• Историко-краеведческий и архивный журнал Тұған Өлке

Құжаттарды жариялау

Ә. ӘБІЛАСАН

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ХАТТАРЫ

(«Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы».

2 томдық.. «СаГа» баспасы. Алматы. Таралымы – 3000.)

Жуырда «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы» атты екі томдық кітап жарық көрді. Бұл рухани қазына негізінен Шоқайдың қуғында, алыс шет елдерде жүріп мұраттас серіктестерімен жазысқан хаттарынан тұрады. Олардың арасында эмиграциядағы әзірбайжан, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр, кавказ халықтары өкілдерінің жетекшілері Аяз Исхаки, Заки Валиди, Әбдулуақаб Оқтай, Тахир Шағатай, Мәжидаддин Делил, Юсуф Ақшора, Алимардан Топчибаши т.б. көптеген тұлғалардың хаттары бар. Елу баспа табақтай көлемдегі екі томдыққа 276 хат берілген. Оның түпнұсқалары негізінен шағатай және орыс тілдерінде. Атап айтқанда: 151-і шағатай, 99-ы орыс, 7-і ағылшын, 13-і француз тілінде. Хаттар түгел қазіргі қазақ тіліне аударылды. Бұл орайда кімдердің еңбек еткендігі туралы құрастырушы Ғазиза Исахан алғысөздік мақаласында арнайы атап көрсетеді.

Оқырман қауым Мұстафа Шоқайдың бұл мұралары әлі күнге дейін қалайша жарияланбай келген деп ойлауы мүмкін. Бұған басты себеп көзден таса, елден жырақ жатқандығында еді.

2001 жылы еліміз егемендігінің он жылдығы тойланып жатқан күндері бүкіл түркі әлеміне мәшһүр қайраткердің алты мың парақтан астам мұрағаттық қоры Франциядан өз Отанына оралды... Бірақ, әрине, түпнұсқалары емес, көшірмелері. Онда да мемлекетаралық мәміле, келіссөздер арқылы ғана қол жеткізілген дүние. Бұл рухани құндылығымызды елге әкелуде сол кезгі үкімет басшысы, мемлекет қайраткері И. Тасмағамбетовтің атқарған рөлі айрықша. Сонымен қатар Қазақстанның Франциядағы елшісі А.Х. Арыстанбекова, мұрағатшылар өкілі, мұрағат комитететінің бас маманы Г. Исахан да елеулі еңбек сіңіргенін айта кету лазым. Шоқайдың шет елдегі бұл мұрасы өз Отанына шағын фильмдер (микрофльм), компьютерлік кассеталар (бобиналар) түрінде жетті.  Құжаттық микрофильмдерін жасаған Францияның Нейи-сюр-Марн қаласындағы Инженерлік жұмыстар және микрофильмдер өндірісі компаниясы.

Мұстафа Шоқайдың 1922 – 1941 жылдар аралығындағы хаттары мен жазбаларын, кітаптарын жұбайы Мария Яковлевна Горина-Шоқай 1953 жылы Франциядағы «Жаңа Сорбонна-Париж III» университеті кітапханасына, дәлірек айтқанда осы университетке қарасты Шығыс тілдері мен өркениеттері институтының университетаралық кітапханасына тапсырған екен. Бұл туралы сол жылы «Мілли Түркістан» атты эмигранттық журналға «Мұстафа Шоқайдың архиві мен кітаптары» деген тақырыппен мақала да жарияланыпты. Оның авторы  кезінде «Яш Түркістан» журналының жауапты хатшысы болған Әбдулуақаб Оқтай. Әйтсе де Мұстафа Шоқайдың шетелдегі бұл мұрағат қоры көп жылға дейін зерттеушілерге беймәлім күйінде қалып келген. Тек жиырма бес жылдан соң барып шетелдік ғалымдар назарын аудара бастаған. Бұл туралы кітап алғысөзінде тарих ғылымдарының докторы Көшім Есмағамбетов былай деп жазады: «Ширек ғасырдан кейін ғана осы мақаланы (Оқтайдың мақаласын) ұшырастырған Нью-Орлеан университетінің (АҚШ) профессоры Э. Лазеррини М. Шоқайдың мұрағаттық қорын толық жүйелеп, ондағы құнды құжаттар мен деректердің ғылыми айналымға қосылуына жағдай жасайды. Бұл жөнінде ғалым француздың «Кайэ дю монд рус э совьетик» журналында «Мұстафа Шоқай бейдің мұрағаты» деген мақала жариялайды». Американдық ғалымның осы мақаласынан кейін шет елдегі Шоқай мұрасы туралы там-тұмдап әңгіме қозғала бастаған. Бірақ бұл тақырып біз үшін күні кешеге дейін жабық боп келді. Тек егемендік алғаннан соң, онда да он жыл уақытты алға салып барып жол ашылды. Бұл мұраның белгілі бір бөлігі кітап  түрінде оқырмандар қолына тигенше де он жылға тарта уақыт өтіп кетті. Бұған түрлі себептер бар еді. Соның ең бастысы Қазақстанда шағатай тілін қолжазбадан танып, оқи алатын және оны қазақ тіліне аудара алатын адамдардың таптырмауында еді. Араб, парсы тілдерін меңгерген  мамандарымыз шағатай тілді жазбаларды оқи алмайтын болып шықты. Бұл мәселенің үлкен проблема екенін сол кезде бір-ақ білдік. Қазақстан мұрағаттарындағы шағатай тілді құжаттардың ең соңы осы Шоқай құжаттары. Басы Бөкей хандығы құжаттарынан басталады. Сонда XVIII ғасыр мен XX ғасырдың орта шеніне дейінгі шағатай тілінде жазылған қыруар құжаттарды кім оқиды? Тек орыс тілді құжаттармен ғана жұмыс істеу, соларға ғана сүйеніп кітап жазу, ғылыми еңбектер дайындау ұлттық дүние бола ала ма?

Жалпы, шағатай тілі деген не дегенге келсек, біздің пайымдауымызша, оны – араб, парсы тілі аралас түркі тілі деп түсіндіруге болады. Бірақ бұл «араластық» әр кезде, әр заманда әр қалай сипат алған. Одан әр ұлттың өз тіл ерекшелігі де көрініс беріп отырады. Мәселен, өзбек жазса - өзбек тіліне, татар жазса – татар тіліне жақын болып тұрады. Ал қазақ жазса – не өзбекшеге не татаршаға ұқсайды. Біздің өз тілімізді менсінбеу атам заманнан келе жатқан дерт пе дерсің. Бұл проблеманы шешу мәселесін зиялы қауым ойластыруы тиіс. Мәселен, қазір тарих факультеттерінде мұрағатшылар (архивистер) даярлайтын бөлімдер бар. Олардың студенттерін, тым болмағанда бірлі-жарымын міндетті түрде Бұхара, Ташкент, Самарқанд қалаларындағы ұқсас оқу орындарына жіберіп үйрету керек. Бұл тілді оқып тани білу тарихшы ғалымдарға бірінші кезектегі міндетті іс болуға тиіс деп ойлаймыз. Мәселен, Кенесары тақырыбын жазатын тарихшы оның шағатай тілінде жазылған хаттарын, болыс, би, сұлтандардың арыз-шағымдарын оқымай жазу бұрынғы дүниелерді қайталау ғана болып шығар еді. Ал Кенесарыға қатысты том-том істердің тең жартысынан астамы шағатай тілінде жазылған дүниелер. Тіпті кешегі кәмпеске құжаттарының көз жасы тамған қыруар хаттарының өзі оқылмай жатыр. Ол шағатай тілінде емес, қазіргі қазақ тілінде-ақ. Бірақ араб әрпімен, төтенше жазылған. Соның өзін де оқитын адам сирек. Кезінде кәмпеске кәмиссиясы ол хаттарды оқымастан шешім шығара берген. Өйткені бұл «механизмді» басқарушылардың басым көпшілігі бөтен ұлттан еді. Қазіргі зиялыларымыздың да солардан артықшылығы болмай тұр. Оларды оқуға талпыныс жасап жатқандар байқалмайды.

