• Историко-краеведческий и архивный журнал Тұған Өлке

ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ШОЛУЛАР

Р. Краевский

БЕЛГІЛІ ӨЛЕҢНІҢ БЕЙМӘЛІМ СЫРЫ

Қазақ әдебиеті тарихында қазақ-поляк әдеби байланысының пайда болу кезеңі, даму жолы негізінен поляк халқының азаттық жолында күрескен ұлдарын патша үкіметінің Сібір мен Қазақстанға жер аудара бастаған мерзіміне тұспа-тұс келеді. Мұндай рухани байланыстың алғашқы қарлығашы Сібір мен қазақ даласында қасіретті өмір жолын өткізген Адольф Янушкевичтен басталады десе де болғандай. Осы дәстүрді кейіннен поляк ақыны Зелинский жалғастырып әкетсе, келе-келе осы әдеби-творчестволық байланысқа қазақ даласынан алғаш рет ұлы Абай жол салған бастаманы көреміз.

 

 

Поляк халқының ұлы ақыны Адам Мицкевичтен аударылған Абайдың «Тұтқындығы поляк жандаралының сөзі» деп аталатын өлеңі 1933 жылдан бастап жарық көре бастады. Бірақ әуелде бұл өлеңнің А. Мицкевичтен аударылғаны беймәлім болатын-ды. Бұл өленді Абай мұрасының үштен бір бөлігі тарихтан мүлде өшіп кетуге айналған тұста М. Әуезов еңбегімен қайта тірілген өлеңдер тобынан табамыз. Бұл өлең о бастан тұтас күйінде аударылса да, хатқа түспей қалған. Өлеңді М. Әуезовке айтып берген Абайдың ақын шәкірттерінің бірі кей тұстарын ұмытып қалуы себепті, бізге сілемі ғана жетіп отыр.

Өлеңді М. Әуезовке айтып берген адам бұл туындының кімнен  аударылғанын айта алмаған. Бірақ Шыңғыстауға келген Абайдың орыс, поляк достары жайында ел аузында айтылған әңгіме-естеліктер сарынына бойлай отырып, өлеңге «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» деген шартты тақырып қояды, әрі оның түп төркінін де дәл табады. Әрине бұған Құнанбай ауылына келген А. Янушкевич, не Абаймен достасып кеткен Северин Гросс (1853 ж. туған) жайындағы әңгімелер негіз болған сияқты. Өйткені С. Гросс Петербург университетінің Шығыс факультетін бітіріп, А. Мицкевич қызмет атқарған жерде, яғни Каунаста жүргенде саяси көзқарасы үшін Сібірге жер аударылады. 1883 жылы Абаймен достасып, 1884 жылы 4 июньнен 1 июльге дейін Абай ауылында қонақта болып көп күндер бойы әңгіме-дүкен құрған кезде, өз елі тарихы мен азаттық жолындағы күресінің жыршысы ұлы ақын Адам Мицкевич туралы сыр шертпеді дейсіз бе? Мұның үстіне С. Гросс қазақ халқының прозалық әдет-ғұрпы жөнінде деректер жинап, 1886 жылы Омбы қаласында Маховецкий атынан жарық көрген «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов» (Изд Семипалатинского областного статистического комитета. Вып. 1) еңбегін бастыруға даярланып жүргенде, осы статистикалық комитеттің мүшесі әрі қазақ арасындағы ел билеудің арғы-бергі тарихын терең білген Абаймен көп сырласып әңгімелескенін, тіпті М. Әуезовтың  өзі «Гросс айдалып келген соң қазақтың ескі жорасы бойынша айтылатын билік, кесім сияқты ескі заңдарын, жиып қарастыруға салынған, сонымен бұл да Абаймен араласып, қырға шығып, Абай ауылына жатып қайтқан», - деп, көп нәрседен хабардар етеді. Осы жолда қатты ізденіп ескі тұрмыстағы қазақтың праволық әдет-ғұрпы жөнінде білікті кісілермен сөйлескенде: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім  ханның ескі жолын», әз Тәукеханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті Жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу салаларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» – дейтін Абаймен сөйлесіп-сырласпағанда кіммен әнгімелеспек.

