| КАЗ | РУС | ENG


Меню

Барлыбек Сыртанов және ұлт мүддесi

О.Х. Мұхатова 

ХХ-ғасырдың бас кезіндегі ұлт зиялыларының арасында есімі ерекше аталатын тұлғаның бірі – Барлыбек Сыртанов. Қазақ елінің Жарғысын (Конституциясын) жазған Барлыбек алты Алаштың мақтанышы. Ірі қоғам қайраткері, білімдар, елінің тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен Барлыбек Сыртановты көзі ашық, көкірегі ояу жамағат көрнекті құқықтанушы деп біледі. Бұл Барлыбектің бір қыры ғана. Аяулы азамат әртүрлі күрмеуі қиын күрделі мәселелердің шешімін табуға мұрындық болып, ұлт мүддесінде еңбек еткен.

Барлыбектің өмірі, білім алуы, құқықтық, қоғамдық саяси қызметі туралы аз айтылмады. Олар жайында С.Өзбекұлының, М.Қойгелдиевтің, К.Нұрпейістің арнайы іргелі зерттеулері жарияланды[1]. Біздің мақсатымыз сол жарық көрген еңбектерді қайталау емес, Барлыбектің ұлтжандылық қасиеттерін көрсету.

Барлыбек 1890 жылы Петербор университетінің шығыстану факультетін араб - парсы және түрік - татар тілдерінің маманы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен бітірген. Студенттік жылдары Ресей империясының астанасында сан қилы саяси оқиғаларға куә болып, орыс халқының мәдениетін, өнерін таныған Барлыбектің сана-сезімі қарыштап өсті. Барлыбектің алған білімі, ортасы, көкірегіне түйгені оның нағыз ұлтжанды, халқына адал, елінің тәуелсіздігі үшін күрескер болуына ықпал етті.

Туған жері, елі үшін ішер асын жерге қоятын Барлыбек 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында қызмет істеп, одан кейін Жетісу облыстық басқармасының іс жүргізу бөлімінің меңгерушілігіне ауысқан.

Отаршылдық езгідегі халқына рухани көмек ретінде Ахметкәрім Зейнуллин деген азаматпен бірге «Туземный отдел» деген бөлім аштырып, жерінен, бостандығынан айырылған байырғы ұлттың ауыр хал жағдайын батыл көрсетіп отырған[2].

1903-1907 жылдары Жетісудың Қытаймен шектесетін шекарасын тексеру тобына қатысып, Столыпинның аграрлық реформасына орай ағылып келе бастаған келімсектер легін азайтуға бар күш жігерін жұмсады. Осы орайда ерекше қадап айтар бір жайт, Барлыбек ата-бабаларының ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған жері үшін отарлық саясатқа қарсы тұрып, оған барша жетісулықтарды жұмылдыруға күш салды. Осы мақсатта съезд шақырып, оның күн тәртібіне қазақтардан тартып алынған жерлерді қайтару мәселесін қоюды талап етті. Жетісу өлкесінде шұрайлы жерлерді келімсектер тартып алып, талан-таражға салып, қазақтардың күн көрісін қиындатты. Осындай әрекеттерге тосқауыл болу барысында Барлыбек Сыртанов 1910 жылдың 21 қазанында Ұзынағашта облыс қазақтарын жинап, арнайы кеңес өткізді[3]. Жиында өзі баяндама жасап, жерлерінен айырылып, шөл, шөлейт аймақтарға ығысқан халықтың ауыр жағдайын, шаруалар отарлауының зардаптарын ашып көрсетті. Жердің тарлығы мен тауқыметін тартқан елдің еңсесін көтеріп, баяндамасында халықты бірлікке, күреске шақырып, былай деген: «Ел жұртым, қара шекпенділер күннен-күнге біздің жерімізге қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр, жақсы жердің бәрі қарашекпенділердің меншігіне өтті, жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас, ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қарашекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет»[4]. Осындай мақсатты алға тартқан Барлыбек 1911 жылы қазақтың мұң-мұқтажын патша өкіметінің басты билеушілеріне жеткізу үшін Петерборға барған. Жетісу тұрғындарының атынан әскери министрге өтініш-арыз жазып, жер мәселесінің шиеленісті күйін, қазақ халқының ауыр халін батыл түрде жеткізген. «С 1905 года в Семиреченской области производится отвод переселенческих участков из земель, находившихся в пользовании киргиз. Местная переселенческая организация отводит под переселенческие участки киргизские усадебные места, зимовки, культурные поля, занятые садами, искусственными рощами, клевером и пашнями, которые орошаются искусственными канавами арыками, произведенными киргизами, реконстрируемыми ежегодно после спада весеннего половодья. Киргизы выселяются. Жалоба киргиз оставляются без удовлетворения... Современная практика местной переселенческой организации Переселенческого Управления не только неотчуждаемые усадьбы, культурные поля, но идет в разрез существующему закону... 800 тысячное киргизское население Семиреченской области приходит в отчаяние, не находя защиты своих законных, кровных интересов и вынуждено просить о наделении их землею в размере надела оседлого населения, хотя это грозит разорением кочевого хозяйства и грозящего нищетою 800 тысячному населению и номадному краю»[5], - деген абзал зиялының жазғаны оның халқына қызмет еткен азамат болғандығын айшықты айғақтайды.