Мұстафа Шоқайдың бұл мұрасы Қазақстандағы өзіміз аңғармай келе жатқан үлкен бір проблеманы – шағатай тілі мамандары проблемасын нақты көрсетіп берді. Оны көп ұзатпай ретіне қарай қолға алу құзырлы орындардың иелігінде.

Бұл жаңа дүние тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге азербайжан, өзбек, татар, башқұрт т.б. түркі халықтарының да ортақ рухани мұрасы болып табылады. Өйткені мұнда олардың да ұлтым деп өткен ұлы тұлғалары жазған, бүгінгі күнге дейін еш жерде жарияланбаған хаттары бар.

Бүгін біз әлі оқырмандар қолына тие қоймаған осы екі томдықтан Шоқайдың бірлі-жарым мұрасын назарларыңызға ұсынамыз.

№ 218. В. Каюм – М. Шоқайға

6 маусым, 1939 жыл.

Құрметті мырза! Хатыңызды алып, шексіз қуанышта болдым. Мен үшін қажет болған кепілдіктің берілуіне жол ашқаныңыз үшін көп құлдық. Бұл жасаған жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын. Соңғы кезде еліміз жөнінде тереңірек түсінісуімізге тура келді. Бұған бірнеше себептер де бар ғой. Еліміздегі апатты жағдайлардың себеп-салдарын жұрт біздің ықпалымыз арқылы түсіне бастады. Ел тағдырына жаны күйзелген жандар аз болса да, бар. Олар жетіле түседі, көбейе береді.

Қазір біздің шет елдердегі жерлестеріміздің халі қандай? Бұларды бір төңірекке жинап, олармен жақсы байланыс орнатуға қолымызда құралымыз жоқ. Қолымызда ақша жоқ.[1] Қазіргі бірден-бір құралымыз – «Яш Түркістан». Бұл журнал біз үшін қазірге шейін жанашыр боп, тартысып келеді. Сол үшін де менің оған деген құрметім – зор. Енді осы журнал туралы көкейде жүрген бір пікірлерімді айтсам деймін. «Яш Түркістан» жақсы шығып келеді. Тура жолдан қия басып көрген емес. Бұл жөнінде жазып отыруым да артық шығар. Өйткені ол Өзіңізге белгілі ғой. Әйтсе де, менің түсінгенім, біздің кісілерімізге осы журнал арқылы саяси, ұлттық тәрбие беру ісін әлі де болса кеңейте түсу керектігі сезіледі. Бұл да – Өзіңізге мәлім жәйт. Сырттағы, шет елдерде жүргендердің пікірлері әрқашан тура бола бермейді. Бізде бір түрлі салқынқандылық бар. Жоғарғы мектептерді бітіргендерде ол тіпті басым секілді сезіледі. Мұндай мәселелер өткен күндерде болған еді.

Біздің жұртымызды, ұлттық тіршілігімізді өзге ешкім де анық, жақсы білмейді. Шығыста болсын, батыста болсын, біз жөнінде мәлімет аз. Жазылған кітаптар, жинақталған мәліметтер бізге пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізеді. «Яш Түркістан» тарапынан шығарылған кітаптар мен өзіміз жазған мақалалардан басқа ештеңе жоқ. Неге? Бізде мұндай бір дүние болмағаны ма, қолымыздан іс келмей ме, немесе күшіміз, кісіміз жоқ па? Менің пікірімше, біздің оқыған жігіттеріміз де бар. Күшіміз де бар, ақшамыз да бар! Олай болса, неге біздің жерлестеріміз өздері түзу жолда жүрсе де, ел-жұрты жөнінде не ғылыми, не саяси бір нәрсені халыққа шығара алмайды? Не үшін бүкіл іс «Яш Түркістан» айналасындағы 5-6 кісінің мойнына түседі? Неге біз оларға ауқымды жұмыс істеуге жол бермейміз? Сол үшін менің ұсынысым мынау: біздер өз арамызда ақша жиып, «Яш Түркістанның» көлемінің кеңейтілуіне үлес қосуымыз керек. Егер біз, түркістандықтар, әрқайсымыз әр айда тіпті болмағанда 5 маркадан берсек, журнал көлемін кеңейте аламыз. 20-25 кісі жиналғанның өзінде әжептәуір ақша құралады екен (25х5=125). 125 марка жиналса, журнал көлемін қалыңырақ етіп шығарып, сол арқылы Түркістан жөнінде, ұлт жолы, тарихымыз туралы кеңірек жазуға мүмкіндік туады. Жоғарыда айтқанымыздай, саяси тәрбиеге көбірек орын беруге болады. Егер біздер әрбіріміз ай сайын 10 маркадан берсек, ең аз дегенде 3000 марка жинай аламыз. Бұл жағдайда «Яш Түркістан» үшін бір баспахана (машина) алуға да мүмкіндік бар. Өз баспаханамыз болады. Онымен біраз іс атқаруға жағдай туады. Өз тарапымыздан, «Яш Түркістан» тарапынан барша толғандырған мәселелер жөнінде кітаптар, мәліметтер жинағын шығарамыз, сөйтіп мойнымыздағы ұлттық борышты өтейміз деп түсінемін. Біздегі мұндай жетіспейтін нәрселер жөнінде таныстарға да жазған болатынмын. Тахирмен де сөйлестім. Егер біздер біраз әрекет жасасақ, 3000-4000 марканы жинай аламыз. Бұл мәселені ақылдасуымыз керек. Түсінбегендер болса, жолын тауып түсіндіру қажет. Тіпті болмағанда, бір жолға саяхат жасамай-ақ қоярмыз (Елдегі жерлестеріміз саяхат дегенді білмейді де ғой. Езілген халде жұрт үшін қызметін жасай береді). Немесе бір жолға шұжықты азырақ алармыз. Әйтпесе ептеп қысылып-қымтырыла тұрармыз. Санамызға аздап сәуле барса, әрқайсымыз-ақ айына 5 маркадан бере аламыз, бір баспахана машинасына да ақша жинай аламыз. Жолдастарымыздың бәрінің де тұрмыстары жақсы. Дүниені жақсы табады. Мұнан соң жылына бір рет болса да, шет елдерде бытырай тіршілік етіп жатқан жерлестерімізді көріп келуге, олардың басын құрап, жинап, мағлұматтар беріп отыру үшін де өз арамызда ақша жинауымыз қажет. Өзіміз сенген, жұмыс істей алатын, тәжірибелі кісілерімізді жылына бір рет болса да, жан-жаққа жіберіп отыру керек. Бұны да жасауға мүмкіндік бар. Егер біздер Түркістан үшін бір болатын болсақ, мұның да орындалуы қиын емес.

Менің пікірімше, біздің қарнымыз тойғанға ұқсайды. Қайсыбір сөздерім арқылы кейбір жерлестеріме қарсы шыққандай болып көрінермін. Бірақ менде ондай ой жоқ. Түркістан үшін күрескен кез келген түркістандыққа үлкен құрметпен қараймын.

Кейде миы ілім-білімге толып тұрғанмен, қызу істерден тартынып, шетте жүретіндер де кездеседі. Олардың Түркістан үшін ешбір пайдасы жоқ деп білемін. Біз қазір «күресу» дәуірінде өмір сүріп жатырмыз.