1883 жылы Семейде ашылған Гоголь кітапханасының ашылуына С . Гросс қызу атсалысқан. Бұған Россияда шығатын газет-журналдар, кітаптар түгелге жуық жазып алдырылатын. Бұлардың арасында А. Мицкевич өлеңдері жарияланған «Вестник  Европы»  журналы да бар еді. Міне осы журналда 1892 жылы жарияланған А. Мицкевичтің «С. .Б. альбомына» деген өлеңі жарияланған болатын. Абай дәл осы нұсқаны аударған, шамасы осы өлеңнің аударылуына     С. Гросс түрткі болғанға ұқсайды. Істің жайы осыған келеді. Себебі Кәкітай Ысқақұлының «Гросс және Михаэлис Абайдікіне қонақ болып келіп-кетіп жүрген. Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке осы кісілер үлкен себеп болған» - деп жазуында көп сыр тұнып жатқандай аса қызық хабар береді емес пе.

Абайдағы «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» деген аударманың Адам Мицкевичтен алынғаны 1957 жылы ғана анықталды. Зерттеушілер Абай аударған А. Мицкевич өлеңі орыс ақыны Д.Д. Минаевтің (1835-1889) «Сочинения А. Мицкевича» (СПб, 1882) деген басылымнан алынған деп көрсетуі сол тұстағы абайтану тарихына елеулі жаңалық болып енген еді.

Қазіргі күнде А. Мицкевичтің «С. Б. альбомына»  деген шартты тақырыппен жарияланған өлеңі орыс тіліне аударылып, 1844-1883 жылдар аралығында бес рет жарық көргені анықталып отыр. Осы бес рет жарық көрген өлеңнің қайсы нұсқасы Абай аудармасына дөп келеді деп салыстырғанымызда, таңдау 1882 жылы «Вестник Европы» журналының 1-том, 2-кітаптың 606-бетінде жарияланған Н.В. Бергтің «С. Б. албомына» деген тақырыппен аударылған нұсқасына түсіп отыр. Н.В. Берг (1823-1884) өз заманында славян  халықтарының фальклорын аударуға айтарлықтай үлес қосқан. Ал поляк тілін гимназияда оқып жүргенде-ақ ана тіліндей меңгеріп алғандығын: «А. Мицкевич поэзиясы мені қатты қызықтырды. Гимназияда ешбір пәнді дәл поляк тіліндей құшырланып оқыған емеспін, осы себепті болса керек мен А. Мицкевичті көбірек аударумен айналыстым» («Русская старина»,  1891, №2), - деп жазған еді. Н.В. Берг 1863 жылы Варшавада тұрады, 1865 жылы оның, «Адам Мицкевич аудармалары» деген кітабы жарық көреді. Кезінде Н. Берг аудармалары жайында сын пікірлер молырақ айтылды. Өйткені 4-5 күнде мың жол өлең аударып отыруы себепті түпнұсқадан алыстап кететін жағын Некрасов та айтады. Осы кемшін жайт А. Мицкевичтің  «С. Б. альбомына» деген көңіл-күй (интимный) лирикасының мазмұнын саяси-әлеуметтік сарынға қарай бұрып жіберуінен-ақ байқалып тұр.  Н. Берг те А. Мицкевич өлеңінің кімге арналғанын, қай мерзімде жазылғанын білмеген. Өлең ақынның қартайған деп білуі себепті, «я стар, я устал» деген сөзді қолданса, өлеңнің түпнұсқасын жолма-жол аударғандағы:

Загрохатали грозы,

постоянно ненастье,

Трудно выискать на

родных  лугах, –

деген күн райына қарай көңіл-күйін суреттеген көріністі аудармашы:

Ревет гроза, играет

непогода.

Над головой  несчастного

народа, - деп, А. Мицкевич дүниетанымының революция рухына  қарай, өлеңнің әлеуметтік-саяси мазмұнын поляк халқының бастан кешкен ауыр тарихи жағдайына орай қоюлатып жіберген.

Поляк халқының 1830-1881 жылдар аралығындағы азаттық үшін арпалысқан күрес тарихымен терең таныс әрі өзі сол жолдағы революциялық әрекеті үшін айыпталып, Қазақстанға жер аударылған Северин Гросс та Н. Берг аудармасындағы саяси-әлеуметтік сарынды мақұлдай қабылдаған деп білеміз. Өйткені бастан кешкен оқиғаларын Абаймен әңгіме-дүкен құрғанда да осы сарында жеткізгендей. Н. Берг аудармасындағы осы екі жол өлең сарынын Абай тіпті нағыз ақындық шабытпен саяси-әлеуметтік сарынын мүлде тереңдетіп, поляк халқының басынан өткен азаттық жолындағы күресіне орай меңзеп:

Дүрілдеген найзағай,

Бұрқыраған жауынның

Ашылмағы бар ма басынан

Бағы қайтқан қауымның, - деуінде, поляк революционерлерінің тағдырын  «бағы қайтқан қауымға» балап беруінде аса терең мағына жатыр. Бұған               Н. Бергтегі тексті, яғни жоғарыдағы екі жол өлеңді төрт жол етіп аударған Абай өлеңімен жай салыстырып қарағанның өзінде қазақшасындағы әлеуметтік мағына мүлде ажарланып, көркемдік қуаттың сезім қозғар құнарлығын сезінесің. Бірақ бір өкініштісі Абай А. Мицкевич өлеңін о баста толық аударғанымен, бізге тұтас күйінде жетпей қалып отыр. «С.Б. альбомына» түпнұсқада он екі жол өлең болса, қазақшасында соның бес жолы ғана аударылып жеткені, оның өзінде де олар біркелкі ретімен келмей жол аралап отырады. Бұған себеп М. Әуезовке осы өлеңді хатқа түсіріп берушінің әуелде жаттап алып, соңынан ұмытып қалуында жатыр.

А. Мицкевичтің «С.Б. альбомына» деген өлеңі лирикалық жанрдың ішінде таза түрдегі көңіл-күй (интимный) лирикасына жатады. Ал өлең мазмұнын саяси-әлеуметтік лирикаға қарай жанастырып жібергендер оның аудармашылары болатын-ды. Бұған себеп - аудармашылардың бәрі де өлеңнің кімге арналғанын, қашан жазылғанын, өлеңнің жазылу тарихын білмеген. Осыдан келіп біздің кейбір әдебиетшілеріміз өлеңнен революциялық сарын іздеп, оқырмандарын жаңылыс ұғымға түсіріп жүр.

А. Мицкевич (1798-1855) бұл өлеңін Саломея Бекю ханымға 1824 жылы 22-октябрьде арнап жазғаны түпнұсқаның фотокөшірмесінен көрініп тұр. Тіпті мұнда ақын өлеңнің жазылған күнін, айын, жылын көрсетумен бірге өзінің сотталып жер ауып бара жатқанына дейін ескерткен. Патша үкіметі                      А. Мицкевичті Вильнюстегі әдеби үйірмеге қатысып, халқына деген перзенттік сезімін жырлай бастағаны үшін жер аударуға үкім шығарады. Үкім қағазы  жазылып, даяр болған соң Вильнюсті тастап шығуы керек еді. Міне, аса қысылтаяң бірер сағат уақытты А. Мицкевич әдеби үйірмелерде танысып, араласып, рухани достасып кеткен Саломея аруға барып қоштасуға арнайды. Қоштасар алдында Саломеяның альбомына өз қолымен арнау өлеңін естелік ретінде жазып қалдырады.

Ақын өлеңіне тақырып қоймаған болатын. Қашан Саломеяның альбомы табылып, ол өлеңді баспасөз арқылы жариялау қарсаңында оған «С.Б альбомына» деген шартты тақырып қойылады да, сол атау қалыптасып кетті.

Саломея Бекюдің тұрмысқа шықпай тұрғандағы фамилиясы Янушевская болатын. Қазіргі Украинадағы Тернополь облысындағы Кременец қаласында туып өскен. Лицей меңгерушісінің қызы. Он жеті жасында Эвзебиуш Словацкийге тұрмысқа шығып, Вильнюске көшіп келеді. Күйеуі университеттегі поляк әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, өзі әдеби қауымның қалаулысы болып, өз үйін думан-сауық, әдеби кештің ордасына айналдырады.

Саломея ханыммен А. Мицкевич арасындағы рухани жақындастық бұл кезеңнен көп кейін қалыптасқан. 1814 жылы Саломея ханымның күйеуі қайтыс болып, баласы екеуі (Юлиуш Словацкий (1809-1849) – поляктардың атақты ақыны) Кременецке қайта көшіп кетеді.

Саломея ханым екінші рет Вильнюс университетінің профессоры, дәрігер, ұлты француз Август Бекюге тұрмысқа шығуы себепті фамилиясы Саломея Бекю аталып кеткен еді. Саломеяның арқасында Бекюдің үйі де әдеби қауымның бас қосар базарлы жиынына айналады.атақты ақын, жазушы, ғалымдардың бас қосар, кеңес құрар ордасына айналған Саломея ханымның үйіне жаңа таныла бастаған дарынды ақын А.Мицкевич те келіп кетіп жүреді. Осы кездесулерде романтикалық жаңа сарындағы өлеңдерін оқыған Адам Мицкевич поэзиясына Саломея ханым құлай беріледі. Ол кезде поляк ақындары арасында классицизм дәстүрлеріндегі өлең жазушылар мен романтикалық сарындағы жастар арасында қызу пікір таласы болып жататын. Европа, әсіресе француз әдебиетінен жақсы хабардар Саломея көбінесе пікір таласында А.Мицкевичті қолдап, демеп отырған. Оларды жақындастырған рухани достықтың себебі де осында жатыр.

