• Историко-краеведческий и архивный журнал Тұған Өлке

ҚҰЖАТТАРДЫ ЖАРИЯЛАУ/ПУБЛИКАЦИЯ ДОКУМЕНТОВ

СЫРЛЫ ХАТ

 

Бұл – Жетісудағы атақты Тұрысбектің бұрын болыс болған баласы Құдайбергеннің Ілияс ақын сұрауына орай жазған хаты. Ақын өзінің “Рүстем қырғыны” атты поэмасында ел жадында сақталған бірқатар тарихи жәйттермен бірге осы хаттағы деректерді де негізге алған. Байырғы болыс бұл мәліметтерді өз қолымен шағатай жазуы үлгісінде хатқа түсіріпті. Кезінде карандашпен жазылған мәтіннің көп тұстары өшуге айналған. Кейбір әріп, сөздері өшіп те кеткен. Хаттың соңғы бос жерлеріне ақын ұрыс болған жылдардың мөлшеріне байланысты болса керек, есептер келтіріп, “Ақ тышқан –1868 жыл; Жеті аяз – 1872 жыл” және “Ұрысты Тәнеке, Байқұтан бастайды” деген сөздер жазыпты.

Әбілхан Әбіласан,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚҰДАЙБЕРГЕН ТҰРЫСБЕК БАЛАСЫ - ІЛИЯСҚА

19 қараша 1924 жыл

Ардақты ініміз Ілияс!

Сіз маған жазған екенсіз. Соған мен жауап қайтара алмаған себебім: жаздай безгек болып жаза алмадым. Айыпқа бұйырмаңыз. Енді білгенімізше жазып көрейік. Бірақ біз бұрынғы ескі оқумен оқығанбыз. Жазуымыз ұғымсыз болса да ақидаға салып оқырсыз.

Бізден сұраған сөзіңіз: Рүстем төренің қырғыз һәм қай нәсілден екені. Негізі біздің елдің көбісінің ауғаны. 4-інші [сұрағыңыз]: бір бізден басқа ауған ел бар ма. 6-ыншы[сұрағыңыз]: біздің елді қаратқан орыстың бастығы кім деп сұраған екенсіз.

Рүстем төре осы күннен жүз жыл шамасында бұрын туған. Хандардың тұсында зекетшілерін өлтіріп, ауылымен көшіп қашып Шу мен Іленің арасындағы жолмен құдық-құдыққа ит өлтіріп тастап, біздің елмен жапсарлас жалайыр деген елге келіпті. Құдыққа ит өлтіріп салған себебі: артымнан қуған кісі болса құдықта ит жатқанын көріп су іше алмай қайтып кетсін деген амалы екен. Ақырында сол ақылы дұрыс келіп, қуған сарбаздар құдықтағы итті көріп жолдан қайтып кетіпті.

Рүстем төренің анық қай тұқымнан екенін біле алмадым. Бір шалдардан сұрап едім, “нан атқан төренің тұқымы екен” деді. Ол “нан атқан төрені” ешбір тарихтан көргенім жоқ. Біздің қазақта дәл хан болған Есімхан еді. Оның баласы қанішер (“хан-и-шер” болар, бәлкім. – Ә.Ә.) Абылай. Оның баласы Уәли, Бақы деген екеу екен. Соның біреуінің баласы мәшһүр Абылай хан. Есімханның кіші қатынынан Тәуке хан, баласы Әбілмәмбет, оның баласы Әбілфейіз болар дедік. Ішінде “нан атқан” деген төре жоқ. Бірақ Шыңғыс ханның төрт баласының біреуінің тұқымы жуасын білмеймін. Әйтеуір кім болса ол болсын, жалайыр ішіне келіп төре болып тұрыпты. Ол заманда үйсін, найман бір-бірінен мал қуып, барымта, қуғын-сүргін қылып жүреді екен. Сонан соң Рүстем төре біздің елден де, үйсіннен де кісі шақырып “мен дәм-тұзым ауып бұл жерге келіп қалдым. Сіздерден тату болып тұрғандарыңызды тілеймін. Егер де осыдан былай қарай біреудің біреуде ақысы болса мал қумай, әсілінің жақсыларына айтып, сөйлесіп алсын. Егер де сөйлеспей мал қуып, барымта алса, екі елдің жақсы азаматтары, би, төрелері сол мал қуған тентектердің өтеуінде болып, айып салып, жазалы қылалық” деп боз бие алып келіп айтып сойып, бата қылып, екі жақ уағда қылып тарқапты. Сонан соң біздің ел тағы мал қуып, барымта алып қойса керек. Сонан соң Рүстем төре екі жақтан ел жинап, бұрынғы уағда бойынша мал алған адамдарға айып кесіп, қатты жаза қылмақ болса, біздің ел оған көнбейді. Сонан соң төре біздің елдің жақсыларына да, батырларына да өкпелеп, уағдасыз ел екенсің деп артына кек сақтап қалса керек. Сөйтіп араздасып тұрған мезгілде орыс келіп кіші жүзді һәм арғынды алып келе жатыр деген соң, біздің ел сөйлесіп, “бұл кәпірге қайтіп қараймыз, әйтеуір сарт болса да мұсылман ғой, енді Қоқан хандығына қарайық, үйсін де қарап тұр ғой” деп көшіп үйсін ішіне барыпты. Біздің Тәнеке батырдың артынан ерген ел ботпай Тойшыбек батырдың қасына барыпты. Тастамбек батырдың артынан ерген ел тағы бір жерге барыпты. Сол екі болыстай елге бас болған: біреуі қыдырәлі Тәнеке батыр, біреуі құлжан Тастамбек батыр. Екеуі бір борбайдың (?) баласы және де екі батырдың өзі араз болса керек. Ал енді ол жерге барған соң Қоқан ханға барып білінуге, көрінуге керек болған соң тартуға атап айдап екі бөлегінен екі кісі басшы болып, біздің жақтан біздің үлкен акамыз (ағамыз) Қалқабай, екінші жақтан Тастамбек батыр екеуі барып ханға көрініп, тарту-таралғысын беріп, қанша ел келгенін,