Демек, «ілім-біліммен, ынтымақпен, бірлік-одақпен қарулана отырып, сол білген нәрселерімізді ел үшін, жұрт үшін қолдана білуді де ұмытпауымыз керек», – деп ойлаймын. Қайсыбіріміздің бұл жолмен жүргіміз келмейді екен. Мейлі, жақсы. Бірақ сол жолда жұмыс істеп жүрген жерлестерге еңбек етуі үшін мүмкіндік беру жолын қарастыру керек. Ақша жинап, ұлттық әрекеттеріміздің жолын ашу, оны кеңейте түсу лазым. Біздер өзара бір болсақ, бір жолмен жүрсек, қазір де әжептәуір жұмыс жасай аламыз. Мәліметтер жинаймыз. Ғылыми нәрселер жазамыз. Советтермен күресеміз (журналымыз арқылы). Өзіміздің кім екенімізді батысқа да, шығысқа да білдіреміз, ұлттық әрекетіміз бен ұлттық саясатымыз үшін күресеміз және түсіндіреміз. Саяси тәрбие береміз. Бұлардың денін «Яш Түркістан» арқылы жасауға болады. «Яш Түркістан» қазірге дейін өз мойнындағы міндетін атқарып келеді. Бұлай етсек, тіпті жақсы болмай ма!? Иә, құрметім – айрықша. Бұл біздің жалғыз ұлттық құралымыз. Сондықтан да жоғарыдағы пікірлерді алға тартып отырмын. Бәлкім, Өзіңіз де бұл жөнінде әрекет етіп жатқан боларсыз. «Осы жолда шешуші іс жасау оңды болар еді» деп ойлаймын.

Мұсаға!

Мен бұл әңгімелерді, әлбетте, Өзіңізді құрмет тұтқандықтан, қазірге дейін жасаған қызметіңізді білген соң, жазып отырмын. Егер менің пікірлерім жаңылыс шығып, қайсыбір жерлестер жөнінде жақсы түсінбеген болсам, жолдастар бұл жолда дұрыс еңбектеніп келе жатса, мені айыпқа бұйырмай, сол жаңылыс ұққан жерлерімді айтсаңыз екен.

Мен өзім қазірге дейін Еуропа баспасөзінде жұмыс істеп, журнал шығарып келдім. Үкіметтің арнайы және басқа да мекемелерінде істейтін таныстарыммен Түркістан туралы сөйлескен кезімде, түркістандықтардың бірлігі, олардың бір жолда екендігі жөнінде айтып отырдым. Түркістанды ұлттық көзқарас тұрғысынан таныстырып келдім. Түркістан жөнінде мәлімет жинайтын немесе бір нәрселер жазатын кісілер болса, оларға «Яш Түркістанды» оқуға кеңес бердім.

Қазір алмандардың ғылыми-зерттеу комитеті тарапынан жасалған ұсыныс бойынша «Түркістанда мақта егу» жөнінде бір ғылыми нәрсе жазуға кірістім. Бұл тақырыптың біраз қиындығы бар. Өйткені қолымда мәлімет аз. Әйтсе де, соған қарамастан, бұл жолда ғылыми бір зерттеу жұмысы керектігін біліп, іске кірістім. Бір жылдай осы іспен шұғылдануға тура келетін шығар.

Бір жыл ішінде бітірермін деп үміт етемін. Егер біздер бас қосуды ойласақ, жиналатын жерлер де бар. Түркістан үшін қолдан келгеннің бәрін де жасауға болады. Еуропадағы жағдайдың қандай болары – қазір беймәлім. Бірақ біздің ісіміз үшін басқа да жолдар бар. Уақыты келгенде, бәлкім, бетпе-бет сөйлесерміз.

Әзірше Сізге шын саулық тілеп, құрмет білдіруші – Вали Каюм.

CARTON III. Dossier 1. P. 130–133. Түпнұсқа. Қолжазба. Шағатай тілі. Араб әрпі.

Шағатай тілінен аударған Әбілхан Әбіласан.

№ 276. М. Шоқай сөзі

1941 жыл.

Осы жылдың (1941) бірінші шілдесінде Берлинге жүрейін деп тұрғанымда, маған Парижде Түркістан жайлы микрофон алдында аз ғана сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалды. Сөз үндеу бағытында болуы керек екен. Мен одан екі маңызды мәселеге байланысты бас тарттым. Оның бірі – мен соңғы екі жылда елден бүтіндей қол үзіп қалған болатынмын. Елге арналатын сөзде психологиялық жағынан қателіктер жіберуім мүмкін еді. Мәскеу большевиктері осы жылдар ішінде үлкенді-кішілі ұлттық интеллигенция өкілдерінің бәрін дерлік жойып жіберген болатын. Олардың басым көпшілігі советтік дәуірдің өз адамдары еді. Олардың орнына орыс большевиктері өзгелерді, жастарды қойды. Рас, олар да түркістандықтар, бірақ біздің большевиктерге дейінгі өткен тарихымыздан ешбір хабары жоқ, советтік өмірден тыс әлемнің бәрін большевиктік дереккөздер арқылы ғана танитындар еді. Қызыл Мәскеудің қанды қолымен «ұлттық республикалар» деп аталатын Түркістанда жасалған совет және партия басшылығындағы өзгерістер мен ол дереккөздер арасындағы айырмашылықты аңғару үшін көп білімнің қажеті жоқ. Мәскеу үкіметі өз қолдарымен атып тастаған адамдарды, мысалы, бір кездері Түркістанды «билеген» Акмаль Икрам, Файзулла-Ходжа, Тұрар Рысқұлов, тағы басқаларды орыс мұжықтарын көшіріп әкелудің Түркістан үшін «ізгілікті іс» екеніне сендіре алған жоқ, «орыс мәдениетінің қасиетті ықпалы» барлығын мойындата алмады. Енді сол Мәскеу өз қолымен Түркістанға орыс «переселендерін» шақырып «Известияға» мақала жазған сталиндік жас ұландардың бірін Қазақстан совнаркомының төрағасы етіп қойып отыр... «Ұлы орыс халқының мәдениеті мен рөлін» жер-көкке тигізбей мақтап мақала жазған, онда «ұлттық мектептер» мұғалімдерін Түркістан түріктері балаларына өз ана тілдерінен де бұрын орыс тілін үйретуді үндеген Осман Юсуповты Өзбекстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы етіп бір-ақ көтерді. Осының артынша Түркістан мектептеріне мәжбүрлі түрде орыс әліппесін ендіру туралы декрет шығарды.

Біздің халық бұл кеңестік «ізгіліктердің» бәріне де жалпы большевизмге қалай қараса, тап солай, тойтарыспен, жаулықпен қарайтынына күмәнім жоқ. Әйтсе де, қызметшілер жөніндегі, саясат жөніндегі, тіпті кеңестік көлемдегі бұл күрт өзгерістердің мәні неде? Мәскеу көпжылдық көтеріліс тәжірибелері бар халық арасында тиісті «моральдық тірегі» болмай тұрып, мұндай күрт өзгерістерді қалай жасайды? Қалайша біздің халқымыз қызыл Мәскеудің «мызғымайтын күш-пәрмені» алдында біржола мойынсұнып, біржола тізе бүгеді? Мынандай өзгерістерді бастан өткеріп жатқан ел біздің күресті жалғастыру туралы үндеуімізді қалай қабылдайды?

Міне, осы мәселелер мені қатты толқытты.

Екінші жағынан, 1939 жылы 23 тамызда өткен герман-кеңес келісімінің жалпы елімізге қаншалықты терең із қалдырғаны, оны большевиктердің өз мақсаттарына қалай пайдаланғаны бізге жақсы мәлім еді. Түркістандық ұлт интеллигенциясы өкілдерінің большевиктер қолымен атылған оннан тоғызына Мәскеу үкіметі «шетелдік Түркістан орталығымен байланысы бар, сол орталық арқылы герман фашизмінің тыңшысы» деген айыптар тағылған. Осындай айыппен атылғандардың арасында ұлт большевиктері де болды.