Жер тағдырына, ел тағдырына алаңдау – Барлыбектің халық мүддесін көздеу бағытындағы қызметінің бір саласы ғана.

1911 жылы Барлыбек Сыртановты науқасына қарамастан Жетісу облысының қазақ, қырғыз, сарт, ноғайлары патша өкіметінің жерді тартып алып жатқан саясатына өздерінің наразылықтарын білдіру үшін Санкт-Петербургке арнайы өтінішпен жіберді. Өзіне тапсырылған халықтың аманатын орындау мақсатымен ол патша өкіметі шенеуніктерінің есігін күзетумен болады. Оның сөзін кім тыңдасын. Ресейдің тоңмойын, халық, ұлт мүддесінен алшақ тұрған аппараты сөзіне құлақ аспайды.

Міне, осындай сергелдең күй кешіп жүргенде Барлыбек Сыртанов сол кезде бүкіл мұсылман жұртшылығына кеңінен таныс Әлихан Бөкейхановпен кездеседі.[2].

Барлыбек қазақтардың құқықтарын империядағы өзге ұлттармен теңестіру, елінің тәуелсіздігі, оқу-ағарту ісін бір сәт есінен шығармаған.

Халықтың осындай көкейкесті мәселелерін шешу мақсатында табанды күрес жүргізген. Осы мақстта бірқатар еңбектер жазған. Барлыбек өзінің еңбектерін жариялауда жансыздар мен тыңшыларды адастыру үшін «Алатау баласы», кейде «С.Б. Алашинский» деген бүркеншік есімдерді пайдаланған. Бұл жерде Алашинский дегенді алты Алаштың ұлы деген мағынада ұғынып, бабалар жолын ұстанған деп түсінген жөн.

Барлыбек Сыртановтың Ресей астанасының кітапханаларында сарыла отырып, көз майын тауысып, зерттеулерді ақтарып, оларды ой – зердесінен өткізіп жазған еңбектерінің бірі – «Қазақ елінің Уставы». Бұл шын мәнінде қазақ мемлекетінің Конституциясы еді. Еңбектің кіріспе бөлімінде тарихқа қатысты мынадай ойлар жазылған «Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарда қалмақтардың күшті һәм көп әскеріне ауызбірлік жоқтығынан қарсы тұра алмады. Бірақ Үш жүздің ақылды ұлдары бір байрақтың астына жиналуға уәде беріп, бас қосып, қалмақтарды күл-талқан жасады. Әбілқайыр хан асығыстық жасаумен Кіші жүздің қазақтарын Россияға бағынышты етті. Орыс патшасы жасалған шартты бұзып, қазақ жеріне бекіністер орнатты, жаулап алуды күштіледі, қара шекпенділерді қаптатты, қазақтың жерін, жеген нанын, ішкен суын тартып алды. Байғұс қазақтар қазақ жеріне ие болудан айрылды, һәм айдалаға, құмға ығыстырылды...»[6]. Автор қазақ тарихына қысқаша сипаттама беріп, отар елге айналудың себептерін ашуға ұмтылған. Отарлау саясатының зардаптарын ашып көрсеткен. Барлыбек егемен, тәуелсіз ел болу үшін жарғы қажет деп түсінді. Осы мақсатта конституция дайындады. «Қазақ елінің Уставы» төрт бөлімнен тұрды. Олар: «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында», «Адам баласының хұқы турасында», «Қазақ жері турасында», «Сот турасында». «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» атты бөлімнің тарихи маңызы өте зор, өйткені онда айтылған ойлар қазіргі тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен толық орын алған. Өз кезегінде Барлыбек армандаған егемен республика жаһанға танылып, салтанат құрып келеді. Сол ұлт зиялысы тайға таңба басқанадай жазып, өміршең болуын тілеген жарғының қазақтың жеке ел ретінде дамуы жөнінде айтылатын тұстарына назар аударайық. «...4. Қазақ елінде ең басшы орыны Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшы Президентін төрт жылға сайлайды.