Абай аударған «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» деп аталатын бұл өлең алыстағы қазақ даласында азғана топ арасында ғана мәлім болғанымен, исі қазаққа 1933 жылдан бастап таныла бастады. Бірақ осы аударма өлеңге М.Әуезов шартты түрде «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» деп тақырып қойғанымен, оның не себепті поляк генералын меңзеуі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр. А. Мицкевичтің шартты түрде «С.Б альбомына» деп аталатын өлеңін Абай Н.Б. Бергтің (1882 ж.) орыс тілінде жарияланған нұсқасынан алып аударғаны еш талассыз анықталып отыр. А. Мицкевичтен аударылған бұл өлеңді М. Әуезов Абай айналасындағы шәкірт ақындардың айтуына сүйене отырып, жазылу мерзімін 1892-1893 жылдарға жатқызады.

А. Мицкевичтің «С.Б. альбомына» өлеңінің аудармасы жарияланған «Вестник Европы» журналымен Абай ертеден таныс. Оны үзбей оқып отырғаны тіпті М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының соңғы кітабында айтылады да. Ұлы жазушының осы жолда көбірек ізденіп, «Вестник Европы» журналдарын тұтас қарап танысқан деректері қазіргі күнде М.Әуезовтің әдеби-мемориалды музейінің архивінде сақталып отыруы да ізденісін айғақтай түскендей. Мұның үстіне, дәл 1883-1884 жылдары С.Гросс пен Абайдың достасып араласуы, әрі осы кезде Н.В. Бергтің «Вестник Европы» журналында поляк тілінен орысшаға аударылған «С.Б. альбомына» өлеңінің жарық көруі де тұстас келіп жатады. Орыс классиктерінің өлеңдерін де Абай осы тұста, яғни 1882-1885 жылдар аралығында аударуға кірісті емес пе?

Міне, осы деректер көзіне аүйене отырып, біздің пайымдауымызша, Абай А.Мицкевичтің «С.Б. альбомына» деген көңіл-күй лирикасын 1883-1885 жылдар ішінде аударған болса керек деп білеміз. Бұл арада да М.Әуезовтің Абай өлеңдерінің жазылу мерзімін анықтау тәжірибесіне сүйенудің орны бар. Мысалы, Абайдағы «Жүректе көп қазына бар, бәрі қызық» өлеңі ақынның 1909 жылы Петерборда жарияланған тұңғыш жинағында 1889 жылы жазылған деп көрсетілген еді. М. Әуезов осы өлеңнің жазылу мерзімін 1889 жылдан бастап  1899 жылы жазылған деп өзгеріс енгізді. Бұлай етудегі сүйенген негізі – Абай туындыларындағы жүрек культін көтере жырлау сарыны ақын шығармаларында әсіресе 1889 жылдан бастап күшейіп, кейінгі жылдарда қатты дамыған, жүйеге түскен құбылыс болуында жатыр. Ақылға, дәлелге, деректер көзіне үйлесетін тұжырымдардан М. Әуезов тартынбаған, бұрын айтылған өз ойларына батыл өзгерістер енгізіп отырған. Осы тұрғыдан қарағанда «С.Б. альбомына» өлеңінің аударылу мерзімін 1883-1885 жылдарға жатқыза қарауды ойластыра бастауымыз керек сияқты.

  • Қазақша
  • Русский
  • English

Реклама

Уважаемые читатели журнала «Туған Өлке» (Родной край)!

Объявляется подписка на электронную версию единственного в Казахстане историко-краеведческого и архивного  журнала «Туған Өлке» (Родной край).


В издательстве Ұш-Қиян вышла книга Современное документирование и документооборот в Казахстане"

узнать подробнее>>

Голосования

Какой информации не хватает на сайте?
 

Счетчик посещений


mod_vvisit_counterСегодня8
mod_vvisit_counterВчера40
mod_vvisit_counterНа этой неделе287
mod_vvisit_counterНа прошлой неделе517
mod_vvisit_counterВ этом месяце1477
mod_vvisit_counterВ прошлом месяце2164
mod_vvisit_counterВсего240999

Онлайн (20 минут спустя): 1
ВашIP: 54.196.127.107
,
Сегодня: 2017-11-25