Мұндай жағдайда радио алдында сөйлеген сөзімнің отандастарыма қалай әсер ететінін сезіну мүмкін емес еді. Оның үстіне көптен бері байланыс үзіліп қалған. Бұл жағдайлар мені микрофон алдында сөз сөйлеуден бас тартуыма мәжбүр етті.

Бірақ кеңестік Ресейге қарсы соғыс басталды. Оны бастаған үшінші Рейх, яғни бұл соғысқа және оны жеңіспен аяқтауға қаржылық жағынан да, идеологиялық тұрғыдан да қабілетті бірден-бір мемлекет. Біз бәріміз бұл соғыста өз халқымызбен бірге бір жақ болатынымызға, әрине, Советтерге қарсы жақта болатынымызға күмәнданғымыз келген жоқ. Әйтсе де, майданнан жеткен хабарларда «ең соңғы сарбазы қалғанша қарсылық көрсеткен өзбек бөлімдері» туралы, «жабайы ашу-ызамен ұмтылып, өздерін-өздері танк астына тастайтын «киргиздар» жайлы» айтылады...

Бұл не: бұдан аз ғана уақыт бұрын орыс большевизмінен де, орыс империализмінен де құтылудың бірден-бір жолы ретінде кеңестік Ресейге қарсы соғыстың басталуын күтіп жүрген түркістандықтар көзді ашып-жұмғанша кеңестік отаншылдар болып шыға келгені ме? Бұл «өзбек», «киргиз» және басқа «ұлттық әскери» бөлімдер дегеннің бәрі қайдан шықты? Біз білетін кеңестік жүйеде мұндайлар атымен жоқ еді ғой. Орыс большевиктері түркістандықтарға «Советсүйгіш У-ын» егіп үлгергені ме, шынымен.

Түркістандық әскери тұтқындармен кездесу ғана елдегі шын жағдайды, халықтың көңіл-күйін аңғартып, майданнан жеткен әлгі хабарларға деген күдігімізді айқындауға септігін тигізе алатын еді. Мен Парижде жүргенде-ақ, герман жоғарғы командованиесінің бізге отандас-әскери тұтқындармен кездесуімізге рұқсат беруін сұраған едім. Бұл өтініш қабыл алынды. Ол үшін көп-көп рақмет. Әскери тұтқындар лагерьлеріне баруға біз, түркістандықтар ғана емес, өзгелер де рұқсат алды...

Лагерьлерді аралау тамыздың аяғында басталды. Қарашаның бас кезіне дейін біз көптеген лагерьлерде болып, бірнеше ондаған мың отандастарымызбен жүздестік...

Мен алғаш өз түркістандықтарыма барарда көңілім қатты қобалжыған еді. Енді қалай, түркістандықтармен жүзбе-жүз кездеспегелі 22 жыл өтіпті. Соңғы екі жылды есептемегенде, осыншама ұзақ жылдар бойы елмен тек баспасөз және бізге анда-санда ғана жететін хаттар арқылы ғана байланысып тұрдық. Кеңестер қол астындағы өз халқымыздың өмірін солар арқылы ғана пайымдап отырдық. Біз де өз журналдарымызға (мұның ішінде осы соғысқа дейін Берлинде 10 жыл дерлік қатарынан шығып тұрған «Яш Түркістан» журналының алатын орны ерекше) жазып отырдық және шетелдік басылымдарға сұхбаттар беріп тұрдық. Кеңестік баспасөздің реакцияларынан біз өзіміздің елдегі жағдайларды жақсы біліп, халықтың көңіл-күйін дұрыс аңғарып отырғанымызды сезуге болатын еді.

Біздің бұл «алыстан болжауымыз» өмірдің нақты шындығымен қаншалықты үйлесетінін әскери тұтқындармен кездесуіміз ғана анықтайды. Яғни біздің Советтерге, жалпы Ресейге деген, Ұлттық Түркістан болашағына деген көзқарасымыздың дұрыс-бұрыстығын сол отандас әскери тұтқындар сөздері, уәжді дәлелдері айқындайтын болады. Әйтсе де, біз кездесетін  отандастардың басым көпшілігі – кеңес үкіметі кезінде туғандар. Олардың арасында біз туралы  бір нәрселер естігендері болса, ол да орыс большевизмінің қисық айнасынан көрінетін кейіптеріміз туралы болмақ. Олармен елдегі өмір шындығы жайлы әңгімелерімізде ортақ тіл таба аламыз ба, жоқ па?

Міне, біздің көңілімізді толқытатын мәселелер – осылар. 26 тамыз, сейсенбі күні Штурманфюрер Гейбель басқарған комиссия құрамында Берлиннен шығып, Ганновер бағытына қарай бет алғанда да, көкейімізде осы сұраулар тұрды. Расын айтсам, лагерьлердегі әскери тұтқындарды жұмысқа орналастыру мәселесін мен «маңызды» нәрсе деп есептегенім жоқ. Өйткені Германияда олар қалай да жұмыс орындарын табады деп білдім.

Әскери тұтқындармен алғашқы кездесуімнің өзі-ақ менің әуелгі мәселелер жөніндегі күдіктерімді сейілтіп жібергендей болды. Әскери тұтқындардың қай-қайсысының да өз өмірлеріне риза еместігін байқадым. Тұтқын болған түркістандықтар екі дәрежеге бөлінеді. Бірі – қызыл әскер қалпында тұтқынға түскендер, яғни әскери тұтқынның нағыз өздері, екіншісі – кеңес үкіметі әр түрлі антикеңестік және қылмыстық әрекеттері үшін мәжбүрлеп жұмысқа жегетін жерлерге жіберілген түркістандықтар, яғни азаматтық тұтқындар. Бұл екі дәрежеге бөлінгендердің жағдайлары, шын мәнінде, бірдей. Режимдік тәртіпке де, жұмысқа құқықтығы жағынан да, олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екі дәрежедегілердің адамдары өзара ынтымақты, достық жағдайында тіршілік етеді. Олардың достығы тұтқындағы тағдыр ортақтығы, яғни «уақытша басқа түскен қиындықты бірге бөлісетіндер» болғандықтан ғана емес, бұлардың тұтқынға қызыл әскер киімінде түскендері де, кеңестік абақтыда жүріп тап болғандары да өздерін орыс большевизмнің құрбаны деп біледі. Түркістанды большевиктік тұтқындау әрекеттерінің нәтижесі деп түсінеді. Мұны өз ауыздарынан да айтады, әңгіме барысында да аңғарылады. Просткандағы 62-ге келген «азаматтық тұтқын» мен Сувалкадағы жас қызыл әскер тұтқынның сөздері келісіп алғандай-ақ бір жерден шығады. Олар Түркістанда антисоветтік әрекеттері үшін сотталған түркістандықтар мен сотталмаған бүкіл түркістандықтардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ, тіпті қолында партиялық билеті барлары да солармен бірдей, өйткені қызыл билетті түркістандықтар да «сотталуға кандидаттар» болып есептеледі. Партиялық билет түркістандық үшін уақытша қорғаныш қана дегенді айтады. Екеуінің сөзі де бір жерден шығады. Екеуі де түркістандықтардың алдағы күндері не болады деп алаң көңілмен сөйлейді. «Егде» тұтқындар жас әскери тұтқындарға көбірек қамқорлық көрсетуімді сұрайды. Түркістанның болашағы солар ғой дейді. Ал қызыл әскерлер болса, «азаматтық тұтқындардың» тағдырына жанашырлықпен қарайды. Оларды ешбір кінәсіз жәбірленушілер деп біледі.

Бір-біріне ашық жау болып саналуға тиісті адамдардың өзара қамқор көзқарасы да біздің халықтың көңіл-күйін, олардың орыс большевизміне деген қарым-қатынасын қандай жазбалардан да болсын артық көрсетіп тұрады.