есеп-қисабын беріп қайтыпты. Хан біздің акамыз Қалқабайға қодастың құйрығы – ту беріпті. “Елдеріңе айт: ұрлық қылып, өтірік айтпасын және көрші болып тұрған елдеріңмен тату тұрыңдар” деп жарлығын айтып қайтарыпты. Олар аман-есен елге келіпті. Ал енді адам баласы үйренген ісін қоя ма. Тағы да тыныш тұрмай, өздерінің үркіп қашып жүргенін ұмытып кетіп, сол елді ұрлай бастапты. Сонан соң үйсіннің адамдары ханға білгізіпті. Мына қашып келген ел малымызды ұрлап мазамызды кетірді деп. Сонан соң хан біздің елдің адамдарын шақыртыпты. Оған баруға тағы қорқып, өз жерімізге барамыз деп көшпек болса, [үйсіндер] елдің жақсы ат, жақсы түйе, сұлу қыздарын [алып қ]алмақ бол[ып], біздің ел оған көнбей, соғыс салыпты. Сол соғыста шапырашты Саурық батырдың баласы Ыстамбек деген өліп қалған соң, ел алды-алдына көшіп қаша беріпті. Тәнеке батырдың соңына ерген ел аман-есен өз жерлеріне келіпті. Анау бір бөлек ел көшіп келе жатып Рүстем төренің ауылына кез келіп қалыпты. Сонан соң Рүстем төре “құдай берді ғой” деп алдап қонаққа шақырып, құлжаннан Тастамбек, Бектас екеуін, төртсары деген елден Естемес деген батырды және қасындағы үш-төрт жолдастарымен бауыздап өлтіріпті деп үлкен акамыз Қалқабайдан өзім [естідім] және өзім болыс күнімде сол батырлармен бірге барып, байлаудан қашып құтылған Күржіман деген шалдан қандай қылып өлтірді деп сұрап едім, маған айтқан сөзі мынау:

-Тышқан бұрқан деген ұзан судың бойында төренің ауылына жақын келіп қонып едік. “Батырларды төре қонаққа шақырады” деп бір адам келген соң қастарына мені 1-інші қылып, Тастамбек, Бектас – екі батыр және екі-үш кісі алып Рүстем төренің ауылына келдік. Естемес батыр келген жоқ екен, соны тосқан сияқтанып отырды. Содан кешке жақын Естемес батыр келді. Қасында екі кісі жолдасы бар. Олар келген соң кешікпей-ақ бәріміздің қол-аяғымызды байлап, бір бос үйге кіргізіп, байлап салды. Түн болды. Байлау өткен соң әрқайсымыз ойбайлап едік, Естемес батыр: “Әй, иттер! Кімге еркелеп ойбайлайсыңдар? Олар оныңды білмей жатыр ма екен. Бұл қан ишарат. Бізді өлтірмей жібермейді. Ойбайлап дұшпанның күңкілін өсіргенше, құдайға сеніп үндемей жата беріңдер. Біз өлсек те найманның тұқымы құрыған жоқ. Құнымызды сұрайтын кісі табылар” деді. Сонан соң үндемей жатыр едік. Біреу келіп мені түртіп қалып: “Естемес қайсың? Бір адам “босатып жібер” деп еді” деген соң “Естемес мен едім дедім” деді. Сонан соң қол-аяғымды бастып, “ал енді қаш, біреу көрмесін” деп мені қоя берді” деді. – Үйден шыға келсем таң атып келе жатыр екен. Жүгірген күйімде Тышқан бұрқанның суына түсіп кетіп, судың астымен сүңгіп ағып барып ауылдан ұзаған соң, бір жерден шығып, әл-дірмәнім кетіп, бір ағаштың түбіне жатып, кішкене есімді жиған соң ауылға зорға жетіп жығылдым – деді. – Сонан соң кешікпей-ақ хабар есіттік. Бәрін де өлтіріп тастады деп. Сонан соң сол көп түтін үркіп көшіп, жолға көп тоқтамай, өзіміздің жерге келдік” деп сөзін тәмәм қылды.