5. Бір Президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.

6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.

7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады...

Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады»[7], - деп жазылған жарғының тармақшалары Барлыбектің оны дайындауда көп ізденгенін байқатады. Сондай-ақ, оның білімдарлығынан да хабар береді. Келтірілген үзінділер Барлыбектің құқықтық мемлекеттің белгілерін нақты көрсетіп бергендігін дәйектейді. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстанда Барлыбек көрсеткен құқықтық мемлекеттің белгілері орын алған. Саяси билік үш тармаққа бөлініп, атқарушы, заң шығарушы, сот билігі түрінде өзінің функцияларын іске асыруда. Барлыбектің Ұлт мәжілісінің орнына қос палаталы парламент келген, ол Сенат және Мәжіліс арқылы барша қазақстандықтарға танымал.

Жарғының ерекше көңіл бөлер тұсы – оның жер туралы айтылатын бөлімі. Барлыбек: «...19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты.

20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады», - деп жазған. Мұның өзі жердің қазақ үшін басты байлық болуға тиіс екендігін аңғартады. Барлыбек Сыртанов жер турасында: «...Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты» - деп нықтап сыналады, өйткені жер мәселесі ХХ ғасырдың басында өте өткір сипаталған еді. Жерді тартып алу, сату, мердігерлікке беру, сыйға тарту, т.б әрекеттер көбейіп кеткен. Қазақтардан осы кезде 45 млн. десятина жер тртып алынып, Ресейдің орталық аудандарынан көшіп келген келімсектерге берілген. Жерінен айырылған халықтың ырыс-берекесі де кете бастаған. Барлыбек әсіресе, жерді сатуға қарсы болған. Қазақ елінің болашағына алаңдаған ұлт зиялысының осыған ұқсас пікірін өз заманында жаһанға танымал М. Ганди, ресейлік жазушы Л.Н. Толстой да танытқан. «...Земля может принадлежать только богу и всем сынам человеческим, работающим на ней. Она есть собственность всех поколений людей», - деп жазған Л. Толстой.[2]

Барлыбектің Бұқарбай бабаларының «Ынтымақ ережесі», «Партия һәм низамсыз жинаған алым» деп аталатын мақалаларының негізгі мазмұны елді ынтымаққа, бірлікке шақыру, ата-баба дәстүрінде тәрбие беру, рушылдықтан арылу, т.б. «Партия һәм низамсыз жинаған алым» атты мақаласында болыс билеушілерінің әділетсіздігін, ру аралық тартысты ашына жазған. «Болыстық, билік һәм старшындық қызметті шығарғанда орыс ұлықтары ойлаған еді, қазақ халқы өзін қызмет қылуға жарайтын, халықтың пайдасын ойлайтын адамдарды сайлайды ғой деген-ді. Бұл ойлағаны бекер шығып, болыс, би, старшындарымыз халқымызға қызмет қылып, жұртқа пайда ойлап, халықтың жұмыскері болмақ түгіл, елімізді момын, мінген аттай көріп, білгенін қылатын болды. Халыққа қылғаны көбінесе зорлық...»[8] – дегені осының айғағы. Бір айта кетерлігі, осы мақаласын Барлыбек «Дала уалаятының газетінде» Алатау баласы деген бүркеншік есіммен жариялаған.