Мені көп ұзамай-ақ, лагерьлердің бәрінде, әсіресе түркістандық әскери тұтқындар молырақ жиналған лагерьлерде (Просткан, Сувалки, Пагеген, Дебица, Деба т.б.) танып үлгірді. Біреулері мені советтік басылымдардағы фотосуреттерім бойынша таныса, енді біреулері мен туралы большевиктік басылымдардан оқыған болып шықты. Мені бала кезімде көріп, есінде «қатты сақтап» қалғандары да болды. Тұтқындар арасында менің жақын екі ағайын бауырларым да бар болып шықты. Олар мені, маған қарсы және мен басқарған ұйым қызметіне қарсы кеңестік науқандар арқылы есінде сақтап қалыпты. Осындай жағдайлар біздің арамызда жақындық бір көңіл-күйде қалыптастырып, көңіліміздегіні жасырмай, ашыла сөйлесуге қолайлылық тудырып жатты.

Жалпы жұрт мүддесінен аулақтау болып көрінетін осы бір сәттер шын мәнінде кеңестер билігі қол астындағы халқымыздың өмірінен нақтылы, сенімді мәліметтер беріп жатты. Түркістандық тұтқындардың сөздері мен дәлелдеріне сенбеске ешқандай лажым қалған жоқ және сене отырып, қателескен жоқпын деп ойлаймын.

Түркістандық әскери тұтқындар – әскер қатарына мына соғыс (герман-совет) басылмай тұрып, бірнеше аптадан екі жылға дейінгі мерзім арасында бұрын алынғандар мен майданға соғыс жарияланған соң жаппай «жұмылдыру» бойынша келгендер еді. Соңғы келгендердің кем дегенде оннан тоғызы винтовка ұстауды да білмейді. Түркістандық қызыл әскер мамандарының да басым көпшілігі – соғыс қаруын ұстап көрмегендер. Олар көбіне-көп әскери қызметін «қатардан» тыс өтейді: арба айдайды, ат бағады, асханада жүреді, қоймаларда жүк тасиды.

«Қызыл әскер қатарында болған бір жарым жыл ішінде бір рет те винтовка ұстап көрмеппіз, біз қайдағы солдатпыз» дейді түркістандық біраз тұтқындар. Көптеген түркістандықтар, тіпті бір жыл, не одан да көп әскер қатарында болғандар бұйрық беру тілін, яғни орыс тілін білмейді, түсінбейді.

Әскерге соғыс басталғаннан кейін алынғандар қатарында шәкірттер, студенттер (төменгі, орта және жоғары оқу орындарынан), бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері өте көп. Инженерлер де, дәрігерлер де, әртістер де бар. Олардың біразы тіпті киімдерін ауыстырып, беттеріндегі опа-далаптарын сүртіп те үлгермей, вагонға отырған көрінеді. Бұл кеңес үкіметінің «жаппай әскерге алуды» қалай асығыс түрде жүргізгенін, алдыңғы шепке ешбір әскери дайындығы жоқ адамдарды жіберіп жатқанын көрсетеді.

«Мұғалімдер институтының бір класында 15 түркістандық болдық. 26 маусым күні директор класымызға келіп, бізге бір бөлек қатарға тұрып, әскери билік орындарынан келетін нұсқауды күтіңдер дегенді айтты. Бір сағаттан кейін бізді тіке вокзалға әкеліп, вагонға отырғызды да, әскери дайындықтан өтуге барасыңдар деп жіберді. Қайда әкеле жатқанын біз білген жоқпыз. Самарада бізге солдат шинелін берді, винтовка ұстатты. Харьковте бұл винтовкаларды бізден қайтып алды. «Алдыңғы шепке баратын орыстарға беріледі» дегенді айтты. Бірнеше күн жүргеннен кейін, бір орманның жанына келгенде, бізді пойыздан түсірді. Осында бізді үш күн үйретті. Төртінші күні біз командиріміздің қашып кеткенін, өзіміздің немістер қоршауында қалғанымызды бір-ақ білдік. Арамызда жолай қосылғандарымыз бар, түркістандықтар бірнеше жүз болыппыз. Бәріміз жиналып, тұтқынға өтуді ұйғардық».

Міне, бір түркістандық әскери тұтқындар тобының сөзбе-сөз дерлік жазбасы – осы. Түркістандықтардың тұтқынға өтуіне әуеден (ұшақтан) тасталатын неміс үндеулері өте зор ықпал етті.

Түркістандықтар арасында абақтыға айдалған немесе атылған байлар мен «байшыкештің» балалары, ағайын туыстары айтарлықтай-ақ көп екен. Олар «халықаралық пролетариаттық, социалистік отанын» қорғауға құқықтары жоқ деп есептеледі. Міне, осы жастар кеңес үкіметі үшін, өздерін бөтенсінетін, бөгделер отаны үшін күресуден әбден тойған болулары керек.

Айдалып, атылғандардың осы балалары мен туыстарының да, қызыл әскерлердің де тұтқынға түсу жағдайларына байланысты айтқандары таңқаларлықтай дәл үйлеседі, сәйкес келеді. Бұл мені «түркістандықтардың орыс большевизміне деген және оның атқарушы ұйымы – кеңес үкіметіне деген көзқарасы – бір бағытта» деген қорытындыға жетелейді. Бұл большевизмге деген теріс көзқарасты ғана көрсетпейді, оған деген жаулық сипатты да аңғартады.

Бұл көзқарастың астарын іздеп әуре болудың да қажеті шамалы. Кеңес үкіметінің саясаты түркістандықтардың ашу-ызасын тудырмаған ешбір өңір жоқ.

«Біз кеңестер кезінен бастап, өз тарихи отанымызды өз атымен атаудан қалдық», – дейді бір мұғалім. Түркістан қазір «Орта Азия және Қазақстан» деп аталады. Орта Азияның өзі де төрт «дербес республикаға» бөлініп тасталған (Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан секілді). Түркістан атауына ұлтшылдық «фашистік», контрреволюциялық атау секілді жаулықпен қарайды.

«Орыс шаруаларының Түркістанға, әсіресе Қазақстанға қоныс аударуы патша үкіметі де армандай алмайтын кең ауқымда жүріп жатыр», – дейді әскери тұтқын болған агроном.

– Жаңа теміржолдар бойындағы құнарлы өңірлерге түгелдей дерлік орыстар қоныстандырылды,– деп жалғады оның сөзін екінші агроном. Шу өзені аңғарындағы жаңадан игерілген суармалы жерлер «переселендерге» берілген. Кеңес үкіметі енді бір он жыл тұрса, Қазақстанның тең жартысы орыс болмақ...

Кеңестік саясат пен халқымыздың оған деген көзқарасына байланысты біз көп нәрсені білмейміз. Бірақ түркістандық әскери тұтқындардың бұл жөнінде айтатын әңгімелері қиял-ғажайып ертегіден де асып кетеді. Қандай қиял-ғажайып нәрсе болса да, оның қасында жолда қалады. Өкінішке орай, кеңестік шындығымыз – осы.

Әдетте әскери тұтқындардың бәрі де әңгімелерін 1928 жылдан бастайды. Бұл бірінші «сталиндік бесжылдық» және «кәмпеске» мен бай-құлақты қуу кезеңі ғой. Ол әзер дегенде 1933–1934 жылдары тоқтаған. Онда да миллиондаған түркістандықтың өмірін аштық жалмап кеткеннен кейін ғана барып кідірген. «Сталиндік конституция» жөнінде түркістандықтар ашу-ызамен айтады. Олардың пікірінше, Түркістан ұлттық қасіретінің ең соңғы сатысы осы «Сталиндік конституциядан» басталады.

