өлкесіне Ресей билігінің орнағанының белгісіне айналды. Патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарының қайтадан бас көтеруінен қорқып, жазалаушы әскердің бір бөлігін қалдырып кетеді. Сібір корпус командирі Гасфордтың әскери министрге берген №295 мәлімдемесінде: «Іленің арғы бетіне жіберілген әскеріміз Жетісуда біздің беделімізді қалпына келтірген соң, Көксу бойында казактардың бір жүздігі мен екі зеңбіректі қалдырып, қалғанын қайтаруды жөн санадым. Іле бойында қалған казактардың міндетіне: 1) Іленің оң жағалауында көшіп жүрген қазақтарды қыпшақтардан қорғау; 2) Қапалға келіп қоныстанып жатқан қазақтардың шаруашылықпен айналысуына кедергі жасамақ болған қарақшы қазақтарға тосқауыл болу»- делінген 18. Көксудың бойында қалған казактардың әскери тобы өлкеде орналасқан ең алғашқы тұрақты әскери бөлім болып табылды. Жетісуда орыс үстемдігін нығайтып, Ұлы жүз қазақтарына бақылауды күшейту және оларды қоқандықтардың ықпалынан айыруды көздеген Ресей империясы Тойшыбек бекінісі алынысымен, Ресей сыртқы істер министрі Нессельрод Батыс Сібір генерал-губернаторына Іленің арғы бетіне өз бекіністерін салып, орыс билігін баянды ететін шаралар жасауды бұйырады.

Іленін арғы бетіне өткен орыс әскеріне қазақтар барынша қарсылық көрсетеді. Өлкедегі қазақтардың қарсылығының күшейгені соншалықты, Перемышльский әскерінің бір бөлігімен Есік өзенінен Қаскелең және Шамалған өзендерінің батысына, Ұзын Қарғаш өзенінің бойына жорықтар жасап, қазақтардың малдарын тартып алуға мәжбүр болады. Перемышльский бұл туралы берген мәліметінде былай дейді: «орыстарды тек атақты қазақтар ғана қолдады, ал жалпы халық бізге жаулық ниет көрсетті» 19.

Ұлы жүз қазақтарын «тыныштандыра» отырып, Перемышльский Алатаудың солтүстік бөлігін, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы, Қаскелең және Шамалған, Қарғалы деген жерлерді аралап, стратегиялық және экономикалық жағынан Кіші Алматының сол жағалауындағы Ұлы жүз қазақтарының Алматы деп аталатын қонысын ыңғайлы деп табады. Яғни, 1854 жылы орыстар Алматы деп аталатын қазақтардың ертеден келе жатқан қорғанының орнына Верный бекінісін тұрғызады 20.

Жетісу өлкесінің Ресейдің құрамына кіруі патша өкіметінің басқыншылық саясатының күшеюіне жол ашып, Жетісу өлкесінде әскери бекіністердің көптеп салынуына, орыс казактарының лег-легімен қазақ жеріне ағылуына және қазақ жайылымдарының күштеп тартып алынуына және тағы басқа саяси жағдайларға алып келіп, Ұлы жүз қазақтары Ресей империясының толық отарлық езгісіне түсті.

Яғни, Ресей Жетісу жеріне таза отарлаушы күш ретінде қадам басып, келесі басқыншылық жорықтарға дайындық жүргізуге көше бастайды. Осы мақсатқа жету үшін патша өкіметі Жетісу өлкесін әскери орынға айналдырып, Верныйды қазақ даласындағы ең ірі бекініс етіп жасайды. Онда сол замандағы ең озық соғыс техникаларымен жасақталған мықты гарнизон орналасты. Бұл гарнизонның міндетіне өлкедегі орыс билігін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез-келген уақытта Орта Азияға басқыншылық жорықтарын жасау кірді.

ПАЙДАЛАНҒАН СІЛТЕМЕЛЕР ТІЗІМІ:

1. Румянцев П.П. Киргизский народ в прошлом и настоящем. СПб., 1910. С.34

2. Бабков И.Ф. Вспоминания о моей службе в Западном Сибири. 1859-1575 г. кн. І. СПб., 1912. С.11

3. Аристов Н.А. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы. Очерки истории и быта населения западного Тянь-Шаня и иследования по его исторической географии.- Бишкек: Илим, 2001. С.582

4. Бабков И.Ф. Көрсетілген еңбегі. С.189

5. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 236-іс. 34 п.

6. Сонда. 8-9 пп.

7. Сонда. 10 п.

8. Сонда. 11 п.

9. Сонда. 15 п.

10. Сонда 18 п.

11. Гейнс А.К. Собрание литературных трудов.Т.1.СПб.,1897. С.507

12. Бабков И.Ф. Көрсетілген еңбегі. С.18

13. Серебренников А.Г. Туркестанский край. / Сбор материалов для истории его завоевания. Ташкент. 1913.С.3

14. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 236-іс. 41 п.

15. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 240-іс. 40-45 пп.

16. Гейнс А.К. Көрсетілген еңбегі. С.33

17. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 240-іс. 31 п.

18. ҚРОММ. 3-қ., 1-т., 5-іс. 1п.

19. Леденев Н.В. История Семиреченского казачьего войска. Верный. 1908.С.75-76.

20. Джусупбеков С. Город Верный. Алматы: Казахстан, 1980. С.17.