Билік үшін, болыстың мансабы жолында руға бөлінудің, халықты тонаудың ел арасында етек жайғанына ашынған Барлыбек осы мақаласында «Бір руды бір ру жаудай көреді. Бірін-бірі бөтен санап, әлі келсе жеп қояды... сайлаудан жарты жыл, бір жыл бұрын бай адамдар шарын көбейтуге ел арасындағы құрметті адамдарға ат, майын, шайын, ақша, шапан бере бастайды. Мұны бергенде елден тым болмаса жасырып берсе екен, жоқ, қайта мақтанады көп бергендігіне, халыққа көрсетіп пәре беріп. Өз малын, ақшасын беріп қоймайды, халықтан жинап алады «шығын», «жұртшылық» деп. Сайлау солардың алдында қазақ арасында әуелі елубасыларды сайлайды. Бұдан да әрқайсысы өзінің кісілерін қоюғ таласып, төбелес шығарады.

Жақ-жақ болып, шарт-шұрт қамшыласып жатқаны, қанға боялып...[8. 592].

Барлыбек Сыртанов өзінің мақаларында жер мәселесімен қатар оқу-ағарту ісі туралы ыждахаттықпен жазып өткен. Ғылым, білімнің пайдасын ашып көрсеткен. Қазақ халқының қараңғылығына налып, былай деп жазған: «...Білімді халық біздің қыл, тері, жүн-жұрқамызды қымбат, жақсы нәрселер шұға, былғары істеп, өз еркімен дүние айналып жол жүріп, бөгетсіз мұхиттан өтіп, Сүлеймен патшаның ақылымен жаратылғандай от арбасына, кемесіне мініп даладан, таудан, судан өтіп жүргенде, ақ шайтанның күшімен алғандай, жер түбінен телеграммамен олар хабар алғанда, біз қазақ халқы олардың біріне де ұқпаймыз...[9]. Осы қараңғылықтан шығып, білім-ғылымға үйрену қажеттілігін Барлыбек баса айтқан. Білімді халықтың тұрмыс тіршілігінің жақсаратынын ескерткен ұлт зиялысы «Ғылымның жарығының соңынан ерген халық көбейді, күшейді, ақылдың қуатымен, ғылымның табысымен рахатқа батып жатыр. Оның алдында бәрі ашық, бекем тұрады. Бөгет болады деп қорықпайды. Ақылы көрсетіп, қолы жұмыста тұр. Және олардың ғылымы от пен су, бу, электричествоға (электричество деп жайдың әсерін айтады) жұмыс қылдырды өздеріне. Адамға керектің бәрін ғылымның себебімен оңай табады. Жақсымен тұрсаң пайдасы, жаманмен тұрсаң залалы тиеді. Бізде ондай емес, біз ешбір өнер, ғылым, кәсіп, білім білмейміз, себебі дәнеме қылмауға үйреніп кеттік, қырдың таза ауасына рахаттанып. Мұнда тұру арзан, ертеңгі күнді ойламай, жүріс-тұрысымызды түзейік демейміз. Енді бұрынғыдай көп жер жоқ мұнда малға, мал, егін шаруасымен тұру қиын. Үйрету керек һәм өзгеге пайдалы болып тұруды. Біз әлі ештемеге түсінгеніміз жоқ, ғылымның көрсеткен жұмысын жақсы жолмен жаһут қылуды көрсеткен жоқ»[9.542] – деп, қазақ халқының назарын болашағын ойланар кездің әлдеқашан жеткендігіне аударған. Өз ұлтының бүгіні мен келешегіне алаңдаған бірегей ұлт зиялысы құнарлы өрісі тартылып, малының берекесі кеткен, солай бола тұрса да әлі егін шаруашылығына бейімделе қоймаған халқының мұңын өз атынан баяндап, оқу, білімге ұмтылуға шақырған.