– 1928 жылы, – дейді әскери тұтқындар, – Түркістан 1918-1922 жылдардағы қайғы-қасіретінен мүлдем арылып, жазылғандай еді. Мал басы большевиктер дәуіріне дейінгі мөлшеріне жетіп қалған. Кенет кәмпеске мен бай-құлақтарды қуу науқаны жүрді де кетті. Қашу басталды. Әркім басы ауған жаққа қарай қашты. Онда да көшуге мұршасы келсе. Біреу Монғолияға, біреу Шығыс Түркістанға, енді бірі Ауғанстанға қарай бет алды. Чекистер мен қарулы қызыл әскерлер ауыл-ауылды тінткілеп, байлардың малын кедейлерге үлестіріп беріп жатты. Қашып үлгере алмаған байлар, мал-мүліктерінің саны «революциялық мөлшерден» асатындар малдарын соя бастады. Кедейлер де сойды. Өйткені олар байлардан алған малының өзіне сіңетініне сенімсіздеу еді. Мал саны осылайша апаттық жағдайға дейін құлдырап кетті. Қазақстандағы 5 миллион бас малдың кәмпескеден кейінгі 2 жылдан соң 3 миллионы ғана қалды... Байлар тақырға отырды, кедейлер байып кете алмады. Байыған тек орыс «переселендері» ғана болды...

«Кеңес үкіметінің бұл шарасы түркістандықтар арасында «тап жаулығын» тудырған жоқ па?» – деп сұраймын мен. Бұл сауалды кімге қойсам да, «жоқ, тудырған жоқ» деп жауап береді.

– Мінеки, біздер, – дейді менің алдымда тұрған екі әскери тұтқын, – біріміз – «кәмпескеленген байдың» баласымыз, екіншіміз – кедейдің баласы. Біздің малымызды  үлестіргенде, содан бұларға да бірнеше бас мал тиген. Біз ойламаған жерден майданда жолықтық. Ол – қызыл жұмысшы-шаруалардың «маман» солдаты, ал мен –  «Социалистік Отанымды қорғауға» құқым жоқ адаммын. Екеуміз де орыс большевизмі мен оның кеңестік үкіметін жек көреміз.

Екеуі құшақтасып, бірге жылап тұр.

– 1933 жылғы ашаршылық жөнінде бейне бір еш жерде жазылмаған сияқты. Біз ол туралы өзіміздің «Яш Түркістан» журналы арқылы хабарлағанымызда, кеңестік баспасөз «Кеңес үкіметіне күйе жағушы, герман фашизмінің қолжаулығы» деп қаралады. Түркістандағы ашаршылық сол жылдары миллиондаған адамның өмірін қиып кеткен екен. Түркістанның барлық өңірінде, барлық жерінде қаңыраған ауылдар, бос қалған үйлер, көшкен жұрттың орындары жиі кездесетін еді, – дейді әскери тұтқындар. Мұндай «ақтаңдақтар» көлемді, кейде үлкен-үлкен аумақтарды алып жататын. Ол жерлердегі ауылдардың, елді мекендердің тұрғындары аштықтан түгел қырылып қалған еді.

Мен өзімнің туыстарым туралы, туған жерім туралы сұрастырамын. Олар бұл туралы еске алғанда, көздеріне мөлдіреп жас келеді. Мен де өзімді әзер ұстап тұрамын.

– Онда (Сарышығанақта – жердің аты) қазір ешкім тұрмайды. Көбі аштықта өлген, біразы жан-жаққа тарап кетті. Аз ғана топ теміржолдың арғы бетіне қоныс аударды. Бұрынғы біздің орыннан 20-30 шақырым жерде.

Маған менің жақын туыстарымнан кімнің қалай өлгенін егжей-тегжейлі әңгімелеп жатыр. Біреуі аштықтан өлген, енді бірін большевиктер өлтірген. Жер аударылған бауырым 1936 жылы елге оралып, 1938 жылы «герман фашизмінің тыңшысы» деген айыппен  қайта ұсталыпты. Содан бері одан еш хабар жоқ көрінеді. Осындай жағдай менің үш бірдей немере бауырыма да жабысқан көрінеді. Олар да «герман жансызы» ретінде ұсталып кетіпті.

Бұл отбасылық жағдайларымды білдіріп отырған себебім, мұндай көрініс бүкіл кеңестік Түркістанға тән болып отыр. Большевиктерге дейін гүлденген ауылдар болып, үйір-үйір жылқы, табын-табын мал жайылған жерлер қазір босап қалған. Ол жерлерде енді шибөрілер тіміскілеп, қорсылдаған қабандар ғана жүреді.

– Біздің даламыз жартылай елсізденді, – дейді әскери тұтқын болған жазушы. Соны айтып бізге бұрыннан таныс мәліметтерді келтірді, «кеңестік жетістіктердің» арқасында Түркістанда қазақ тұрғындардың саны кеңестік дәуірге дейін 6 млн. 600 мың болса, қазір содан 3 млн. жан ғана қалған... Құлақ естіп, көз көрмеген осындай ұлттық қасірет алдында менің отбасымның, менің туғандарымның басындағы қайғы-қасіреті теңіздегі тамшыдай ғана емес пе? Орыс большевизмінің Түркістан даласындағы ойраны бұл үш миллион жанның обалымен ғана шектеліп тұрған жоқ.

Түркістандық қаншама қырғыз, қаншама өзбек, қаншама түрікмен опат болды...

Міне, мынау – жоғары ой-саналы жас әскери тұтқын болған өзбек жігіті. Ол өзінің Ферғанасын жақсы біледі. Түркістанның, бүкіл Кеңес Одағының мақтанышына айналған мақталы өңірі ол. Аса құнарлы Ферғана ойпатына тұрғындар өте жиі орналасқан. Кей жерлерінде бұл жиілік Бельгия тұрғындарының санына дейін жетеді. Осы Ферғанада қаңырап бос қалған елді мекендер кездеседі. Өзбек жігіті 1918 жылы мен жүріп өткен ауылдардың аттарын атайды. Онда мен ізіме түскен большевиктерден жасырынып апталар бойы жүрген едім. Бір қыстақтарды айтқанда, көз алдыма дар ағашы елестегендей... Ол дар ағашына мені асулары керек болғандай сезіледі... Міне, сол қыстақтар қазір қаңырап бос қалған көрінеді...

Бұл елді мекендердің адамдары қайда кетті екен? Бәлкім, олар өзге түркістандықтармен, өзбек ауылдарының тұрғындарымен бірге жұмыс іздеп, қалаларға кеткен шығар. Сөйтіп, сол қалалардың тұрғындар санын көбейтіп жатқан болар. Кеңестік мәліметтерде Түркістан қалалары шектен тыс көбейіп жатқаны туралы айтылады емес пе...

Жоқ, қалаға барғандар – аз ғана адамдар. Басым көпшілігі аштықтан өлді, көтеріліс кезіндегі жазалау тобының қолынан мерт болды. Өзге елге кеткендері де – салыстырмалы түрде алғанда аз ғана кісілер. Олар, негізінен, Ауғанстанға өткен.

«Қалалардың, ондағы тұрғындардың өсуі, негізінен, орыстар есебінен жүріп жатыр», – дейді өзге бір әскери тұтқын, маман жұмысшы. Мәселен, Ташкентті алайық. Төңкеріске дейін, өзіңіз білесіз, онда 250 мыңның төңірегінде ғана тұрғын халық болған. Оның 60 мыңы ғана орыстар еді. Қазір Ташкентте 600 мың адам бар, оның жарымына жуығы – орыстар. Одан да көп болмаса, – дейді екінші бір жұмысшы өзбек. Бұл өсім тұрғындардың табиғи өсімі есебінен емес, сырттан, Ресейден келген «переселендер» есебінен болып жатыр.

Қоқандағы, Самарқандағы, тіпті бұрын орыстар көріне бермейтін Бұхарадағы жағдай да осындай...

– Ал Қарағандыда ше? – деп сұраймын қарағандылық тас көмір кенішінің жұмысшысынан.