Қош, енді Рүстемнің қырғынын, елдің ауғанын, қашып келгенін жаздық. Енді соған қанша жыл болғанын мөлшер қылып жазып көрейін.

Марқұм үлкен акамыз Маман деген кісі биыл 103 жасқа келді. Сол кісі айтып еді: “Сонда мен 16 жаста едім” деп. Бірақ ел ауғандағысы екені, жоқ батырларды Рүстем өлтіргендегісі екені есімде жоқ. Бірақ арасы жақын. Ол жақта екі жылдан артық тұрмастан, батырларды өлтірген соң, көк шығып келе жатқанда көшіп келіпті.

Сол жыл екенін, жоқ, келер жылы екенін білмеймін, Әбілфейіз тұқымы Солтабайдың баласы Барақ төре батыр қаракерейден, садырдан қол жинап келіп, һәм біздің елден көп кісі қосылып барып албан, дулатқа жете алмай, жалайырды шауып, малын, қыз-қатынын алып қайтып, Жонға келген жерде артынан Бейбіт би төреден сауға сұрап келіпті. Сәлемдесіп...болған соң Барақ батыр биге:

-Жолыңыз болсын! – дейді.

Би:

-Жол қылмақ Сізден болсын! – дейді.

-Төре болғанда Әбілфейіздің Барағы едік. Құс болғанда Орал таудың ақиығы едік.

-Сол ақиық ұшты деген соң ойлап едік: тауда жатқан төрт бөрінің бірін алады ғой деп. Оны ала алмай, етекте жатқан сарқұлақ сартышқанға әлің келді ме төрем? – деп жұмбақ сияқты қылып сөз айтыпты. Айтуы “маған сауға беріңіз” дейді. Сонан соң төре:

-Жарайды, қалағаныңызды алыңыз – дейді.

Би:

-Жарайды, рахмет. “Екі аяқтыда сату жоқ, төрт аяқтыда қайту жоқ” деген –деп, барша еркек, ұрғашы жебір-жесірлерін Бейбіт би алып қайтыпты.

Рүстем төре Барақтан тағы қашып құтылып кетіпті. Бейбіт бидің жұмбақ қылып “таудағы төрт бөрі” дегені Домалақтың төрт ұлы екен. “Етектегі сарқұлақ тышқан” дегені жалайыр екен. Есебі, “төрт дулатқа әлің келмей, жалайырға әлің келді ме?” деген сөзі екен.

Сонан соң үш-төрт жылдан кейін орыс келіп әуелі садырды алыпты. Ұрыспай, соғыспай өзі қарапты Жолан төренің тұсында. Содан біздің елге келген соң үш-төрт күн соғысып, қамалап, орысты састырып тұрғанда бір зеңбіректің оғы келіп бір кісінің басын жұлып алып кеткен соң, қорқып, біздің шамамыз келмейді екен деп өздері қарайды.

Біздің әсілдің бас адамдары Жамбөбек төре, Тәнеке батыр.

Біздің ел орысқа қарағалы 81-82 жыл болса керек. Біздің акамыз Тұрысбек қажы туған жыл Қапал қаласын салыпты. Биыл дақ 80 жаста.

Орыс әскерінің бастық төресін біле алмадым. Түркістан жағын қаратқан Черняевский мен Кауфман, Қалпаковскийлер еді. Олар емес. Бұл әскер Семей жақтан келіпті. Әркімнен сұрап едім, білуші болмады.

 

Жазушы: Құдайберген Тұрысбек баласы.

1924-інші жыл, 19 ноябрьде.

 

ҚРОММ, 1368-қор. 1-тізімдеме, 2-іс, 121-117 пп. Қолжазба. Түпнұсқа. Шағатай жазуы нұсқасында хатқа түскен. Араб әліпбиі.

 

 

 

РЕЗЮМЕ

 

Данная публикация – это перевод письма Кудайбергена Турысбек баласы. И. Жансугурову. И.Жансугуров в своей поэме «Рүстем қырғыны» взял за основу некоторые данные из этого письма. Перевод с чагатайского сделан А. Абиласаном.

  • Қазақша
  • Русский
  • English

Реклама

Уважаемые читатели журнала «Туған Өлке» (Родной край)!

Объявляется подписка на электронную версию единственного в Казахстане историко-краеведческого и архивного  журнала «Туған Өлке» (Родной край).


В издательстве Ұш-Қиян вышла книга Современное документирование и документооборот в Казахстане"

узнать подробнее>>

Голосования

Какой информации не хватает на сайте?
 

Счетчик посещений


mod_vvisit_counterСегодня41
mod_vvisit_counterВчера98
mod_vvisit_counterНа этой неделе181
mod_vvisit_counterНа прошлой неделе420
mod_vvisit_counterВ этом месяце1553
mod_vvisit_counterВ прошлом месяце3325
mod_vvisit_counterВсего232033

Онлайн (20 минут спустя): 1
ВашIP: 54.158.50.26
,
Сегодня: 2017-06-28