Халықты оқу білімге шақырып қана қоймай, өзінің тікелей көмегімен М. Тынышпаев, С. Аманжолов, Б. Мәмбетов,Н. Жақыпбаев, Қ. Боранбаев, О. Жандосов, Ж. Бәрібаев, Ы. Дүйсенбаев сынды жастарды Верный қаласындағы гимназияға оқуға түсуге септігін тигізді. Сондай-ақ, Барлыбек Сыртанов 1909 жылы Қапалда Сейтбаттал Мамановты қазақ балаларына арналған мектеп салуына қаржы бөлінуіне өз тарапынан ықпал еткен еді. Халық арасында беделі зор Барлыбек Сыртановтың сөзін жерге тастамай С. Маманов, кейінірек Тұрысбек, Есенқұл Маманов мектеп салып, қазақ жастарына үлкен қамқоршы болған[7.30].

Барлыбектің қоғамдық қызметінен мәлімет беретін тарихи құжаттарда Барлыбектің Мамания мектебіне қатысы туралы былайша жазылған: «Сыртанов Б. делает предложение местным зажиточным строить школу – мектеб и договорившись с Саркандским учителем Жихангереевым Фаизрахманом (он умер в Ташкенте в 1964 году) настаивает на Мамановы, чтобы они строили мектеб, они соглашаются и тогда Сейтбаттал Маманов побыв в Алма-Ате у Сыртанова берет план мужской гимназий (Алма-Аты) Верного; и по этому плану был построен мектеб в 1909 году. Хорошо помню этого мектеба в Карагаче, мектеб сломали в 1930-годах – Махмутовым. Сыртанов организует собрание среди аксакалов и советует об устройстве мектеб – обучать детей и девочек, а также перейти из кочевания на оседлость, предлагает 1 гильдии купцу Копальскому Асаттарову Шаяхметову об устройстве 2-х школ среди Матай и Жалайыр» [7.31].

Көріп отырғанымыздай Барлыбек халқының көкірегі ояу, көзі ашық, санасы зерделі болуы үшін әрекет етіп, оқу білімді насихаттаған.

Осылайша біз қазақ халқының мүддесі үшін бар ғұмырын сарп еткен ұлт зиялысы Барлыбек Сыртановтың өмірін қоғамдық қызметімен сабақтастыра отырып талдадық. Матайдың құт дарыған Қыдырәлісінен тараған осы бір тұлғаның өмірі мен елінің бостандығы, мәдениеті, болашағы үшін жүргізген табанды әрі қажырлы күресі ұрпаққа өнеге. Барлыбек нағыз ұлтжанды, Отанын, жерін, елін сүйген халық мүддесін қара басының қамынан жоғары қойған аяулы азамат. Өз заманында Барлыбектің осындай баға жетпес адами қасиеттерін көре білген Бақытжан Қаратаев: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың. Жалғыз сенің «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға хақың бар» [10], - деп айтқан. Шындығында да солай екеніне тарихи деректер мен уақыт куә.

Пайдаланылған әдебиет:

1.Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. –А., 1988; Соныкі. Барлыбек Сыртанов.-А., 1996; Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.-А., 1995; Нұрпейіс К. Алаш һәм Алашорда.-А.,1995.

2.Ақыпбекұлы Ө. Барлыбек Сыртанов//Егемен Қазақстан. 26 сәуір 2006 жыл.

3.Федоров Е. Очерки нацонально освободительного движения в Средней Азии.-Ташкент, 1925. -46 б.

4.Сыртанов Б. Жерді қорғау. Барлыбек Сыртановтың мұрағаты. 1-т. 13 б.

5.Прошение Б.Сыртанова//Барлыбек Сыртанов мұрағаты. 1-т.1,4 бб.

6. Сыртанов Б. Қазақ елінің Уставы//Б.Сыртанов мұрағаты.1-т. 7-34-35 бб.

7.Өзбекұлы С. Барлыбек Сыртанов. -89 б.

8.Алатау баласы. Партия һәм низамсыз жиналған алым // Дала уалаятының газеті, 1897 жыл // Дала уалаятының газеті. Құрастырушы Ү. Сухбанбердина.-Алматы, 194-590 б.

9. Алатау баласы. Қазақ халқының қазіргі һәм ілгері күні турасынан бірнеше ойға келген сана // Дала уалаятының газеті. – 541-542 бб.

10. Федоров Е. Очерки национально-освободительного движения в Средней Азии. –Ташкент. 1925. -25б.