– Қарағанды қаласы кілең тас көмір шахталарының ортасынан, бос жатқан орыннан бой көтерді. Қазір ол – Алматыдан кейінгі екінші қала. Тұрғындарының басым бөлігі – орыстар. Оларға ең жақсы пәтерлер, ең жақсы үйлер берілген. Біздер, қазақтар –  «ел қожайындары» шет-шетте, нашар салынған үйлерде, құрқылтайдың ұясындай тар пәтерлерде ілдалдалап күн көріп жатырмыз. Ол үйлерді «үй», «пәтер» деп айтудың өзі де қиындау, өйткені 2 бөлмелілерінің өзі сирек, ешбір тұрмысқа қолайлы жағдай жасалмаған.

Басқа түркістандықтар да бізге жақын келіп, бірі екіншісінің сөзін бөле, әр түрлі қалалар жайлы бұған дейін айтылған сипатта қайталады. Олардың айтқысы келген әңгімелерін мен сабырмен тыңдаймын.

Түрікмендер де, қырғыздар да ойрандалған жерлер мен мыңдаған қашқындар жайлы әңгімелейді. Бүкілхалықтық апаттың көрінісі барлық жерде бірдей. Олардың әңгімелері үрей туғызады. Әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрмақ болып, мен кеңес үкіметі тұсында қайта ашылған каналдар мен суармалы жерлер жайындағы әңгімеге ауысамын.

– Кеңестік суландыру каналдары, суландыру жұмыстары жайлы әңгімесін өзбек гидротехнигі аса толқып тұрып бастайды. Каналдар, шынымен де, жеткілікті қазылған және көлемдері де үлкен. Кейбіреулерінің ұзындығы жүздеген шақырымға дейін жетеді. Бірақ олар жаңа жерлерде немесе бос қалған жерлерде қазылған деп ойлап қалмаңыздар. Бұл жаңа каналдар көбіне кеңес үкіметі кезінен, яғни бұрыннан бар, бірақ қараусыз қалған каналдарды өзара байланыстырушы болып табылады. «Жаңадан қазылған алып каналдар мен бүгінгі күнге дейін құрғақ, қараусыз қалған каналдардың қайсысы ұзын?» деген сұрақ туады. Кеңес үкіметінің Түркістанға берген тапсырмасында көрсетілген суармалы жердің көлемі де большевиктерге дейінгі көрсеткіштен айтарлықтай аз.

Сөйтіп, гидротехник менің алдыма мынадай мәліметтерді жайып салды: большевиктік үкіметке дейін суармалы жерлер қанша гектар болды, ол жерлерге қандай дақылдар егілді, тұрғындар өз еңбектері үшін не алды және бүгінгі күні шамамен суармалы жерлер көлемі қаншалықты, совет үкіметі ол жерлерге не себуге мәжбүрлеп отыр және колхоздың азапты жұмысын атқарған тұрғындарға соңында не қалады.

– Кеңес үкіметі енді бар назарын  мақтаға аударды, – деп жалғастырды әңгімесін гидротехник. Түркістандық колхозшы әскери тұтқындардың ішінде қаншасы мақташы емес деп сұрап көріңізші. Аздаған ғана адам болуы мүмкін. Олардың барлығы немесе басым көпшілігі – мақташылар. Мақта отырғызу – әр түркістандыққа, әсіресе өзбекке күштеп міндеттелді. Большевиктер әуелі бір ғана мақта дақылымен айналысуды ұйғарды. Күріш отырғызуға тыйым салынды. Бау-бақша көлемі қысқартылды. Дәнді дақылдар себу барынша азайтылды. Бізге кеңестің мамандары Энгельстің Маркске, Маркстің Энгельске жазған хаттарынан үзінді келтіре отырып, барынша сендіре жасаған баяндамаларында Түрксіб Түркістанды Сібірдің арзан нанымен қамтамасыз етіп, халық тоқ және молшылықта болатынын, ал Түркістан, әсіресе Өзбекстан (оның ішінде Ферғана) жерлері тұтастай мақта егілетін аймаққа айналуға тиісті екендігін дәлелдеп берді.

Кеңес үкіметі өзінің дегеніне жетті: Өзбекстан бірыңғай мақта алқабына айналды, бірақ нәтиже жоспарланғандай болмады. Мақта отырғызылған жер көлемінің шектен тыс өсуіне қарамастан, большевиктер мақта талшығын өздері «жоспарлағандай» көлемде ала алмады. Мақта жинауда небір қатаң шаралар қолданылды. Бұрын бізде мақтадан көйлектердің небір түрлері, көрпелер тігіліп, енді біраз бөлігі әр түрлі қолөнер бұйымдарын жасауға қалдырылатын. Ал Кеңес үкіметі тұрғындардан мақтаны түгелдей жинап алуға жарлық берді. Мысалы, Ташкентте үй қажетіне деп 5 кг мақта алып қалған адамдарды атуға дейін барған. «Социалистік меншікті ұрлағаны» үшін атылып кетуден қорыққан халық үй жағдайында мақтадан ешқандай бұйым жасамайтын болды. Кеңес үкіметі «жоспарланған» мөлшерде мақта жинай алмады: халық наразылық көрсетті. Колхозшы-мақташы, мақта жинаушы әйелдер мен балалар, мақтаны өңдеу орындарына тасымалдаушылар да, заводтағы мақта қабылдаушылар да – барлығы кедергілер жасап жатты. Ташкенттегі партиялық басшылық тарапынан да қарсылық болып жатты. Ол жақтан, Ташкенттен, әуелі «жоспарлы нұсқаулар» беріліп жатса, екінші жағынан, бұл нұсқаудан кейін «құпия түсініктемелер» де келіп жететін. «Жоспарлы нұсқаулар» бойынша егістіктің көлеміне байланысты талаптар орындалып, «құпия түсініктемелер» бойынша егістікті су алып кететін немесе, керісінше, жеткілікті дәрежеде суарылмады. Мақтаны тазалайтын заводтардың қоймаларында мақта ашық аспан астында суда қалып, шіріп, бүлініп жатты (мүмкін қалқа жасауға қажетті зат жетіспеген болар).

Түрксіб арқылы ешқандай астық, нан жеткізілмеді. Не қымбаты, не арзаны. Өзінде нан өндірілмейтін. Түркістанда аштық басталды. Жағдай тығырыққа тірелгендей болды: үкімет «жоспарланған» мақтаны алмаған соң, тұрғындарға «жоспарланған мөлшерде» Сібір астығы, нан жеткізбеді. Тығырықтан шығар жол табу керек болды. Міне, осы кезде большевиктер ақылға келіп, каналдарды тазалап, жөндеуге кірісті және каналдардың өзара байланысу жүйесі бойынша бірнеше жекелеген каналдарды біріктірді. Осылайша атақты «Үлкен Ферғана каналы» және Түрікменстан мен Өзбекстандағы басқа да бірнеше каналдар пайда болды. Бұл жұмыстарды жүргізуде ерекше ықылас танытқан кеңес үкіметі емес, өздерінің, отбасының тамағын ойлаған сол жердің халқы, колхозшылар.

– Мен – байырғы мақташымын, – дейді жасы 50-лер шамасындағы «азаматтық тұтқын».  – Басында бірнеше гектар жердің иесі едім, ол жерге өз күшіммен тұқым себетінмін. Бір жылы болған сәтсіздіктен кейін, ірі мақта фирмасының тырнағына түсіп қалдым. Қарызға баттым, өтеуіне жерімді саудалап, сатып жіберді. Сол жерімнің құнын өтеу үшін фирмада жалдамалы жұмысшы болып жұмыс істей бастадым. Революция келді. Мен және мен сияқтылар өздерінің ұлтарақтай жерлерін қайтарып аламыз деген үмітте болды. Бекер үміттену. Большевиктердің берген кереметтей уәделерінің соңы небір сұмдық, былық істерге ұласты. Байлардың жерлерін тартып алып, кедейлерге үлестірді. Бұдан соң «колхоз» дегенді ойлап тауып, оған күштеп енгізді. Ол колхоздарға «өз еркімізбен» қалай кіргенімізді де байқамай қалдық. Кейінірек, бізге ол колхоздарға ену ия болмаса шығу – өз еркімізде екенін, бірақ колхозға өз еркімізбен кірмесек, жерімізді тартып алатынын және жұмыс істеу құқығынан айырылатынымызды ескертті. Әрине, «өз еркімізбен» колхозшы болуымызға тура келді...

Орыс банктері, фирмалары және олардың делдалдары бұдан бұрын да біздерге жақсылық істеді деп айта алмаймын. Өте жаман болды. Бірақ кеңестік колхоздар, ондағы тәртіп тіпті нашар болды. Бұрын міндетін атқармаған жағдайда, яғни қарызын өтей алмаса жерінен айырылып, жеке меншік иесінің жалдамалы жұмысшысына айналатын. Ал қазір, «кеңестік ұжмақ» заманында мен азатпын ба? Өз жерімнің иесі бола алдым ба? Түк те.

Енді мен – кеңес мемлекетінің меншігімін, москвалық большевиктердің бұйрығын, айтқанын орындауға міндеттімін. Олардың маған берген тапсырмаларын, жүктелген міндеттерін атқармасам немесе олар белгілеген «кеңестік тәртіпті» сәл де болса бұзатын болсам, түрмеге қамап, кәнігі бір күнәлі қылмыскер сияқты соттап, жанұямның, жақындарымның, жолдастарымның соңына түседі, оларды атпаған күннің өзінде алыс жерлерге жер аударады.

– Менің тұтқынға қалай түскенімді білесіздер ме, – деп сөзін жалғастырды осы «азаматтық тұтқын» (Ферғананың өзбегі). – Мен өзіме жүктелген «жоспардағы» көрсеткіштен өнімді 1 центнерге кем және екі күнге кешіктіріп өткізген едім. Екі балам қызылшамен ауырып қалды. Әйелім олармен үйде болды, сөйтіп, мақта жинау кезінде не әйелім, не балаларым маған көмектесе алмады. Жеке меншігімде шамалы жерім болатын (0,15 га),оған мен бау-бақша отырғызған едім. Осындай жағдайлар себеп болып, мен әрине, «жоспарланған тапсырмаларды» орындай алмадым. Маған 3 жыл ықтиярсыз жұмыс істеуге үкім шығарды. Бір жарым жылдай солтүстік жақта жұмыс істедім, сонан кейін мені басқалармен бірге герман шекарасына жіберді, сол жақта жол салу жұмысында жүріп, тұтқынға түстім.

Жанұям жайлы еш нәрсе де білмеймін. Түгелдей опат болды ма, әлде «халық жауының» жанұясы ретінде оларды да жер аударды ма екен...

Осы сөздерді айтып тұрған тұтқынның көз жасы бетін жуып кетті.

– Қарғыс атқыр орыс большевиктері. Олар қашан жер бетінен жоғалар екен. Қайтадан өзімнің Ферғанамды, өз жерімді, жанұямды көрер күн туар ма екен, – дейді көз жасын жұта сөйлеп, Германияның тұтқынына айналған, большевиктік мейірімсіз билеушілердің бейшара құрбаны.

Менің алдыма ұзыннан-ұзақ қатарға тұрып алған түркістандық әскери тұтқындардың бірі екіншісін толықтыра айтқан әңгімелері туған елдің басынан  өткен қайғылы көрінісін көз алдыңа әкеледі.

Түркістанды азат ету жолында 20 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс жасап жүрген біздер үшін түркістандық тұтқындардың баяндап бергендері жаңалық емес. Бұған көз жеткізу үшін 1939 жылдың тамыз айының соңына дейін Берлинде он жыл бойы шығып келген біздің журналымыздың бірнеше санын оқып шығудың өзі жетіп жатыр. Мұндағы жаңалық сол: кеңестік үкіметтің жалған іс-әрекеттерінің бетін әшкерелейтін айғақ – Түркістан туралы шындықтың болуы, оны түркістандықтардың өздерінің баяндап отырғандығы. Москвалық большевиктер және олардың әр түрлі елдердегі ерікті және жалдамалы тыңшылары Кремль жендеттерінің барлық қылмысты істерін жасырумен болды.

Қорыта айтқанда, Орта Азияның, оның шеткері аймақтарындағы халық орыстық большевизмді кінәлап, лағнет айтуда, олар орыс билігінің барлық түріне кектене қарайды. Жаңадан дамып келе жатқан, коммунистік еліктеуден ада, тойынған капиталистік буржуазияға еліктемейтін Еуропаның өзінде орыстың большевизмін халықты тапқа бөлетін социализмнің айқын түрі деген айып тағуда. Бұл жерде менің әскери тұтқындардың айтқандарына ерекше мән беріп отырған себебім де жоғарыда берілген «бағаны» дәлелдей түсу мақсатында болып отыр.

Түркістандықтар енді кімге қарсы күресетінімізді және бұл күресте кімдермен бірге болуымыз керектігін реті келген жердің бәрінде: Ертіс пен Оралдан, Ферғана аңғарынан, Тянь-Шань тауының құздары мен Қарақұмның құмынан, кең-байтақ Түркістанның түкпір-түкпірінен бір ғана тілде, халықтың ымырасыз өшпенділік тілінде айтуда.

Мұстафа Шоқай.

CARTON II. Dossier 2. P. 1–9. Көшірме. Машинкалық жазба. Орыс тілі.

Орыс тілінен аударған Алқия Рахымбаева.

ТҮЙІН

Берілген мақала «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Мұстафа Шоқай. Эпистолярлық мұрасы» атты екі томдық кітапта басылған Мұстафа Шоқайдың мұраларынан алынған хаттар. Жарияланып отырған осы құжаттарды шағатай тілін меңгерген өлкетаушы-зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ә. Әбіласан аударған. Құжат сол кездегі Мұстафа Шоқайдың және сол сияқты шетелде жүрген түркі халықтары интеллигенциясының артта қалған, кеңестік үкіметтің қолында қалған ел-жұртының жағдайы туралы толғаныстарын білдіреді.

____________________________________________

 

РЕЗЮМЕ

Публикуемые два письма из сборника «Мустафа Шокай. Эпистолярное наследие» в 2-х томах о политических взглядах тюрской интеллигенции, живших в свое время за рубежом. Письма с шагатайского языка на казахский перевел краевед-исследователь, член Союза писателей Казахстана А. Абиласан.

SUMMARY

The two published letters are from the collection named “Mustafa Shokai. The epistolary heritage” in two volumes on the political views of the Turkic intelligentsia who lived in their times abroad. The letters in the Chagatai language were translated into Kazakh by the region-study researcher, member of the Writers’ Union of Kazakhstan A.Abilasan.

 


[1] Астын сызған М. Шоқай, бұдан әрі де солай.

  • Қазақша
  • Русский
  • English

Реклама

Уважаемые читатели журнала «Туған Өлке» (Родной край)!

Объявляется подписка на электронную версию единственного в Казахстане историко-краеведческого и архивного  журнала «Туған Өлке» (Родной край).


В издательстве Ұш-Қиян вышла книга Современное документирование и документооборот в Казахстане"

узнать подробнее>>

Голосования

Какой информации не хватает на сайте?
 

Счетчик посещений


mod_vvisit_counterСегодня8
mod_vvisit_counterВчера40
mod_vvisit_counterНа этой неделе287
mod_vvisit_counterНа прошлой неделе517
mod_vvisit_counterВ этом месяце1477
mod_vvisit_counterВ прошлом месяце2164
mod_vvisit_counterВсего240999

Онлайн (20 минут спустя): 1
ВашIP: 54.196.127.107
,
Сегодня: 2017-11-25